Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2019

Қостанайда 900 орындық жаңа мектеп ашылды

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласындағы «Аэропорт» шағын тұрғын ауданында 900 орындық жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.

Қостанайда 900 орындық жаңа  мектеп ашылды

Тұрғын ауданның өзі де облыс орталығында жаңадан бой көтерген. Мұнда негізінен мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған үйлер болғандықтан, ауданның тұрғындары да негізінен жастар. Жаңа мектепке тек осы тұрғын ауданда тұратын балалар келді. Бірінші қыркүйекте мектепке 800 бала қабылданды. Бірінші сыныптық бүлдіршіндер 7 сыныпқа топтастырылды. Білім ұясының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев қатысып, ұстаздар мен шәкірттерді, ата-аналарды білім мерекесімен құттықтады.

«Қазақта 7 саны қасиетті болып саналады. Білім ұясының табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер 7 сыныптың партасына отырады. Мектепке тарыдай боп кірген балалар, таудай боп шықсын, саналы азамат болып, сапалы білім алсын» деді Марат Қонысбайұлы.

Жаңа мектеп заманауи талаптарға жауап береді. Мұнда білім алу және бала тәрбиесі үшін барлық жағдай бар. Спорт зал, еңбекке баулу пәні өтетін цехтар, тіпті оларда саз балшықтан құмыра жасайтын станоктарға дейін бар. Ал мұндай цехтар облыстағы өзге мектептерде әлі болған емес.

Мектеп №29 аралас орта мектеп болып тіркелді. Онда инклюзивті сынып та бар. Мүмкіндігі шектеулі балалар ерекше, арнайы бағдарламамен, тьюторлардың дайындауымен оқитын болады. Бұл да облыс мектептерінде әлі енгізілмеген ерекшелік. Мұндай балалар үшін мектепте лифт де жұмыс істейді.

Білім мекемесінің құрылысына бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалды. Ата-аналар мектептің салтанатты ашылуынан кейін оның ішін аралап көрді.

Қостанай