– Құрметті елші мырза, сізді және қырғыз халқын 31 тамыз Қырғыз Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз. Қазіргі Қырғызстанның жетістіктері туралы біраз әңгіме өрбітсек.
– Рахмет. Қырғызстан биыл тәуелсіздігінің 28 жылдығын атап өтуде. Бұл тарих үшін, негізі, қысқа ғана уақыт. Алайда осы қысқа уақыт аралығында мемлекеттің даму жолында бірқатар қилы оқиғалар болды. 2005 және 2010 жылдары болған революциялық өзгерістер өздеріңізге белгілі. Бұл оқиғалар Қырғыз елінің ішкі саясатын толығымен өзгертті. Бірнеше рет Ата заң өзгерді, Президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқаруға өттік. Қырғыз парламенті – Жогорку Кеңеш кең көлемді құқықтарға ие болды. Парламентте көпшілік орын алған партия немесе коалиция үкіметті құрып, премьер-министрді парламент сайлап, президент бекітетін болды. Бұл өз кезегінде мемлекеттің дамуына да зор әсерін тигізді. Қырғызстанда демократиялық процестердің өсіп-өркендеуіне осы жүйе зор үлес қосты. Экономикалық дамуда да бірқатар жетістіктер бар.
Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көлемі 557,1 млрд сомды құрап, экономиканың өсу жылдамдығы – 3.2% болды. Құрылыс – 7,8%, ауыр өнеркәсіп – 5,5%, туризм – 5,0%, ауыл шаруашылығы – 2,7%, қызмет көрсету секторы – 2,1%-ға өсті. Дүниежүзілік банктың “Doing Business” рейтингінде Қырғызстан 190 елдің ішінен 70-ші орынды иемденіп, былтырғыға қарағанда 7 позицияға көтерілді.
Өмір сүруге қауіпсіз мемлекет ретінде дүниежүзілік рейтингте Қырғызстан 108-ші орынға шықса, Ресей 154-ші, Әзербайжан 132-ші, Тәжікстан 113-ші, Өзбекстан 104-ші, Қазақстан 70 орынды (2018 жылдың қорытындысы бойынша) иемденді. Бұл көрсеткіш бойынша Қырғызстан Ресей, Әзербайжан және Тәжікстаннан жоғары орында.
Жемқорлықпен күрес (ИВК) индексі бойынша Қырғызстан 132-ші орында болса, Өзбекстан 156-шы, Тәжікстан 153-ші, Ресей 136-шы, Әзербайжан 149-шы, Қазақстан 123-ші орынды иемденген (2018 жылдың қорытындысы).
– Қырғызстанда қазір болып жатқан оқиғаларға қандай баға бересіз?
– Әрине, Қырғызстанда қазір болып жатқан оқиғалар мен үшін өкінішті-ақ. Заңды орындау, заңға бағыну – әрбір қырғыз азаматының міндеті. Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков 2019 жылдың 8 тамызында Қырғыз Республикасының Жогорку Кеңешинің кезектен тыс жиынында сөйлеген сөзінде: «Қырғыз Республикасы – құқықтық мемлекет. Заңның талаптарын барлық адамдардың мүлтіксіз орындауын қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Бұл екі кісінің теке-тіресі емес. Бұл – жемқорлық араласқан барлық қылмысты істерді ашуға, тергеудің заң шеңберінде жүргізілуіне, сот процестерінің әділеттілігін қамтамасыз етуге қатысты жасалып жатқан күрес. Бұл – заңдылық пен өзім білермендіктің күресі, өз мүддесін мемлекеттен жоғары қоюға қарсы жүргізілген күрес» деп атап өтті. Сондай-ақ Сооронбай Шарипұлы өз сөзінде: «Еліміздегі тыныштықты, қоғамдағы қауіпсіздікті, халықтың бейбіт өмірін сақтаймыз. Бизнестің қорғалуын, жеке меншікке қол сұқпаушылықты қамтамасыз етеміз» деген шешімді пікірін айтты. Елші ретінде айтарым: қазір Қырғызстанда қауіпсіздік пен тұрақтылық орнады. Демократиялық процестердің дамып, қоғамның ақырындап жемқорлықтан тазалану үрдісі де өз ретімен жүріп жатыр деуге болады.
