Әлем • 14 Тамыз, 2019

Ресейде оқ-дәрі қоймасы жарылды

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

5 тамызда жергілікті уақыт бойынша 16:40-та Ресейдің Краснояр өлкесіне қарасты Ачинск ауданындағы зымырандар мен артиллериялық оқ-дәрілер сақталған әскери қоймада өрт шығып, жарылыс болды, деп хабарлады РИА Новости агенттігі. Жарылыс 9 тамыз күні қайталанды. 32 адам зардап шеккен. Төтенше жағдайлар министрлігі әскери қоймаға жақын орналасқан Каменка ауылындағы үйлердің шатыры құлап, зақымданғанын мәлімдеді.

Ресейде оқ-дәрі қоймасы жарылды

Алғашқы күні 40 000 оқ-дәрі сақталған екі қойманың өртенгені белгілі болды. Жа­рылған снаряд ұшқындары 15 шақырым аймақты шарпып өткен. Оқиға орнына жақын орналасқан Каменка, Заворки, Малый Улуй, Ключи, Сосновый бор ауылдары мен балалар демалып жатқан «Сокол» лагерінен 2,7 мың адам көшірілген. Мыңға жуық адам оқиға орнынан өз бетімен көшкен. Төтенше жағдайлар қызметі өртті тек 6 тамызда сөндіре алды, 12 адамның жапа шеккенін мәлімдеді. Бір адам көз жұмған, тағы бір адам із-түзсіз жоғалған.

9 тамыз күні қоймада екінші жарылыс болды. Төтенше жағдайлар комитетінің ақпа­ратына сүйенсек, 18 адам жа­рақат алған, олардың 4-еуі жауынгер. Екінші детонацияға қоймаға түскен найзағай себеп болған. Аймақтың баспасөз қызметі жарылыстың қойма маңын минадан тазалау ке­зінде болғанын мәлімдеді. Сол күні Каменка тұрғындары Малиновка ауылына көшірілді.

Қазіргі кезде облыс бо­йынша Ачинск тұрғындарын қабылдайтын 30 орталық жұмыс істейді. 800-ден астам азаматқа материалдық көмек керек. Ачинск пен Назаров аудан­дарында төтенше жағдай режімі белгіленген. Аймақтағы «Русала» комбинаты жұмысын тоқтатқан.

Ауылдардағы иесіз қалған үйлерді 100-ге жуық полиция қызметкері күзетіп жатыр. Тілсіз жауды сөндіруге өрт бронды техникасы мен екі арнайы өрт пойызы жіберілген. Төтенше жағдайды реттеуге жалпы есеппен 153 адам мен 51 техника жұмылдырылған. 

Ауыл тұрғындары хабарды естігенде абдырап қал­ға­нын жасырмады. Халық алғашқы дыбыстарын ести сала, ресми деректі күтпестен, жолға шығып, оқиға орнынан өз еркімен кете бастаған. Халықтың көптігінен 400-500 метрдегі ауылдарға 2 са­ғатта жеткен. Жанармай бе­кеттерінде жанармай бітіп, кейбір бекеттер Ачинск тұр­ғындарына бензин сатпай қойған. Дүкендерде ауыз су санаулы сағаттарда сатылып кеткен. Кешкі сегіздер шамасында эвакуация туралы хабар келіп, ауылдағы дүкендердің қасына жиналу тапсырылған. Ресейлік ақпарат құралдарына сүйенсек, бірінші күні ауыл тұрғындары  оқиға орнынан толықтай көшірілмеген.