Ұлттық сананы жаңғырту
Иә, біз әңгімелеп отырған медресе-мешітте бүгінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл игі іс Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан кейін белсенді жүргізіле бастаған болатын. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екенін атап өткен Елбасы өз еңбегінде ұсынған нақты жобалар экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейтінін айтқан. Күні кеше облыста ұйымдастырылған «Тарихы терең Түркістан» атты ақпараттық турдың мақсаты да – өңірдегі киелі орындар тізіміне енген нысандарды таныстыру, насихаттау, танымалдылығын арттыру, ұлттық сананы жаңғырту және ішкі туризмді дамыту. Түркістан облысы бойынша 24 жалпыұлттық, 76 жергілікті маңызы бар, жалпы 100 қасиетті, киелі орын есепке алынған. Облыстағы киелі орындарды ретке келтіру, дамыту үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 686 млн теңгеге және демеушілердің 208,4 млн теңге қаржысына тиісті жұмыстар жүргізілген. Киелі нысандарға келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын және Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру, Үкаша ата кесенесіне баратын автокөлік жолын салу, автотұрақ және орындықтармен қамту, Аппақ ишан мешітінің шатырын ретке келтіру жұмыстары да қолға алынған. Сонымен қатар Отырар қалашығын туристік нысанға айналдыру мақсатында қалашық қақпасын қайта құру, іргелес аумағын абаттандыру, көгалдандыру жобасына облыстық бюджеттен 28,8 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.
Осы арада айта кететіні, облыста биылдың І жартыжылдығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттары бойынша 2200-ден аса іс-шара өткізіліп, 487 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Ал «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 62 жоба жүзеге асырылды. Елбасының: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», деген өнегелі сөзі негізге алына, әрбір азаматтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру, қамқорлығын күшейту, ысырапшылдықтың алдын алып, қайырымдылыққа бағыттау мақсатында іске асырыла бастаған «Алтын ұям» жобасы биыл да нәтижелі жалғасын тапты. Мысалы, Түркістан қаласы, Бәйдібек, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандарында бұрынғы жылдары мектеп бітірген түлектер демеушілігімен құны 20,6 млн теңгеден асатын қаражатқа көмекке мұқтаж 6 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді.
Мешіт қараусыз қалған еді...
Сөзіміздің басында айтқан Аппақ ишан мешіт-медресенің құрылысы ХІХ ғасырда басталып, ондаған жылдарға созылған. Тарихи деректерге қарағанда, ХІХ ғасырдың басында Шаян өңірін мекендеген жұрт өзара ақылдаса отырып, балалардың сауатын ашатын мешіт-медресе салу қажет деп шешеді. Осы мақсатта олар Түркістаннан ағайынды Қосым және Құлатай деген араб тілін жетік білетін, діндар азаматтарды шақыртқан. Сөйтіп жергілікті халық асарлатып Шаянға қам кірпіштен мешіт салады. Мешіт-медресе ашылғаны туралы хабар тез тарап, Қаратау, Теріскей, арысы Шу, Әулиеата өңірінің халқы балаларын оқытуға алып келе бастайды. Асарлатып салынған шағын мешіт уақыт өте тарлық етеді. Осыдан кейін ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қосымның баласы Сейдахмет еуропалық үлгідегі күйдірілген қыштан мешіт-медресенің құрылысын бастайды. 1830-1840 жылдары басталған кешен мешіт-медресе, 29 құжыра, азанхана, дәрісхана сияқты бірнеше бөліктен тұрған. Соңғы құрылысы 1906 жылы аяқталған мешіт-медресенің кейінгі тарихы ел аузында Аппақ ишан деген атпен танылған Сейдахметтің ұлы Аппақ мақсұммен тығыз байланысты. Әкелері Сейдахмет 1895 жылы өмірден өткен соң балалары атадан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша бала оқытуға көшеді. Алайда 1926 жылы Кеңес Одағында дін ұстануға тыйым салынып, қожа-молдалар қуғын-сүргінге ұшырайды. Осы саясаттың салдарынан Сейдахмет ұрпақтарының тоз-тозы шығып, Ташкент өңіріне бас сауғалауға мәжбүр болған. Ал мешіт-медресе жұмысын тоқтатқан. Деректерде заманында сопылық ағымды ұстанып, ғұлама атанған Аппақ ишанның 1930 жылы тұтқынға алынғаны айтылады. Сондай-ақ мұрағат мәліметтеріне қарағанда, Аппақ ишан 1931 жылы Ташкент түрмесінен Шымкенттегі абақтыға жеткізілген. Содан кейін Павлодар облысындағы түрмелердің біріне ауыстырылып, сол жылы 67 жасында бақилық болады. Шаян мешіт-медресесі сол отызыншы жылдардан елуінші жылдарға дейін ескіліктің қалдығы ретінде қараусыз қалған.
