Қоғам • 15 Тамыз, 2019

Қоғамдық құндылықтар – қозғаушы күш

63860 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адам өмірін қоғамсыз елестету қиын. Өркениетті қоғамда кез кел­ген жеке тұлға өзін қоршаған ортаның талаптары мен тәртіп­терін сақтай отырып, түрлі игіліктерге қол жеткізе алады. Сон­дықтан адамдар бірлігі қоғамды ұдайы алға жетелеп отыра­тын, даму мен табыстың негізі саналатын құндылықтар бо­лады. Біздің қоғамда қандай құндылықтар қозғаушы күшке ие?

Қоғамдық құндылықтар –  қозғаушы күш

Басты құндылық – отбасы

Бір мақсат, бір мүдде үшін адам­дар­дың бірлесіп өмір сүруі, яғни қоғам болып үйлесуі рухани және мате­риалдық құн­ды­лықтарға негізделеді. Адам­гершіліктің өлшемі саналатын рухани құндылықтарға отбасы, махаббат, достық, өзін өзі тану, дін, дәстүр жатады. Ал үй, жақсы жұмыс, қаржылық ер­кіндік сияқты материалдық игі­ліктер тұлғаның әлеуметтік мәр­тебесін қа­лыптастырады. Сон­дай-ақ бостандық, адамның қа­дір-қасиеті, теңдік және ынты­мақтастық, демократия және заңның үстемдігі – қо­ғамның маңызды құндылықтары.

Адамдардың құндылықтары мен сенімдерін, тұрақтылығы мен уақыт өткен сайынғы өзге­ріс­­терін және олар­дың әлемнің түр­лі елдеріндегі қоғамның әлеу­меттік және саяси дамуына ық­палын зерттейтін «Әлемдік құн­дылықтарға шолу» (World Values Sur­vey) атты жаһандық жоба бар. Бұл – әлеу­меттік ғы­­лым­дар бойынша әлем­дегі ең ау­қымқы зерттеу бағдар­­лама­сы. Жоба бо­йынша дүние жүзі­­нің 110 елінде орналас­қан 200-ден аса ғылыми және зерт­теу ұйымдары­ның әлеу­мет­та­­нушылары, саясат­тану­шылары, зерттеушілері және ға­лым­дары жұ­мыс істейді. Бағдар­лама шең­берінде 1981 жылдан бас­­тап әлем халқының 92%-ы тұ­ратын 110 елде жаппай сауал­дама жүргізі­ліп келеді. Атал­ған жаһандық жоба­ның аясында Қазақстанда екі рет сауал­­дама жүргізілген. Соның бірін «Қоғам­дық пікір» зерт­теу инс­титуты ұйым­дастыр­ды. Бұл ту­ралы бізге аталған инс­титут­тың директоры, әлеу­мет­тану ғы­лым­дарының кандидаты Ботагөз Рақышева айтып берді.

World Values Survey жаһан­дық зерттеу жобасы бойынша жүр­гізілген алғашқы сауалдама 2011-2014 жылдарды қамты­ған. Оның нәтижесінде қазақ­стан­дықтардың 92,4%-ы басты құн­дылық ретінде отбасын алға қой­ған. Одан кейін жұмыс, достар, бос уақыт, дін және соңынан сая­сат маңызды деп есептейді.

Бұл көрсеткіштердің аса көп өзгер­мегенін 2018 жыл­ғы екінші сауалда­ма­дан байқауға болады. Соңғы сауал­да­маға елдің 18 жастан асқан азаматтары қатысты. Қала мен ауыл тұр­ғын­дары теңдей қатысқан зерттеу ел бойынша репрезентативті деректер алуға мүмкіндік берді. Оларды ірік­теу әр облыстың әлеуметтік-демо­гра­фиялық сипатын көрсетеді. Жалпы респонденттердің саны – 1200 адам.

Алдыңғы сауалдамамен­ салыстыр­ғанда, отбасын бас­ты құндылық ретінде баға­лағандардың үлесі 93,5%-ға артқан. Жұмысын маңызды санайтындардың көрсеткіші 61,9%-дан 49,2%-ға түс­кен. Үшінші орында достардың ма­ңыздылығы 4,6%-ға, одан кейін бос уақыт 6,8%-ға ке­міген. Ал дінге ерекше мән бе­ретіндердің үлесі 21,5%-дан 28,7%-ға кө­бей­ген. 13,5% көрсеткішпен соңғы орынға саясат түсті.

