05 Наурыз, 2013

Лаңкестік – зұлымдықтың жабайы түрі

8335 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Лаңкестік – зұлымдықтың жабайы түрі

Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:20

Бүгінде террорлық ұйымдардың астыртын іс-әрекеті жекелеген мемлекеттерді ғана емес, әлемдік қоғамдастықты да қатты алаңдатып отыр. Олардың ауыр зардаптарға соқтыратын, қайғы-қасірет әкелетін зұлымдық әрекеттерінен Орталық Азиядағы бірде-бір мемлекет өздерін сақтандыра алмайтындығы тағы жасырын емес. Мемлекет басшысы осы жылдың қаңтар айында еліміздегі құқық қорғау органдарының жетекшілерімен өткізген кеңесте терроризм және экстремизм көріністерімен күресті барынша күшейтуді тапсыруы, талап етуі сондықтан болса керек.

 

Сейсенбі, 5 наурыз 2013 7:20

Бүгінде террорлық ұйымдардың астыртын іс-әрекеті жекелеген мемлекеттерді ғана емес, әлемдік қоғамдастықты да қатты алаңдатып отыр. Олардың ауыр зардаптарға соқтыратын, қайғы-қасірет әкелетін зұлымдық әрекеттерінен Орталық Азиядағы бірде-бір мемлекет өздерін сақтандыра алмайтындығы тағы жасырын емес. Мемлекет басшысы осы жылдың қаңтар айында еліміздегі құқық қорғау органдарының жетекшілерімен өткізген кеңесте терроризм және экстремизм көріністерімен күресті барынша күшейтуді тапсыруы, талап етуі сондықтан болса керек.

