Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Өзін өзі тану пәнінің маңызы зор

20793 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық сана, ұлттық тәрбие... Бұл мәселелер қазіргі қоға­мымыздың өзектілігіне айналды. Сана мен тәрбиені біз қайдан бастаймыз? Әрине отбасыдан бөлек мектепке, ұстаздардың беріп жатқан білімі мен тәрбиесіне жүгінеміз. Тәрбиенің ішінде рухани-адамгершілік тәрбиеге көңіл бөлетін бірден-бір пән – өзін өзі тану пәні.

Өзін өзі тану пәнінің маңызы зор

Баланың жанын тәрбиелеу, ішкі сезімін жеткізе білуге бау­лу маңызды екені белгілі. Себебі сезімсіз, махаббатсыз адамның жүрегі жетім. Қор­шаған ортаға, қыбырлаған кез келген тіршілік иесіне де­ген риясыз сүйіспеншілік сый­­лай  білу жүректің кең­дігі, рухани байлықтың көрі­нісі. Н.Ә.Назарбаев «...жаңа жағдайларға байланыс­ты бәрі­мізді алаңдататын мәселе – бі­лімді, кәсіби даярлығы бар адам тәрбиелеу ғана емес, қоғам­дық өмірдің барлық саласында ұлттық және дүниежүзілік құндылықтарды қабылдауға қабілетті, рухани және адам­гершілік мүмкіндігі мол тұлға қалыптастыру болып табылады», деп атап көрсетті. Со­ған байланысты өзін өзі тану пәні әр оқушыға, жеке тұлғаға бағытталған тәрбиесінің көрі­нісін адам талпыныстары, абыройы, жауапкершілігі, ерік-жігері, жалпы ізгі қасиеттерін басты мәселе етіп қойғанын байқаймыз. Болашағын баласынан, жас жеткіншектерінен көретін халқымыз, елімізге бала жанын жүдетпеудің маңызы зор.

Өзін өзі тану нағыз адам бо­лудың сыры мен қырын үй­ре­тетін пән. Нағыз адам бо­лу – Отан алдындағы боры­шыңды өтеу, адами қарым-қатынасының, қоршаған ортамен үйлесімділігің. Пәннің мақсаты – білім алушының өзін дұрыс түсінуіне, дарындылығы мен қабілеттерін дамытуға, өмірдің мәнін ұғынуға және өмірден өз орнын таба білуге көмектесу. Еліміздің болашақ жас ұрпақтарын жан-жақты да­мыту да өзін өзі тану сабақ­та­ры­ның орны ерекше. Сабақта пән мұғалімі әркімнің жан дү­ниесін тануына, әлемге көз жү­гір­тіп, мейірімділік жа­сау­ға бағыт­тайды. Сабақты қы­зықты өткізу түрлі әдіс-тәсіл­дерді қол­да­натын мұғалімнің ше­берлігіне байланысты.

«Өзіңді өзің танысаң – істің басы» деп Шәкәрім айтқандай өзін өзі тану пәні арқылы балалар өмірде кездесетін түрлі жағдаяттарды шешуге, өз ойын ашық айтуға, пікірін, сезімін, көңіл күйін жеткізе білуге, өз мүмкіндігін жүзеге асыруға, адами қарым-қатынас жасауға, денсаулығын сақтауға, жақсы қасиеттерін ашуға үйренді. Өзін өзі тану пәні мәні жағынан, оқушылардың қабылдау, түй­сіну, білім, білік дағдыларын іштей тұтастырып, оларды ер­кін қолдана алуға үйретумен ерекшеленеді. Елімізде ғасырлар бойы халқымыздың ұлттық санасынан берік орын алған адамгершілік құндылықтарды, яғни ізгілік қайырымдылық, адалдық қарым-қатынас сияқты қасиеттерді, қоғамдағы болып жатқан өзгерістермен бай­ланыстырып, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеудің қайнар бастауы деп қарастыруға бо­лады. Яғни «тәрбиесіз қо­ғам, қоғамсыз тәрбие өмір сүр­мейді» деген заңдылыққа сүйе­не келе, өскелең ұрпақтың бо­йына қоғам талабына сай адам­гершілік құндылықтарды қа­лып­тастыруды мақсат еткен тәрбие ғана уақытпен үндесіп, қоғам мен тәрбиенің өзара бай­ланысын түзеді. Өзін өзі тану пәні жалпы­адамзаттық құндылықтарға бас­тар жол. Адамда екі түрлі тәрбие болады, біреуі – өзгелерден алатын тәрбиесі, екіншісі – өзіне-өзі беретін тәрбиесі.

 

Алтыншаш БИСЕНБАЕВА,

Манашы орта мектебінің  өзін өзі тану пәнінің мұғалімі

 

Маңғыстау облысы,

Бейнеу ауданы