Қазақстанда 2018 жылдан бастап­ құндылықтарды жүйелі зерттеумен Ф.Эберт атындағы неміс қоры айналысып жатыр. Бұл қор «Қазақстандықтардың құндылықтар жүйесі» ат­ты жо­баға бірқатар әлеу­мет­танушы мен зерттеушіні бі­ріктірді. Қа­зақстан қоға­мының құнды­лықтары мен ұстанымдары кең көлемде зерттелген аталған жұ­мыстың нәтижесі баяндалатын конференция мен кітаптың тұ­саукесері жақын арада өтеді. Бұл жобаға «Қоғамдық пікір» зерт­теу институты белсенді қатысты.

– Қоғамның игілікке ұм­ты­лып, алға жылжуы үшін дәстүр­лі құндылықтар мен жаңғырған құндылықтардың тепе-теңдігін сақтау қажет. Мәселен, отба­сы, ата-аналар мен балалар ара­сындағы байланыс, үл­­­­кен­ге құрмет, тағы басқа құн­дылықтар мен бәсекеге қа­білеттілік, шет тілдерін мең­геру, инно­ва­­циялық ойлау сияқты қа­сиеттерді қатар алып жү­ру керек. Жаһандану үде­рістерінен қалыс қалмайтын Қа­зақ­станда түрлі этномәдени бір­­лестіктер арасындағы өзара іс-қимыл күшейіп, қо­ғамға жаңа құндылықтар әкел­ді. Бұл жерде әртүрлі мә­дениеттің қатар өмір сүруін, олардың өз­ара ықпал етуін, бір-бірін толықтыруын сақ­тау маңызды. Кез келген қо­ғам үшін адам­гершілік ұс­­та­нымдарды қа­лып­тас­ты­ратын отбасылық құнды­лық­тар ешқашан ескір­мей­ді, бірақ олар өзгеруі мүм­кін. Экономикалық, сая­си, әлеу­меттік және рухани саладағы үлкен өзгерістер от­ба­сылық қа­тынастар институты­на ық­палын тигізеді. Бүгінгі таң­да гендерлік саясатқа мән беріліп, дәстүрлі некемен қа­тар некенің жаңа формалары да пайда болуда. Көптеген мемлекет ресми түрде біржы­нысты некені мойындайды. Осының барлығы отба­сы институтының, оның құн­­дылықтарының, ұс­та­ным­дарының өзгеруіне алып келеді, – дейді Ботагөз Рақы­шева.

Отбасы – тұлғаның қа­лып­­тасуында ең маңызды құндылық. Бұл құндылық дәс­түр мен ұс­танымдарын сақ­тай отырып, екінші жа­ғынан жаңғырту үде­ріс­те­ріне үйлесу керек-ақ. Қа­зір қо­ғамда отбасының жаңа фор­маты, ерлер мен әйел­дердің жаңа рөлі, жаңа нормалар мен ережелер қызу тал­қыланып жатыр. Отбасы инс­титутының болашағы қалай болмақ, қо­ғам­ның қандай форматтары өз­гермейді, қа­зіргі қоғамға қа­лай бейім­делу керек, қандай дәс­түрлі құн­дылықтарды сақтау ма­ңызды? Осы сұрақтарға жауап іздеу бүгінгі таңда өте өзекті болып тұр.

Жастар материалдық игілікке ұмтылады

Заман өзгерген сайын адам­­дар­дың қажеттілігіне қарай жалпы құн­ды­лықтар да ауы­сып жатыр. Қазір жұрт­­тың кө­бінің бақытты өмірдің мәні мате­риалдық игіліктерге қол жет­кізу деп білетіні белгілі. Әсі­ресе мұндай көзқарастағы жастар көптеп кездеседі. Олар өз ден­саулығына, қоршаған ортаның бү­тіндігіне, әлеу­меттік мәселелерге аса бас қа­тыра бер­мейді. Жастардың дені бай­лыққа жетелер жолды басты бағ­дары етіп алған. Бұл ойды «Жастар» ғылыми-зерт­теу орта­лығының же­тек­­ші сарапшысы Аида Сыз­­дықованың келтірген дерек­тері нақтылай түсті.