Әңгіме қауіпсіздікті қам­та­масыз ету мәселелері болған­дық­тан, алдымен жақында елордада ұлттық және аймақтық қауіпсіздік проблемаларына­ арналған жиында саясаттанушы Ерлан Қа­рин­нің Әлем және экономика инс­титутының баяндамасындағы тер­роризмнің жаһандық индексі туралы келтірген мәліметтеріне аз-кем тоқталсақ дейміз. Өйткені, аталған институт сарапшыларының баян­дамаларында терроризм мен экстремизмнің қайсы елде белең алып бара жатқандығы жайлы деректер көрсетілген.
Сарапшылар өздерінің жаса­ған талдауларында терроризм жа­һандық проблема екендігін, жыл өткен сайын ол халықаралық сипат алып бара жатқандығын атап өткен. Сондай-ақ онда терроризм мен экстремизм көріністері жиі кездесетін елдердің де ті­зі­мі берілген. Тізімді Ирак, Пәкс­тан және Иран елдері бас­тап тұр. Ал 2002-2011 жылдар ара­лығында жасалған террорлық әрекеттердің 35 пайызы Ирак пен Ауғанстан мемлекеттерінің аумағында жүзеге асырылыпты. Мәліметтерге қарағанда, тер­рористік шабуылдар 2006-2007 жылдары «шарықтау шегіне» жетіп, жиі көрініс берген. Одан кейінгі жылдары оның төмендеуі байқалған, бірақ терроризмнің қауіп-қатері жоғары деп баға­лан­ған.
Сарапшылар АҚШ-тың Мем­лекеттік департаменті халық­аралық террористік ұйым ретін­де «қара тізімге» кіргізген 52 шет­елдік топтың жасаған террорлық әрекеттерін де зерделеп көріпті. Олар террорлық әрекеттерінің басым көпшілігін негізінен өздері қызмет ететін елдердің аумағында жүзеге асырғандығы анықталған. Өзге елдердің аумағында мұндай әрекеттерге сирек жағдайда ғана барған. Талдау көрсеткеніндей, терроршылар қанқұйлы зұлымдық пиғылдарын жүзеге асыруда жаңа қару түрлерін емес, көбінше қол­дан жасалған жарылғыш заттарды пайдаланған. Бұл террористік әрекеттерді негізінен шағын топтар немесе жекелеген адамдар ұйымдастыратынын және іске асыратынын көрсетеді. Өйткені, осы шағын топтардың көпшілігі бір-бір жарым жылдай ғана астыртын әрекет етіп, тарап кетеді екен.
Келесі жылы Ауғанстаннан он­дағы халықаралық коалицияның негізгі күштері шығарыла бас­тайды. Көптеген сарапшылар қа­зірдің өзінде халықаралық коа­лиция күштері Ауғанстан аума­ғынан әкетілген кезде­ Орталық Азия аймағында тер­рор­лық әрекеттер өсе түседі деген болжам жасап отыр. Мұны еш­кім де жоққа шығармайды. Себебі, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттері Ауған­стан­мен шекаралас жатыр. Оның үстіне бұл елдердегі саяси және экономикалық ахуал жақсы деп айта алмаймыз. Сондай-ақ бір-бірімен көршілес орналасқан Өзбекстан мен Қырғызстан, Тә­жік­стан мен Өзбекстан арасында кейбір мәселелерге байланысты проблемалар да бар. Бұған сыртқы күштер араласып, қолтығына су бүркетін болса, Орталық Азия «ыстық нүктенің» біріне айналып кетуі әбден мүмкін.
Қорқынышты әрі үрейлен­діре­тін бұл сөздерді жайдан-жай­ келтіріп отырған жоқпыз. Кілең мұсылман мемлекеттері өмір сүріп жатқан аймақтағы ел­дердің ішкі саяси жағдайын тұ­рақсыздандыруға мүдделі сыртқы күштер де, жекелеген мемлекеттер де бар екенін айтуға тиіспіз. Олардың осындай жымысқы ой-ниеттерінің қылаң беруіне Орталық Азиядағы кейбір елдерде кездесетін бірқатар ішкі факторлар да өзіндік «ықпал» ететіні жасырын емес. Мысалы, бұған сол елдердегі саяси элитаның қыл­мысқа бой алдыруы, халықтың мәдениеті мен білім деңгейінің төмендігі, тұрғындардың белгілі бір бөлігінің маргиналдануы, ұлтаралық және конфессияаралық қар­сылықтың көрініс беру мүм­кіндігі, саяси жетекшілердің бұ­рынғы және қазіргі кезде­ жіберген қателіктерінен туын­дай­тын сепаратистік көзқарас­тың таралуы, құқық қорғау ор­гандары қызметкерлерінің тер­рористік және қылмыстық топ­тармен күрес жүргізудегі кә­сі­би деңгейінің төмендігі, шенеу­ніктер арасындағы, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасындағы жем­қорлық, көші-қон тасқынына бақылау жасаудың әлсіздігі, жас­тарға рухани-танымдық тәр­бие беруді ұйымдастырудағы кемшіліктер және ұйымдасқан қылмыстың өсуі жатады.
