Қазақстан • 22 Тамыз, 2019

Нұрлан Нығматулин: Nur Otan фракциясы жаңа тәсілмен жұмыс істейді

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Nur Otan» партиясы фракциясының алғашқы отырысын өткізді. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрлан Нығматулин: Nur Otan фракциясы жаңа тәсілмен жұмыс істейді

Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы өзінің твиттерінде: «Мәжілістегі Nur Otan партиясы фракциясының алғашқы отырысын өткіздім. Әріптестермен Елбасы Н.Ә.Назарбаев тапсырмаларын орындау жоспарын белгіледік. Басты мақсат-жұмыста жаңа тәсіл енгізу, халық мәселелерін шешу, сайлауалды бағдарламаны орындау,соның ішінде, заңдық қамтамасыз ету» - деп жазды.

«Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия Төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі фракцияның лауазымына Палата Спикері Нұрлан Нығматулинді ұсынған болатын.

Осыған орай, «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысында партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа өзіне зор сенім артқаны үшін алғыс білдірген Нұрлан Нығматулин фракциядағы барлық әріптестеріне қолдап дауыс бергені үшін рахметін айтып, бұл үлкен жауапкершілік екенін жеткізді.

Нұрлан Нығматулин нұротандық депутаттардың алдағы уақыттағы жұмысы туралы айта келе, фракция өзінің күш-жігерін, ең алдымен, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын, «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасы мен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының орындалуын бақылауға жұмылдыратынын атап өтті.

Баршаңыз жақсы білесіздер, еліміз даму жолында әрбір кезеңде, әрбір уақытта – «Нұр Отан» партиясына зор жауапкершілік жүктеліп келеді. Кеше ғана Нұрсұлтан Әбішұлы «Нұр Отан» партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында дамыған 30 елдің қатарына жету туралы тағы да атап өтті. Осы жолда партиямыздың алдында тұрған үлкен міндеттерге назар аударды. Сонымен бірге, партиямыздың Мәжілістегі фракциясы жұмысын күшейтуге ерекше көңіл бөлді, - деді Н. Нығматулин.

Алдағы уақытта фракция депутаттары Үкіметпен бірге партия тұғырнамасының әрбір тармағы қалай жүзеге асырылып жатқанын жете талдап, фракцияның қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың нақты мәселелерін шешуге назар аударатын болады. Фракция отырысында Н.Нығматулин әріптестерін заң шығару бастамасын белсенді пайдалануға шақырды. Депутаттық заң жобаларды әзірлеу барысында партия жанындағы Қоғамдық саясат институты өз үлесін қосады.

Сондай-ақ, депутаттық сауалдарды дайындау барысында алдымен сайлаушыларды толғандырған мәселелер, сонымен бірге партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға жете көңіл бөлінеді.

Тағы бір негізгі бағыт - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту. Осы бағытта озық тәжірибелерді ескере отырып, жүйелі жұмыстар жүргізіледі.

Елбасының экономикалық өсуді қамтамасыз етуге қатысты қойған міндеттерін табысты орындау үшін Н.Нығматулин экономика, әлеумет, бюджет, жастар саясаты, инновация және т.б. бағыттар бойынша Үкіметпен бірге жұмыс істейтін нақты депутаттарды бекітуді ұсынды.

Іс-шарада Үкіметпен өзара іс-қимыл туралы айтқан Нұрлан Нығматулин жұмыстың тәсілдері өзгеретінін айтты.

Мысалы, жаңа тәсіл бойынша Үкімет сағаттарында министрлердің салаға қатысты жалпы жұмыс жағдайы емес, нақты бір мемлекеттік бағдарламаның орындалуы баяндалып, атқарылған жұмыстар талқыланатын болады.

Нәтижесінде бағдарламаны іске асыруды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігі де қаралатыны айтылды.

Министрлердің барлығы біздің партиямыздың мүшелері «Үкімет сағаты» аясында ғана емес, «Nur Otan» партиясы фракциясының отырыстарында да есеп беруі керек», - деді Н. Нығматулин. Нұрлан Нығматулин депутаттарға әлеуметтік желілерді белсенді қолданып, сайлаушылармен тығыз байланыста болуға, заң шығарушылық жұмыстағы жаңалықтар туралы айтып, халықтың пікірлерін білуге және оны күнделікті жұмыста пайдалануға шақырды.

Бұдан былай фракция мүшелері де депутаттық төсбелгімен бірге партиялық төсбелгіні тағып жүретін болады.