Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Бал арасы – табыс көзі

1140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Талдықорғаннан шалғайлау жатқан таулы өлкеде, теңіз деңгейінен 2 мың метрден жоғары жатқан Райымбек ауданында өндірілген азық-түліктің, ет пен сүттің, қымыздың дәмділігін айтпағанда, сапасы да өте жоғары. Көк құрағы келісіп, сан түрлі гүлдері көз жауын алған өңірде дайындалатын балды айтсаңызшы!..

Бал арасы – табыс көзі

Жалпы, бал арасы жарғаққанаттылар тобына жатады екен. Аралар топталып үлкен ұя болып тіршілік етеді. Әр ұяда бір ұрғашы аналық ара, бірнеше жүз еркек ара және жүз мыңға тарта «жұмысшы» ара болады. Рас, бал арасы табиғаттың таңғажайып бір құбылысы саналады. Ғылыми-зерттеулер бойынша араның балын ұзақ өмір сүрудің диетасы деп бағалаған. Оның емдік қасиеті өте жоғары. Бір сөзбен айтқанда, неше түрлі ауруға ем араның балы – табиғи дәрі-дәрмектің қайнар көзі.

 Райымбек ауданында бұрын сырттан келіп бал жинап кететіндерге таңдана қарап қана жүретін жергілікті тұрғындар да кейінгі жылдары омарта ұстауды кәсіп ете бастаған. Бұған шүкіршілік етіп жүрген жайымыз бар. Шын мәнінде халық таңғажайып тамаша табиғаттың ортасында отырып, соның игілігін өзі көрмесе, не болғаны?!

 Біз жолсапар барысында Сарыжаз ауылдық округіндегі бірнеше омарташының жұмысымен таныстық. Соның бірі Ердос Асановтай азаматтың омартасы. Тау етегін жағалай табиғаты көз тартар жерге келдік. Шөбі қара жер көрінбейтіндей қалың. Неше түрлі гүлдері самал желмен тербеле түседі. Батпақты деп аталатын көркем өңір болып шықты. Батпақтының дәл іргесінде жасыл шыршалары қаз-қатар тізілген әсем таулар менмұндалап тұр. Ердос бастаған бірнеше адам қаз-қатар тізілген ұялардың жанында өз істерімен алаңсыз айналысуда. «УАЗ» көлігінің ішіне орналастырылған арнайы қондырғының жанында бір адам араның балын шайқаумен айналысып тұр. Бір жерде от жағылып, түстік ас әзірленуде. Міне, араның балын жинау­шылар ауылының біз көрген тірлігі осындай. Ары-бері заулаған мыңдаған араның арасынан ептеп-септеп жүріп, Ердостың өзін суретке түсіріп үлгердік. Тәп-тәтті балдан дәм таттық. Тілімізді үйіріп әкетті.

– Ара балын жинаумен айналысып келе жатқаныма 8 жыл болды. Былтыр 40 литрлік ыдыспен 18 ыдыс бал жинадым. Биылғы жағдайымыз да жаман емес. Алғашқы маусымда 40 литрлік ыдыспен 14 ыдыс бал жинап үлгердік. Балаларым, жақындарым – белді көмекшілерім, – дейді омарташы Ердос жылы жымиып қойып.

 Омарташының 38 ұясы бар болып шықты. Оған карпатка деп аталатын аралар бал жинауда. Жас кезінде әкесі Хамит Асанов омарташылықпен айналысқан екен. Жалпы, бұл игілікті істі ауылдасы, көп жылдардан омарташылықпен айналысып келе жатқан Нұрдәулет Мәнжуовтан үйреніпті. Ерекең бүгінде елуді еңсеріп қалған. Кеңес кезінде түрлі шаруашылықтардың шаңырағы шайқала қоймаған тұста жүргізуші болған, басқа да түрлі іспен айналысқан. Қазіргі кәсібіне көңілі толады.

– Бал араның күзгі тамағын жұбайым Жаңыл дайындап береді. Ол негізі қанттан, түрлі қоспалардан әзірленеді. Қазір құр жүрмей, омарта ұстаудың жай-жапсарын ұрпағыма үйретіп келемін. Келешекте қолымдағы ауырлықты солар көтеретін болады,–дейді Ердос тағы да бір әңгімені алға тартып. Бәрекелді дестік. Бағасы жоғары, емдік қасиеті мол істі өмірлік нәсіп еткеннен артық не бар?!

Балын жинауды кәсіп еткен жан­дар­дың ісі ілгерілесін, деніне құдай қуат берсін дестік.

 

Қанат БІРЖАНСАЛ,

 журналист

 Алматы облысы,

Райымбек ауданы