Соңғы жылдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың бой көрсетуі де жиілеп барады. Өз кезегінде ол әртүрлі террористік құ­рылымдардың қызметін жан­дандыруға ықпал етумен қатар, оларды «нәрлендіріп» те отырады. Бұл Орталық Азия аймағына да тән. Оған мысал ретінде осы аймақтағы елдердің барлығына дерлік аса қауіпті деп саналатын діни негізде құрылған террористік және экстремистік бағыттағы ұйымдарды атауға болады. Олар діни сауаты аз адамдарды, әсіресе, жастарды өз қатарларына тарту үшін небір айла-амалдарға барады, тіпті күш қолданып, қорқытып-үркітуден де тайынбайды. Ұйымға мүше болып кіргендерді қаталдыққа үйретеді, жауыздыққа тәрбиелейді.
Көптеген сарапшылар осы­ за­манғы терроризмнің бұрын­ғы­дан айырмашылығы оның қазіргі уақыттағы әрекеттері со­ғыс кезіндегі іс-қимылдарға ұқ­сайды және олар ұйымдастыру орталығын айыру мүмкін емес үлгідегі ұйым дегенді айтады. Са­рапшылардың пікірінше, тер­рористік желіде осындай орталық бар, ол тек саяси-идеялық, ал кейде қаржылық мағынада ғана жұмыс істейтін көрінеді.
Кейде біздер осы заманғы тер­роршылардың жалпыға бір­дей қатысы бар моральдық және инабаттылық нормалары­на жеккөрушілікпен қарауға үн­де­ген шақыруларына куә болатыны­мыз рас. Сол шақырулардың ас­та­рында қаныпезерлік, керек­­ болса, әскери жанжалдар ке­зін­де бейбіт тұрғындарға қар­сы­ жасалған қылмыстардан да асып түсетін қатыгездік жатқаны бір­ден байқалады. Өйткені, олар еш­қандай да кінәсі жоқ адамдарды көптеп өлтіруді ойластырады, көп залал келтіруге ұмтылады. Осын­дай зұлымдық іс-әрекеттері ар­қылы терроршылар қарапайым халық пен билікті қорқытуға әре­кеттеніп, өздерінің талаптарын орындаттыру, соған түрлі жолдармен қол жеткізу мақсатын көздейді.
Соңғы жылдары саяси жағы­нан тұрақсыз, кикілжіңдер мен жанжалдар өршіп тұрған бірқатар елдерде денесіне жарылғыш зат­тар байлап, өзін өзі жарып жі­беру немесе автокөліктерге бомба қою арқылы жарылыс­тар жасау оқиғалары жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар, өкінішке қарай, шииттік ислам кеңістігінде көбірек байқалуда. Ал өзін өзі өлімге байлап, жанкештілікке бару олар үшін мәртебе санала­ды екен. Мысалы, Иран мен Ирак мемлекеттері арасында болған жанжал кезінде осындай жанкештілік жасаған сар­баз­дардың отбасыларына ирандық әскери командирлер олардың қаза тапқаны туралы «өзін өзі азапты өлімге қиды» деген мағынада құттықтау үлгісіндегі хабарлама жіберіп отырған. Таяу Шығыста, сондай-ақ Солтүстік Кавказда жанкештілер жасаған террорлық әрекеттер кейбіреулерге отбасы­лық мақтаныш болып табылатын көрінеді.
Осындай қауіп-қатерлерді бол­дырмау бүгінде әлемдік қо­ғамдастықтың да, ірі халық­ара­лық ұйымдардың да, кез кел­ген мемлекеттің де «бас ауруы­на» айналып отыр. Басқалар­ды айтпағанда, Орталық Азия­ елдерінің өзінде осы проб­ле­ма­ларға қатысты халықаралық деңгейдегі жиындар да жиі өткізіліп жүр. Сол жиындарда негізінен – терроризммен және экстремизммен көп болып аянбай күрес жүргізу қажет деген сияқты бұрыннан айтыла-айтыла әбден жауыр болған пікірлер. Бұған өз тарапымыздан қосарымыз, бұл зұлымдықпен күресуде нақты идеологиялық жұмыстардың орны да, жөні де ерекше маңызды екендігі. Ол үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сондай-ақ діни және қоғамдық бірлестіктер жан-жақты жоспарланған идеологиялық жұмыстарды көпшілік арасында, бірінші кезекте жастар арасында ұйымшылдықпен жүргізгеннің берері мол болмақ демекпіз.
