Тарих • 26 Тамыз, 2019

Осыдан 99 жыл бұрын ҚазКСР құрылды

4464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы — бұрынғы КСРО құрамында болған одақтас республикалардың бірі. Ол 1920 жылы 26 тамызда құрылды. Алғашқы кезде Қырғыз АКСР-і деп аталып, РКФСР құрамына кірді. 1936 жылы 5 желтоқсанда одақтас республикаға айналды.

Осыдан 99 жыл бұрын ҚазКСР құрылды

КСРО-ның Азиялық бөлігінің оңтүстік-батысында орналасты, солтүстігінде РКФСР-мен, оңтүстігінде Түрікмен КСР-мен, Өзбек КСР-мен және Қырғыз КСР-мен, шығысында Қытаймен шектесті, батысында Каспий теңізі. Қазақ КСР-ы — жер көлемі жағынан РКФСР-ден кейінгі екінші, халқының саны жағынан РКФСР мен Украинадан кейінгі үшінші одақтас республика болды. Жері 2724,9 мың км². Астанасы — Алматы қаласы. Әкімшілік жағынан 19 облысқа, 210 ауданға бөлінді, 82 қаласы болды.

Қазақ КСР — жұмысшылар мен шаруалардың социалисттік мемлекеті, КСРО құрамына кіретін одақтас кеңестік социалды республика. Конституциясы Қазақ КСР Кеңестерінің Төтенше 10-съезінде 1937 ж. 26 наурызда бекітілген. Мемлекет өкіметтің Жоғары органы — бір палаталы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі, оны халық 27 мың тұрғыннан бір депутат есебімен 4 жылға сайланатын. Жоғарғы Кеңестің сессиялары аралығындағы мемлекет өкіметтің жоғары органы — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы болып тағайындалған. Жоғарғы Кеңес Республика үкіметін — Қазақ КСР Министрлік Кеңесін құрды, Қазақ КСР заңдарын қабылдады. Облыстар мен аудандарда, қалаларда, ауылдарда еңбекшілер депутаттарының тиісті Кеңестері өкіметтің жергілікті органдары болып табылатын. Оларды халық 2 жылға сайлайтын. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар Кеңесіне Қазақ КСР-ы 32 депутат жіберген. Жоғары сот органы — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 5 жылға сайлайтын Жоғарғы сот. Оның құрамында 2 сот коллегиясы (азаматтық және қылмыстық істер бойынша) және Пленум бар. Сонымен қатар Жоғарғы Соттың Президиумы құралды. Қазақ КСР прокурорын КСРО Бас прокуроры 5 жылға тағайындалатын болған.