Аймақтар • 14 Тамыз, 2019

Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тағдыры талқыланды

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігі мен  Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Әйелдер мәселесі жөніндегі комитеттің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі әйелдер мәселесіне арналған «Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты дамуы күн тәртібіндегі мүмкіндігі шектеулі әйелдердің құқықтары мен мүдделерін ескеру; Орталық Азия елдерінің тәжірибесі мен перспективалары» деген тақырыпта Халықаралық конференция өтіп жатыр.

Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тағдыры талқыланды

Бұл конференцияға  республикамыздың барлық аймақтарындағы мүмкіндігі шектеулі әйелдердің қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен қатар, Түркіменстан, Қырғызстан, Ресей, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері де қатысып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Конференция қалалық мәслихат депутаты Ләззат Қалтаева жетекшілік ететін «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер қоғамының ұйытқы болуымен ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.    

Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер ісі, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Назира Тоғызбаева конференцияға қатысушыларға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жолдаған құттықтауын жеткізумен бастады. Онда қала әкімі Алматының әлемдік деңгейдегі басқосулар алаңы екенін айта келіп, Қазақстанда гендерлік саясат, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын, соңғы уақытта елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың да қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. Бұдан соң Экономикалық және әлеуметтік комиссияның Солтүстік және Орта Азияға арналған субаймақтық бөлімінің өкілі Николай Помощников, БҰҰ- ның Қазақстандағы өкілі Гүлнар Смайылова, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Ғазиза Молдағұлова, Финляндияның «Kynnus» ассоциациясының жетекшісі Веера Песала сөз алып, өткізіліп отырған конференцияның мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге жаңа бір мүмкіндіктер жолын ашатын басқосу болатындығын атап өтті. Бүгінде дүниежүзі бойынша бір миллиардтан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар болса, соның әрбір бесіншісі нәзік жандылар көрінеді. Бүгін өтіп жатқан конференция өз жұмысын секциялар бойынша жалғастырып жатыр.

Естеріңізде болса, Қазақстан, 2015 жылы БҰҰ-ның Мүгедектер туралы Конвенциясын ратификациялады.    Біздің елде мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау және тұрмыс сапасын жақсарту туралы 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспардың 1 кезеңі орындалды. Қазір осы құжаттың 2 кезеңі бекітілуге ұсынылды.

Қазір Алматыда 43 мыңға жуық мүгедек өмір сүреді. Олардың 23 мыңдайы жұмыс істеуге қабілетті жаста. Бірақ солай бола тұра, өкінішке қарай, олардың тек 5 мыңнан сәл астамы ғана жұмыспен қамтылған. Қалған 18 мыңдай адам жұмыссыз жүр. 

«Қазір қала әкімдігі деңгейінде мү­ге­дектерді жұмыспен қамтуға қатысты бір­қатар жаңа жобалар қолға алынған. Біз Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіпкерлерге арнап, арнайы жадынама шығардық. Онда егер мүгедек жұмыс іздеп келсе, кәсіпкердің не істеу керектігі туралы жан-жақты жазылған.   «Мүгедектер құқығы туралы Конвенцияны жүзеге асыру және оған қатысты мониторинг жүргізуде азаматтық қоғам маңызды рөл атқарады. Жұртшылықтың қатысуы конвенцияның негізі болып табылады» дейді осы жобаның менеджері Ләззат Қалтаева.  
Бұл шара «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқын қорғау және алға жылжыту үшін ұлттық құқық қорғау институттарының мүмкіндіктерін нығайту» әлеуметтік жобасы және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен   өтіп жатыр.

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар