Экономика • 03 Қыркүйек, 2019

Қазақстанға қытайлық зауыттар көшірілмейді

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанға Қытайдағы ескі зауыттар көшірілмейді. Бұл туралы кеше арнайы брифингте еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді. Вице-министр әлеуметтік желіде тараған елімізге 55 ескі кәсіпорынды көшіру туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, халықты бұл қауесетке сенбеуге шақырды.

Қазақстанға қытайлық зауыттар көшірілмейді

Сыртқы істер ведомствосының өкілі ел аумағына 50-ден аса зауытты көшіру жөнінде мәселе мүлде көтерілмегенін, бұған қоса ескі өндіріс орындарын ашу жөнінде бағдарлама жоқ екенін жеткізді.

– 55 зауыт салу туралы бағ­дар­лама жоқ. Білуімше, бұл ақпа­ратты кейбір блогерлер What’sApp арқылы таратып жүр. Рес­ми түрде мұндай бағдарлама жоқ екенін хабарлаймыз. Ескі зауыт­тарды ешкім әкелмейді. Қытай елі­мен бірлескен комиссия жұмыс іс­тейді, барлық жобалар іріктеліп таңдалады, тиісті мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Аталған жобалар жеке кәсіпкерлердің қа­тысуымен жүзеге асады. Ескі кә­сіп­орындарды әкелуге комиссия жол бермейді, – деді Е.Көшербаев.

Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша, екі ел арасындағы индустрия­ландыру және инвестиция са­ласындағы байланысты шек­ті келісім аясында дамыту жос­пар­ланған. Соның негізінде құны 27,5 млрд долларды құрайтын 55 бір­лескен жоба іске асырылмақ.

– Бұл жобалар көлік құрас­ты­ру, құрылыс индустриясы, агро­өнеркәсіп кешенін дамыту, химия және фармацевтикалық өнеркәсіп, мұнай-газ секторы сынды бірнеше бағытпен байланысты. Соның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тікелей 27 жоба бекітілген. Олардың жалпы құны 19,6 млрд долларды құрайды. Осының нәтижесінде шамамен 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді А.Ержанов.

Вице-министр 55 жобаның ішіндегі 7-уі Ауыл шаруашылығы министрлігіне, 20-сы Энергетика министрлігіне, сондай-ақ тағы 1 жоба «Астана» халықаралық қаржы орталығына қарасты екенін айтты. Бұған қоса спикерлер осы арқылы отандық мамандардың біліктілігін көте­ріп, шетелдік жұмыс күшінің санын азайту қарастырылған деп сендірді. Үкімет өкілдері аталған тізімнен перспективасы жоқ жобалар алынып тасталғанын да атап өтті. Мәселен, тамыздың соңында 7 жоба мақұлданбай қалған. Оған жұмыс қарқынының баяулығы себеп болыпты. Тиісінше олардың орнын құны 763 млн долларды құрайтын жаңа жобалар алмастырған.

Бұдан басқа отандық басым инвестициялық жобалар жай­лы ақпараттың ашықтығын қамту мақсатында Сыртқы іс­тер министрлігінің алаңында ақпа­раттық кездесулер өткізу көз­деліп отырғаны айтылды. Осы­лай­ша қоғам ішіндегі дақпырт әңгі­мелерге тосқауыл қойылмақ.

Брифингте мәлім болғандай, Қазақстанға инвестиция тарту бойынша алдыңғы қатарда Ни­дер­ланд мемлекеті жайғасқан. Қызғалдақтар елі отандық эко­но­микаға барлығы 87 млрд доллар құйған. Екінші сатыда 37 млрд доллар салған АҚШ орналасқан. 27 млрд доллар инвестиция құйған Швейцария үштікті тәмамдаса, Қытай 17 млрд доллармен 4-ші орын­да орналасқан.