Әлем • 23 Тамыз, 2019

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресей мен Қытайдың талабымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс отырысы өтеді. Оған Пентагонның 25 тамызда орта қашықтықтағы Tomahawk қанатты зымыранын сынау жоспары себеп болып отыр.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің  кезектен тыс отырысы өтеді

Калифорниядағы Сан-Николас штатынан ұшырылған қанатты зымыранға 1987 жылы КСРО мен АҚШ арасындағы Орта және қысқа қашықтықтағы ракеталарды жою туралы келісім бойынша тыйым салынған. Дегенмен екі ел арасындағы келісім биыл 2 тамызда тоқтады. Кезінде Михаил Горбачев пен Рональд Рейган қол қойған баллистикалық және қанатты ракеталарды жою туралы келісімді тоқтату ниетін алғаш болып АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп білдірді. 2018 жылдың 20 қазанында Ресей шарттарды сақтамады деген айып тағып, келісімді тоқтатуды мәлімдеді. АҚШ президентінің айтуынша, Ресейдің 9М729 зымыранын ұшыруы келісімдегі талаптарға қайшы. Одан кейін 23 қаңтарда Вашингтон өз шешімінің нақты екенін хабарлап, келісім 2 тамызда ресми түрде тоқтатылды. Талап бо­йынша 500 шақырымнан 5,5 мың шақырымға ұшатын зымыранды сынауға, өндіруге тыйым салынған.

Былай қарасаңыз, 2 тамыз­да тоқтаған келісімнің арты­нан 25 тамызда зымыран сынау АҚШ-тың алдын ала дайын­ды­ғын көрсеткендей. Ресей Феде­ра­циясының президенті Влади­мир Путин де бұған қатыс­ты күдігін жасырмады. Финлян­дия прези­дентімен кездесу нәти­жесінде өткен брифингте «АҚШ бұл ретте жеделдік танытты. Менің ойымша, олар дайын­дығын бізді айыптап, келісімді тоқтатпас бұрын бастап кеткен сыңайлы», деді ол. Сонымен бірге Ресей де әрекетсіз қалмайтынын жеткізді.

Дональд Трамптың бұл ше­ші­мі мен зымыранның ұшырылуын сынаушылар аз емес. Тіпті АҚШ-тың демократ-сенаторлары ракета сынауға қарсылығын білдіріп, президентке хат жолдады. Элизабет Уорен бастаған сенаторлар Ресеймен 2021 жылы аяқталатын келісімді ұзартуды да ұсынды. АҚШ конгресмендері Ресейдің әскери мүмкіндігі мен мемлекеттің ядролық жерасты қайықтарын ойлап тұрғандай. Өйткені президенттің бұл ше­ші­мін олар асығыстыққа балап отыр.

Осы ретте Ресей президентіне қарасты Ұлтаралық қатынастар кеңесінің мүшесі Богдан Без­палько БҰҰ-ның кезектен тыс оты­рысына қатысты болжа­мымен бөлісті. «БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесі АҚШ-ты ракета сынақ­тарын тоқтатуға шақы­руы мүм­кін. Дегенмен АҚШ әуелден БҰҰ-ның талаптарына, резолю­цияларына, соның ішінде Қа­уіп­сіздік Кеңесіне қарсы. Бұл халықаралық ұйымның функционалы шектелген, сондықтан АҚШ-ты тоқтатуы екіталай» деді.

Ал АҚШ-тың Қорғаныс ми­нистрі Марк Эспер зымыранды сынау Қытайға бағытталған әрекет екенін мәлімдеді. «Біз үшін Қытаймен қатынас маңызды. Олардың экономикалық, саяси әлеуетін ескерсек, алдағы уақытта солардың әрекетіне жауап қайтаратын мүмкіндігіміз болуы керек», деді министр.

Біздің Сыртқы істер ми­нис­тр­лігі де бұл шешімге алаң­дау­шылығын білдірді. Ведом­ствоның айтуынша, денонсациялау туралы шешімнің жанталаса қарулануға алып келуі, оған қоса жаһандық ауқымда ауыр салдары болуы мүмкін. Сонымен бірге екіжақты және көпжақты тетіктердің шеңберінде сындарлы келіссөздер арқылы мәселе шешімін табатынына үмітті екенін жеткізген.

Ресей мен Қытайдың шақы­руы­мен өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы «Халық­аралық бейбіт­шілік пен қауіп­сіздікке қатер» тақырыбында өтеді. Алайда сарапшылар жиын­ның АҚШ-ты райынан қай­та­рарына сенбей­тінін жеткізді.