Әлем • 16 Тамыз, 2019

Қазақстан тікелей инвестиция тартуға күш салып жатыр

351 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда The Washington Times газетіне журналист Л.Тодд Вудтың «Қазақстан тікелей инвестиция тартуға күш салып жатыр» деген мақаласы жарық көрді. Онда автор еліміздегі инвестициялық ахуал туралы, Астана халықаралық қаржы орталығы жөнінде өз көзқарасымен бөліскен. Осы орайда аталған мақаланы аударып, оқырманға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Қазақстан тікелей инвестиция  тартуға күш салып жатыр

Кез келген дамушы мемлекеттің қозғаушы күші – сырттан келетін тікелей инвестиция. Елдер инфрақұрылымды, адам капиталын дамытуға, тұрғындар үшін жайлы өмір қалыптастыратындай экономиканы өсіруге сыртқы капитал тартылмақ. Бұл үдеріс кей жағдайда мемлекеттің басқаруынан, заңның әлсіздігінен, жемқорлықтан туындайтын қиындыққа байланысты баяу жүреді.

Орталық Азия әлемдегі экономиканы дамытудың орталығы саналады. Өйткені Қытай жаңа Жібек жолын дамыту арқылы көп мүмкіншілікке жол ашып отыр. Әйтсе де, аймақтағы басқару институциялары, капиталдар нарығы, сот шығару және жүзеге асыру құрылымдары жақсаруы тиіс.

Аймақтағы негізгі мемлекет ретінде Қазақстан сыртқы тікелей инвестиция тартуға көп күш салып жатыр. Астана халықаралық қаржы орталығын (AIFC) іске қосу, инновациялық бизнес-хабты кірісті ұлғайту және жақсарту үшін шет­елдік капиталды тартуға күш-жігерді үй­лес­тіру үшін аянбай еңбек етіп, қа­зақ халқының өмір сүру деңгейін жақ­сар­тады.

Биыл және келер жылы «Эйр Астана», мұнай-газ алыбы «Қазмұнайгаз» жә­не Ұлттық теміржол компаниялары ак­ция­ларының бір бөлігі осы капитал нарығына салынбақ. Сондай-ақ Қазақ­стан мен аймақтың көптеген компаниялары IPO-ға енуді көздеп отыр.

АХҚО сонымен қатар Азиядағы ал­ғаш­қы ағылшындық сот және арби­траждық орталыққа ие. Қаржы орталығы дау-дамайды шешу үшін ағылшынның жалпы заңын қолданады және бұл процесті басқаруға Британияның үздік мамандарын, соның ішінде Англия мен Уэльстің бұрынғы Жоғарғы соты Лорд Гарри Вулфты жалдады.

«Қазақстан өзінің коммерциялық құқықтық жүйесін жоғары қоюға шешім қабылдады. 2015 жылы коммерциялық мәселелерді шешуге арналған Англия­ның бүкіл құқықтық жүйесін, ағылшынның жалпы заңын енгізді. Сондай-ақ кейбір ағылшын судьялары да келді», деп жазды Norway News.

Ағылшынның жалпыға бірдей заңына негізделген төрелік сот шетелдік инвесторларға Қазақстандағы ортаға сіңісіп кетуіне жағдай жасайды.

АХҚО заңдылықты, қаржы сек­то­рының инфрақұрылымын, заңнамалық базаны жетілдіру және шетелдік инвестицияларды қолдау арқылы қазақ­стандық жобаларға инвестицияны арт­тыруға бағытталған бірегей мін­деттеме жүктейді.

«Біз шетелдік инвестицияларды тарту экономиканы дамытып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа жұ­мыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін нақты түсінуіміз керек»,  деді Премьер-Министр Асқар Мамин 22 сәуірдегі Үкімет отырысында. FDI Intelligence-тің хабарлауынша, ел Үкіметі инвестицияларды тарту жөніндегі үйлестіру кеңесін құрып, Мамин мырзаны инвестициялық омбудсмен етіп тағайындады.

АХҚО-ның күн тәртібін талқылай отырып, Қаржы министрі Әлихан Смайы­лов: «Ұсынылған шаралар ин­вес­торларға инвестициялық субси­дияларды шоғырландыруға және тез қалыптастыруға, тікелей инвести­ция­лардың көлемін ұлғайту бойынша кешенді жұмыстарды бастауға мүм­кіндік береді. Үкіметтің келесі отырыстарының бірінде жаңа тәсілдер мен тиісті Жол карталарын іске асыру үшін барлық қажетті шаралардың толық тізімі ұсынылады», деді.

Үкімет сонымен қатар ішкі және халықаралық бизнес қоғамдастық көтерген кейбір заңның үстемдігі, жер­гілікті валютаның құбылмалылығы, ин­фра­құрылым және жер бөлу, салықтық қыл­мыс­тар мен көші-қонды реттеуге уәде берді, деп хабарлады FDI Intelli­gence.

«Біз келешекте өзгеше тәсілдермен, жаңа құрылымда белсенді жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл инвестициялар ғана емес, сонымен қатар экономикадағы жүйелік қиындықтарды жақсы түсінуге мүмкіндік береді», деді Қазақстандағы шетелдік инвесторлар қауымдастығы төрағасы және Еуропалық қайта құру және даму банкінің елдегі өкілі Агрис Прейманис.

Сондай-ақ Қазақстан үкіметі адам капиталын қолдау мақсатында білім саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Кез келген мемлекет жастарын заманауи экономиканы түсінуге тәрбиелеу арқылы дамиды.

Астана халықаралық қаржы орта­лы­ғы инвестициялық сауаттылықты арт­тыру мақсатында Қазақстанның ірі университеттерінде орталықтар ашып жатыр. Бұл бастама қаржы, инвес­тициялық және басқа салалардағы сарап­шылардың білімі мен практикалық дағдыларын дамытуға көмектеседі, деп хабарлайды The Astana Times.

АҚХО шетелдік инвесторлар үшін неліктен тартымды? Онда халықаралық стандарттарға негізделген тәуелсіз қаржылық реттеуді енгізген, бүкіл ай­мақ­тағы бұрын-соңды болмаған жеңіл­дік шарттары бар орталық, деп жазды In-Depth News.

Бұл оқиғалар қазақ әліпбиін кириллицадан латын қарпіне көшіру арқылы жаһандық байланысты жақсартуға күш салумен және АХҚО-ның ерекше географиялық жағдайымен біріктірілген кезде Қазақстанға шетелден капитал тартуға мүмкіндік береді.

Әлемдік күш Батыстан Шығысқа ауыс­қан келесі ғасырда Қазақстан жаһан­дық қаржы орталығы ретінде тиім­ділігін көруі тиіс.

Аударған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,