Әлемдік қоғамдастық тарапынан халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл көрсетуге ша­қырған мәлімдемелер мен үн­деу­лер қабылданып жатады. Ал көптеген елдер бұл шақыруларға қолдау білдіріп, кейде күш жұ­мыл­дыруға әзір екендіктерін ресми түрде мәлімдеп те жібереді. Жасыратыны жоқ, көп ретте ел­дердің өз мүдделеріне байланыс­ты, геосаяси жағдайларға бай­л­анысты айтқан сөзі мен нақ­ты іс-қимылының арасында алшақтықтар да кездесіп қала­ды. Мәселен, Таяу Шығыс елде­рі де терроризмді айыптайды, оған қарсы бірлесе күрес жүр­гізуді құптайды. Бірақ осы аймақтағы бірқатар елдердегі эмис­сарлар өз қызметтерін Орта­лық Азиядағы мемлекеттерге ваххабизм идеясын таратуды бел­сенді ұйымдастырып әрі жүргізіп келеді. Өкініштісі сол, олардың идеясын жақтаушылар Қазақстанда да бар.
Біздің елімізде терроризм мен экстремизмнің көрініс беруі қазірше онша ауқымды емес. Дегенмен, шетелдік террористік және экстремистік ұйымдардың, радикалдық ағымдағы конфес­сия­лар миссионерлерінің, сон­дай-ақ елімізде өздерінің құры­лымдарының бөлімшелерін құ­руға ұмтылып отырған түрлі сек­талардың іс-әрекеттері алаң­датпай қоймайды. Осы айт­қан­дарымыз, яғни шетелдік тер­рористік ұйымдардың Орталық Азиядағы елдермен қатар, Қазақ­станға да ықпал етуге қарекет жасап жатқандары өткен жылдың қарашасында Парламент Мәжі­лісінде ұйымдастырылған терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі халықаралық конференция барысында да атап көрсетілген болатын.
Террористік құрылымдардың жетекшілері Интернетті пайдалану арқылы азаматтарды шетел­дердегі соғыс қимылдарына тартуға үгіттейтіні, өз идеяларын біздің еліміздің тұрғындарына да тарататындығы әлдеқашан дәлелденген. Оған Исматулла Абдуғаппар жетекшілік жасаған экстремистік ұйымның біраз жылға созылған қызметі нақты дәлел болып табылады. Ұзақ мерзімге сотталған оның жақтаушылары ел аумағында әлі де кездесіп қалуы мүмкін. Енді солардың қайта бас көтерулеріне жол бермеу керек.
Бұрындары терроризм қылмыс ретінде қарастырылып, онымен негізінен құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет органдары айналысып келген болса, соңғы жылдары оларға қарсы күрес жүргізуге контртеррорлық қарулы күштер мен өзге әскери құрылымдар да қатыстырыла бас­тады. Міне, бұл халықаралық терроризмнің әлем жұртшылығы үшін аса қауіпті сипат алып бара жатқанын көрсетеді. Елі­міз­дің Ұлттық қорғаныс универ­ситетінің профессоры Геннадий Дубовцевтің айтуынша, қарулы күштердің терроризммен күреске тартылу шаралары оның алдын алуға бағытталған. Егер ол орындалмаған немесе терроршылар берілмеген жағдайда, қауіпсіздік үшін олардың кө­зін жоюға әскери құрамалар да қатыстырылады. Сонымен қа­тар, қарулы күштер террористік ұйымдармен және қылмыстық топтармен күрес жүргізуде құқық қорғау органдарына көмектер де көрсетуі мүмкін.
Құзыретті органдар өкілдері­нің қатысуымен бірлескен анти­террорлық жаттығуларды жүйелі түрде өткізіп тұру превентивті іс-қимыл шараларының бірі болып табылады. Мысалы, 2003 жылдан бастап ШЫҰ-ға мүше елдердің әскери құрамалары «Бейбітшілік миссиясы» деген атаумен анти­тер­рорлық жаттығуларды тұрақ­ты негізде өткізіп келеді. Сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының коалициялық күштері де жыл сайын контртеррорлық мәселелерге арналған бірлескен жаттығулар өткізіп тұрады. Мұн­дай шараларды өткізу құ­қық қорғау және арнайы қыз­мет органдарының, әскери бө­лім­шелердің көтерілісшіл-пар­тизандық тактиканы қол­дану­ға бейім террористік құры­лым­дармен күрес жүргізуде тәжірибе жинақтау үшін қажет.
Сарапшылардың пікірінше, терроризмге қарсы күрес саласында әскери-саяси қызметті же­тілдіруде шешуді қажет ете­тін проблемалар да бар. Оған бірқатар мемлекеттердің тер­рор­шыларға қатысты екі түрлі саясат жүргізетіндігі, кейбір елдер­дің халықаралық шарттарды орындамайтындығы, террористік ұйымдарға превентивті соққы беру жөніндегі тұжырымдамаларының халықаралық құқық нормалары­на сәйкес келмейтіндігі және бір­қатар мемлекеттердің БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдардың рөлін елемеуі жатады.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».