Атауы 2000 жылы Бәйдібек аудандық сәулет-көркем мұражайы болып өзгертілген Аппақ ишан мешіті Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарға сәйкес, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасына енген. Сол 2000 жылы аудандағы мекемелер асар әдісімен медресенің бөлмелерін қайта қалпына келтірді. Осы кезден бастап мұражай Бәйдібек ауданының тарихына қатысты жәдігерлермен толыға бастады. Мешіт-медресенің бүгінгі заманымызға жетуіне үлкен үлес қосқандардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков еді. Атеизм өршіп тұрған сексенінші жылдары осында Ө.Жәнібековтің бастамасымен «Көркем-сәулет кілем және кілемнен жасалынған бұйымдар» мұражайы ашылады. Осылайша Шаян мешіт-медресесі алғаш рет тарихи жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынды. Аталған нысанда реставрация жұмыстары 2017 жылы басталған. Мешіт төбесіндегі 35 күмбез қалпына келтірілген. Бірінен-бірі биіктеліп, сатыланып жасалынған күмбездер мешіт ішінде дыбыс күшейткіш міндетін атқарған. Мешіттің үстінде биіктігі 11,5 метрлік бас күмбезі бар. Өткен жылы 29 құжыраның барлығы жөнделіп, қазіргі таңда мешіттің, дәрісхананың ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жайнамаз – ең көне жәдігер
Мұражайдағы әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Халқымыздың ежелден тұрмыста қолданған заттары мен батырлардың жаугершілік заманда қолданған қарулары топтастырылған. Құжыралардың біріне этноауыл жасалып, киіз үй тігіліп, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін арнайы экспозициялық бөлме дайындалған. Сонымен қатар мұражай ішінде ауданның дамуына үлес қосқан азаматтарға арналған көрме бөлмелері бар. «Жалпы, мұражай он сегіз экспозициядан тұрады. Бастапқы есігі дәрісханадан басталады. Мұндағы кітапхана қорын Аппақ ишанның туыстары жинақтады. 2014 жылы абыз тұлғаның 150 жылдығына арналған жиында туыстары 40-қа жуық кітап өткізген болатын. Медреседе білім алған шәкірттердің пайдасына жараған кітаптар ескі шағатай, түрік тілінде түсірілген. Мұражайда сақталған ең құнды жәдігер – Аппақ ишан қолданған жайнамаз. Оны әжесі ХVIII ғасыр соңында, тықыр кілем әдісімен тоқыған. Жаратылыс кеңістігі бейнеленген қастерлі жайнамаздағы бейнелер жеті бөлім бойынша көрініс тапқан. Олар – жаннаттың сегіз есігі, бес парыз, кәлима, Нұх пайғамбар, рух әлемі, өмір тіршілігі, тозақтың жеті есігі. Бұл жайнамаз мұражайдағы ең көне жәдігердің бірі», дейді сәулет-көркем музейінің директоры Бақытжан Байсары. Біз жүзеге асырылып жатқан бағдарлама арқылы қол жеткізген жетістіктердің бірқатарына ғана тоқталдық. Жалпы, бағдарламаның 6 басымдығы негізге алынған 6 арнайы жоба бойынша өңірде атқарылған жұмыс аз емес және игі істер жалғасын табуда.
Түркістан облысы