20 Наурыз, 2010

“БОЛАШАҚ” СТИПЕНДИЯСЫ БӨЛІНДІ

805 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Шетелдерде кадрлар дайындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен жасалған шет­елдерде мамандар дайындау жө­ніндегі “Болашақ” бағдарламасы қазірдің өзінде өзінің өміршеңдігін көрсете бастады. Осы бағдар­ла­ма­мен шетелде оқып, маман болып келіп жатқан жастар ел экономи­касын әлемнің барынша дамыған, бәсекелестікке төтеп бере алатын елдерінің қатарына шығару жо­лын­да жемісті еңбек етіп жүр. Қа­зақстан экономикасының жоғары деңгейде дамуы және еліміздің гүлденуі нақ осы мамандардың білімі мен білігіне тікелей бай­ланысты, деді комиссия жұмысын жүргізіп отырған  Қ.Саудабаев. “Болашақ” стипендиясына үміткерлерді конкурстық тәсілмен таңдау 2010 жылдың 13-26 ақпаны аралығында жүргізілген болатын. Оның екі турынан өткен 196 үміт­кердің жеке істері Республикалық комиссияның қарауына ұсыныл­ды. Соның ішінде 135 үміткер шетелдік жоғары оқу орындарына өздігінен түскендер, ал 61-і жалпы конкурс бойынша қатысқандар болып шықты. Үміткерлердің 22-сі бакалавр, 41-і магистратура, 133-і ғылыми тәжірибеден өтуге бармақшы екен. Үміткерлердің ең көбі Ұлы­бри­тания жоо-ларына баруды қалаған көрінеді. Олардың саны 55 адам, ал Ресейге  – 50 және АҚШ-қа 31 үміткер баруды көздеп отыр. Сондай-ақ Польша, Испания, Словакия, Швейцария, Германия, Франция, Канада, Италия, Бельгия, Малайзия, Сингапур және т.б. елдерді қалағандар да бар. “Болашақтықтар” таңдаған басымды мамандықтар арасында “Кәсіби білімнің теориясы мен методикасы”, “Педагогикалық диа­гностика, білім сапасын баға­лау мен басқару”, “Шығыстану”, “Ақпараттық технология”, “Эко­логия”, “Құқық”, “Экономика”, “Биотехнология”, “Мемлекеттік саясат”, “Қоғамдық денсаулық сақтау”, “Менеджмент” және басқалар бар. Отырыс қорытындысы бойын­ша Республикалық комиссия “Болашақ” стипендиясын 139 үміткерге беретіндігі жөнінде шешім қабылдады. Оның үлкен бөлігін, жоғарыда айтқанымыздай, ғылыми тәжірибеден өтуге баратын үміткерлер иеленді. Жақсыбай САМРАТ.