Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауы арқылы елімізде саяси бәсекенің өскенін, көппартиялылықты дамытуды, диалогты күшейтуді көздеп отыр. Менің ойымша, Президент либералдану бағдарына ден қойып отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. «Реформа үшін реформа жүргізудің» қажеті жоқ екенін ашық білдіріп, реформаларды іске асыруда ойлы да салмақты қадамдар қажеттігін айтты.
Әлеуметтік желінің реакциясына қарап, Президенттің саяси бәсекелестікті дамытуға, көппартиялылықты дамытуға қатысты айтқандары оң қабылданғанын байқадым.
Мемлекет басшысының саяси кеңесшісі ретінде қоғамдық диалогты дамыту, азаматтық диалогты күшейту туралы бастамаларын ерекше атап өтер едім. Әрине шағын және орта бизнесті дамыту бастамасының да маңызы ерекше. Президент Үкіметке шағын бизнесті салықтан үш жылға босату туралы заңнамалық негіз әзірлеуді тапсырды. Меніңше, осы іске қатысты тиісті заңнамалар кәсіпкерлікті дамытуда айтарлықтай серпін береді.
Бір жағынан, Президент тарапынан халықты әлеуметтік қорғауға қатысты көптеген шаралар, бастамалар мен тапсырмалар айтылды. Екіншіден, азаматтардың экономикалық белсенділігін көтеру үшін кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тоқталды. Үкіметтің атқаруға тиіс жұмысы туралы нақты тапсырмалар көп болды. Меніңше, Үкімет тарапынан тиісінше талқылау болып, Президент тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар жасалады.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан Президентінің кеңесшісі