Аймақтар • 20 Тамыз, 2019

Ұлы дала өрнектері

1071 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрме кеңістігінде көрермен назарына қазақ халқының кесте бұйымдарының және дәстүрлі әшекейлі белдіктердің үздік үлгілері ұсынылған. Мұндағы халық шығармашылығынан сыр шертетін туындылардың әрқайсысы өзіндік дара мәнге ие. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде мұражайдың алтын қорында сақталған бірегей қолөнер туындыларын қамтыған «Ұлы дала өрнектері» атты көрме ашылды.

Ұлы дала өрнектері

Орталық Азия көшпенді­лері­нің доңғалақты, тар ұр­шықты тоқыма белдігі мен киіз үйді ойлап табуы адамзат қызметінің машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, сәулет өне­рі секілді салаларының да­муына оң ықпал етті. Со­ны­­мен қатар көшпенділер өр­кениеті «сақ-аң стилі», гео­метриялық, полихромды стиль­­дерді қалыптастырған ежел­гі өнердің алтын бесігі. Көш­­пенділер мәдениеті дәс­түр­лерінің сабақтастығы қа­зақ ою-өрнегінде және ха­лық­тың қолданбалы өнерінде сақталған. 

– Қабырға кілемдер, түр­лі тұскиіздер ою-өрнек­тер­­дің және түстік шешім­дер­дің көптігімен баурайды. Ол отбасылық ошақ пен аман­дықтың белгісі. Тұс­киіз киіз үйдің басты­ ком­позициялық сәнді жабдығы. Кестеленген өрнектер тұмардың символ­дық мағынасына ие болды. Күрделі көп бөліктен тұ­ра­тын әшекейлі кілем ком­позицияларында тірі таби­ғаттың бейнелері ежелгі кос­могониялық мифтер­дің жаң­ғырықтары бар. Кес­теленген бұйымдардың сан алуан түр­лерінің ішінде зермен тігіл­ген төсек жапқыштар ерек­шеленеді. Олар өсімдік мә­не­ріндегі керемет алтын жіппен кестеленген. Жар­қы­ра­ған пайеткалардың бай әше­кейі бедерлілік өрнегін береді, қара барқыт фонында жа­рық пен көлеңкенің жылт-жылт еткен ойынын тудырады, – дейді музейдің қолөнер бөлімінің жетекшісі Гүлайым Жұмабекова.

Білікті шеберлердің қо­лы­­нан шыққан әшекейлі бел­діктердің басым бөлігі был­­ғарыдан жасалған. Олар кү­міс тілімдермен және асыл тас­тар­мен көмкерілген. Ежелгі на­ным-сенімде мұндай бел­дік­тер иелеріне денсаулық пен күш-қуат бе­реді деп саналған. Мұн­­дағы бір­ден өзіне баурай түсе­тін тұс­киіздердің ою-өрнек­ті сарындары мен полихром­ды гаммасында дала рухы есе­тін­дей.

 

АЛМАТЫ