– Өзіңіз білесіз, халықтық дипломатия екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстардың маңызды бір бағыты. Елші ретінде қазіргі қырғыз-қазақ мәдени, ғылыми, гуманитарлық қарым-қатынастар деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Қырғыз бен қазақ – ежелден бергі ағайындар. Екі елдің салт-дәстүрлері мен мәдениеті бір, ежелден бері жайлауы мен қыстауы бір, қыз беріп, қыз алған ең жақын ағайынбыз, жақсылық пен жамандықта әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетіп келгенбіз. Бұны тарих куәландырады, мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақты ең жақсы түсінген – қырғыз. Қырғызды жақсы білген – қазақ. Сіздер білесіздер, Қазақстандағы белгілі фильм – «Қараш-қараш оқиғасын» («Асуда атылған оқты») атақты қырғыз режиссер Болот Шамшиев түсірген. Ал «Көксерек» фильмінің режиссері – белгілі қырғыз кинорежиссер Толомуш Океев. Егер осы киноларды басқа ұлттың өкілдері түсірсе, қазақтың психологиясын, менталитетін және портретін айқын көрсете алмаушы еді. Екі фильмдегі негізгі рөлдерді қырғыз актеры Суймөнкул Чокморов ойнап, қазақ және қырғыз көрермендерінің жоғары бағасы мен сүйіспеншілігіне бөленген.
Қазақстанның белгілі ақыны, жазушы, драматург және манасшы Баянғали Әлімжановтың өте керемет өлең жолдары бар:
Айналайын қырғызым,
Өзіме тартқан түрің бар,
Ерке бала сияқты,
Тәп-тәтті болған тілің бар,
Теңдесі жоқ ғаламда,
Телегей теңіз жырың бар,
Байтақ жатқан қазаққа,
Ағаңдай көріп еркеле,
Ініңдей көріп еркеле,
Он сегіз мың ғаламда,
Еркелігіңді көтерер,
Қазақтан басқа кімің бар!?
Міне, бұл қазақ елінің қырғыз ағайынына деген қарым-қатынасы, сый-құрметі және пейілінің көрсеткіші. Баянғали ағадан артық басқа не айтуға болады?
Шынтуайтына келгенде қырғыз бен қазақ халықтарының байланыстары тарихта әрдайым үздіксіз қалай жалғасып келсе, қазір де мәдени байланыстарымыз бен жалпы қарым-қатынастарымыз белсенді түрде жалғасын табуда. Мемлекетаралық деңгейде, шығармашылық және ғылыми мекеме мен ұйымдардың, қоғамның әртүрлі тармақтарында жалғасып келе жатыр.Оған соңғы жылдары жүзеге асырылған мәдени, ғылыми іс-шараларды мысал ретінде келтіруге болады.
Қырғызстан үкіметі 2018 жылды «Шыңғыс Айтматов жылы» деп жариялап, атақты жазушының 90 жылдығын кең көлемде атап өтті. Қазақстанда да бірқатар іс-шаралар өтіп, сол жылдың аяғында Астана опера театрында қырғыз және қазақ мәдениет министрлерінің, көрермендердің қатысуымен Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы жоғары деңгейде салтанатты түрде өткізілді. Ал осы жылы 30 сәуірде Халықаралық Түркі академиясы ЮНЕСКО-мен бірге ұлы Айтматовтың мерейтойын Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде дүние жүзіне танымал түрколог-ғалымдардың, халықаралық ұйымдардың, дипломаттардың қатысуымен атап өтті.
Қырғыз-қазақ байланыстарын нығайтуда Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Халықаралық Түркі академиясының бізге көрсеткен қолдауымен ұйымдастырылған бірқатар нақты іс-шараларды айрықша атап өткім келеді. Мысалы, Қырғыз тарапымен бірге «Манас» энциклопедиясы, «Манас сөздігі» баспадан шығарылды. О.Ибраимовтың «Чингиз Айтматов. Последний писатель империи» кітабы, Мағжан Жұмабаевтың «Арыстан айбат» өлеңдер жинағы қырғызша жарияланса, С.Раевтың «Жанжаза» романы қазақ тілінде оқырмандар қолына тиді. Тағы да бірқатар еңбектер Академия тарапынан басылып шығарылды. Осылардың барлығы да қазақ оқырмандары тарапынан жылы қабылдануда. Бұлардан тыс Халықаралық Түркі академиясы Қырғыз-қазақ зиялыларының екі форумын 2018 жылдың 24 сәуірінде Астанада, қазан айында Ош мемлекеттік университетімен бірге Ош қаласында өткізді. Ал 2019 жылдың маусым айында Алматы облысының әкімдігімен бірге Қырғыз-қазақ зиялыларының үшінші форумын Талдықорған қаласында «Манас» эпосы – Ұлы Даланың мәңгілік мирасы» деген тақырыппен халықаралық ғылыми симпозиум, халықаралық «Манасшылар» фестивалін атақты ғалым, ағартушы Шоқан Уәлихановтың мәңгілік мекені – Сарыөзекте бұқара халықпен бірге атап өтті. Академия басып шығарған Медер Мергенбаев жазып қалдырған «Манас» эпосының қолжазбасының тұсаукесер рәсімі де осы форум аясында ұйымдастырылды.