Аталған орталық арнайы зерттеу жүргізіп, жастар арасында «Өзіңізді болашақта қа­лай елестетесіз?» сұраққа жа­уап іздеген. Сауалдаманың нәтижесі жастар үшін мате­риалдық құндылықтар ал­дың­ғы қатарда екенін көр­сетті. Рес­понденттердің 44,5%-ы ең алды­мен мате­риал­­дық тұрғыда тәуелсіз бол­ғы­сы келетінін айт­қан. Тек 37,8%-ы ғана бола­шақта жақ­сы отағасы-ошақбасы болуды қалайды екен. Яғни, жастардың басым бөлігі бі­рін­ші орынға материалдық құн­дылықтарды қойып отыр де­генді аңғартады. Сон­дай-ақ жауап берген жас­­тар­дың 28,3%-ы келешекте өз елінің лайық­ты азаматтары болуға ниеттенсе, тағы 27,6%-ы өздерін кә­сіби білікті қыз­меткерлер ретінде көреді. Бұған қоса адал, өз ұс­танымынан айнымаймын дей­тін жастардың үлесі 13,9% бол­са, та­нымалдыққа ұмты­ла­­тындар 5,9%-ды құраған.

Оған қоса жастардан өмір­­дің басты құндылығын сұраған та­ғы бір сауалдама алыныпты. Бірақ бұл сұраққа жауап берген жастардың кө­бі отбасын алдыңғы қа­тарға шығарыпты. Олар­дың үлесі – 86%. Екінші орын­да жастардың 59,7%-ы­ денсаулыққа ерекше кө­ңіл бөледі екен. Үшінші құн­­дылық – достар. Яғни, 30,7% жас­тар үшін жанында мүдделес адам­дардың болуы өте маңызды. Атал­ған үштіктен басқа жастар құндылықтарының жү­йесіне балаларының бо­лашағы, білім, мансап, ақша, материалдық игі­лік кірді. Көрсеткіштің ең төменгі қатарына сенім, кәсі­билік және дәстүрлер жайғасты.

– Бұрынғы замандарда халқымыз ұрпақтан ұрпақ­қа мұра ретінде қалды­рып, отба­сылық, ұлттық құнды­лық­тар­ды дәріптесе, Кеңес өкі­меті кезінде «біртұтас еңбек қоғамы» құн­дылығы халық санасына жасанды түрде таңылған. Алайда Ке­ңес өкіметі құлдыраған соң белгісіздік кезеңі келіп, көп­ші­ліктің бір мезгілде өмір туралы түсінігі өзгерді, бей­­таныс әлем­ге бет бұр­ды. Жаңа әлемде ұлт­тық құн­дылықтарымыз бір­тін­деп материалдық түсі­нік­термен ауыса бастады. Қазір­гі таңдағы материалдық зат­тардың құндылық қатарына енуіне капиталистік қоғамның ақшалай өлшемі негіз болды. Мы­салы, жаңа заман адамдары жұмыс істеуге емес, ақша табуға ұмтылады. Дәл осы себеппен жыл сайын лотерея, букмекерлік ұтыстар тігу, есеп­тік некелер сияқты оңай табысқа жету жолдарына түскен адамдар саны ар­тып келеді. Осы орай­да­ жас­тардың құндылық ұс­танымдарын зерттеу ерек­ше маңызды. Өйткені жас кезінде қалыптасқан құндылық бағ­дарлары жеке тұлғаның бел­сенді ұстанымын, өзін-өзі тану және дүниетанымды қа­лып­­тастыру үшін өте қажет, – дейді Аида Сыздықова.

Уақыт алға озып, заман өз­гер­ге­німен, адамдар әлім­­сақ­тан бойына сіңген, бол­мыс-біті­мімен астасқан адам­гершілік қасиет­терден айнымау керек. Жаһандану дәуі­рі қалың жұрт­тың қа­мын ойлағаннан, қара­қан басы­ның күйін күйт­теуді жөн көретіндердің қата­рын кө­бейткені рас. Бірақ мұн­дай жағдайлар қашаннан қа­­лып­­тасқан құндылықтарды құл­­ды­ра­ту­ға, күйретпеуге тиіс. Қоғам – бізді қор­шаған ор­та. Ол ортаның жай­лы өмір сү­руіңе, өсіп-өнуі­ңе қолайлы бол­мағын кім қала­майды?! Сондықтан кез келген азамат қоғамның бір мүшесі ретінде айналасының аялы, жанға саялы болуы­на мүдделі. Қара­пайым мысал, ауланы жинап-сыпыруды әкімдікке мін­деттеп, қол қусырып отыр­­ғаннан, тұрғындар таза­лыққа немқұрайлы қара­май, жауап­кершілікті сезін­гені абзал. Көп­шіліктің бір-біріне ілтипат көр­сетіп, ізетті, қайырымды болуы бірлігімізді бекітіп, береке­міз­ді кіргізеді. Ізгілікті қоғам құру – ілгері жылжудың кепілі.