Үстіміздегі жылы Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына 85 жыл толады. Қазақ әдебиетінің қара шаңырағына баланатын іргелі ұжымның дара тұрар датасына орай қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілетінін жеткізген Бақытжан Сағынтаев, алыптардың ізі қалған қастерлі ғимаратты жөндеу үшін биыл жергілікті бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлінетінін айтты.
– Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған күннен бастап еліміздің мәдени астанасы болып саналатын қаламыздың рухани тыныс-тіршілігін бақылауда ұстап отырмын. Заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқандай, «Әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды». Сондықтан шығармашылықпен айналысатын тұлғаларына ұдайы назар аударып, тиісті жағдай жасау - өсер елдің белгісі. Қазақстан Жазушылар Одағының 85 жылдық мерейтойы лайықты деңгейде өтуіне әкімшілік мүмкіндігінше қолдау көрсетеді. Әдебиет ордасының 85 жылдық тарихынан сыр шертетін «Әдеби өмір шежіресі» және «Қазақстан жазушылары анықтамалығы» атты кітаптардың жарыққа шығуына да әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Жазушылар одағы тарапынан мың жылдық тарихтан тамыр тартатын ел жастарының рухани астанасы Алматы қаласының терең тарихын танытып, көпшілікке дәріптеу мақсатында 2020 жылы қаламызда халықаралық деңгейде «Алматы – еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби-жанрлық байқау өткізу туралы ұсыныс түскен болатын. Осы бір тәрбиелік, танымдық мәні зор шараны өздеріңізбен бірлесе отырып жоғары деңгейде өткізу үшін қажетті қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз. Келісіп пішкен тон келте болмайды», - дейді дана халқымыз. Осы қызметке келгеннен кейінгі арнайы кездесулерімнің алғашқыларының бірі өздеріңізбен өтіп отыр. Мәдениет пен руханияттың дамуы – менің әкім ретінде күн тәртібімнен түспейтін басты мәселелердің бірі. Осыған орай қаламызда жазушыларға қатысты қолға алған және алда атқармақ жоспарларымыз жөніндегі ойларымды өздеріңізбен бөлісуді жөн көріп отырмын, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Шаһар басшысы бұдан бөлек Жазушылар одағына қарасты «Қазақ әдебиеті» басылымының бүгінгі қиын материалдық жағдайын ескере отырып, әкімдік тарапынан мерейтойлық жылда газетке қаржылық көмек көрсетілетінін, Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы аясында Алматыда еңбек етіп, өміршең шығармаларын дүниеге әкелген және бүгінгі таңда да ел руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сөз зергерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы әлеуметтік-танымдық бейнероликтер циклын шығару туралы «Алматы» телеарнасына тапсырма бергенін айтты.
Ақын-жазушылардың, оның ішінде жас қаламгерлердің шығармашылық ұмтылысын арттыру мақсатында биылғы тамыз айынан бастап әкімдік ақын-жазушыларға арналған грант бөлетінін, бұл грантқа үміткерлерді анықтау ашық түрде және Жазушылар Одағы ұжымымен тікелей ақылдаса отырып жүзеге асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы–Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы негізінде театрларға арналған сценарийлер байқауын өткізуді ұсынды. «Ересектер мен балаларға арналған драматургиялық шығармаларды лайықты және ашық байқау нәтижесінде өздеріңіз іріктейсіз. Бұл – менің идеям. Егер менің осы ұсынысымды қолдасаңыздар 2020 жылдан бастап үздік шығармаларды сахналауға қаржы бөлетін боламыз»- деді Б. Сағынтаев.
Өз кезегінде ақын-жазушылар атынан сөз алған Марал Ысқақбай, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Қабдеш Жұмаділов, Есенғали Раушанов, Мұхтар Шаханов, Ахметжан Ашири, Темірхан Медетбек, Любовь Шашкова, Кәдірбек Сегізбаев, Иран-Ғайып Оразбаев, Рафаэль Низбеков сынды қаламгерлер әдебиеттің айналасындағы маңызды мәселелерді қаузап, ұсыныс тілектерін білдірді. Әкім назарына қаладағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы музейдің бүгінгі мүшкіл халі, айтыла-айтыла жауыр болған қаламақы мәселесі, шығармашылық Одақтардағы жастардың әлеуметтік жағдайын реттеу секілді ұсыныстар баяндалды. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен кең көлемде аталып өтілетін хакім Абайдың 175 жылдығының биік деңгейде өтуіне зор көңіл бөлінетінін алға тартты.
Басқосуды қорытындылаған Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет елдегі мәдени-рухани жағдайларды ілгерілетуге үлес қосып, игі істерге бастамашы болудан қаламгерлер қауымы да қалыс қалмайтынын жеткізді.
АЛМАТЫ