Біз қазір екі тараптан археологиялық, тарихи, түркі және Жібек жолы мәдениетіне қатысты жобаларды бірлесе жасауға кірісуіміз керек. Бұл жобалар болашақта біздің аймақта туризм бағытын дамытуға зор үлесін қосатын болады деп есептеймін.
– Елші ретінде Қырғызстан мен Қазақстанның саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастығына қандай баға бересіз?
– Жаңа тарихта Қырғызстан мен Қазақстанның байланыстары ең жоғары деңгейде жалғасуда. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің музейінде бір құжаттың көшірмесі бар екен, таяуда көрдім. Сол құжатта: Қырғыз Республикасының парламенті алғашқылардың бірі болып, 1991 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстанның егемендігін таныған. Бұл екі елдің ортасындағы ең шешімді қадамдардың бірі, себебі, қырғыздар Қазақстанның тәуелсіздік шешімін шыдамсыздана күткен. Қырғыз Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың нығаюында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі аса зор. 1997 жылы екі елдің арасында «Мәңгілік достық» келісіміне, 2003 жылы «Одақтастық қарым-қатынастар» туралы келісімге қол қойылған, ал 2012 жылы екі ел басшылары деңгейінде «Стратегиялық әріптестікті және одақтастық байланыстарды тереңдету» жөнінде мерейтойлық декларация қабылданды. Қырғызстанда болған саяси дүрбелеңдер кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан қырғыз элитасын бірлікке үндеп, елдің тұрақтылығын сақтау үшін көп әрекет етті. Қырғыз елі мұны әсте естен шығармай, жоғары бағалайды.
Қырғыз Республикасының Президенті С.Ш.Жээнбеков Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевпен бірнеше мәрте жолығып, өзара жақсы байланыстар орнатып, екі елдің достығы мен ынтымақтастығын одан әрі тереңдетті.
Қазір де Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев пен С.Жээнбеков таяу аралықта екі мәрте кездесті. Қ.Тоқаев Президенттік сайлаудан кейін алғашқы іс-сапарын Қырғызстаннан бастап, ШЫҰ-ның саммитіне қатысып, Қырғызстанның Президенті Сооронбай Жээнбековпен екі жақты кездесулер жүргізді. Кездесулер барысында Президенттеріміздің ойы мен келешекті бағдарлауларының үндес екені белгілі болды. Қазір екі мемлекет ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕАЭО-ның шеңберінде бірыңғай жұмыс істеп, сауда, инвестиция және жаңа технологияларды тарту бағытында жемісті жұмыс істеуде. Бұлардан тыс Үкіметаралық кеңес әрдайым кездесу өткізіп, екі мемлекет арасындағы сауда-саттықтың көлемін 1 млрд АҚШ долларына жеткізу бағытында жұмыстар атқарылуда. Парламентаралық байланыс және диалог жоғары деңгейде. Екі үкіметтің өкілдері БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдарда бір-біріне қолдау көрсетуде. Қазір екі жақтың сыртқы істер министрліктері мен басқа да үкіметтік органдары Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың күзде болатын Қырғызстанға ресми сапарына дайындық үстінде. Ресми сапардың нәтижесінің жемісті болары анық. Қырғызстан мен Қазақстанның ынтымақтастығының келешегі кең және әлеуеті өте жоғары.
Мен елші ретінде екі мемлекеттің ынтымақтастығын, екі елдің достығын одан әрі нығайту бағытында шынайы көңілден жұмыс атқарып, барлық күш-жігерімді жұмсауға әзірмін. Бұл – менің негізгі міндетім.
Әңгімелескен
Амангелді ҚҰРМЕТ