Экономика • 04 Қыркүйек, 2019

Орал трансформатор зауыты өнімдерінің 95%-ын Ресейге, Грузияға, Әзербайжанға және Арменияға экспорттайды

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған Орал трансформатор зауытына барды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

Орал трансформатор зауыты өнімдерінің 95%-ын Ресейге, Грузияға, Әзербайжанға және Арменияға экспорттайды

Орал трансформатор зауытының басқарушы директоры Ақжол Сауранбаев хабарлағандай, зауытта үш ауысымда 300-ден астам адам жұмыс істейді. Биыл 9 мың трансформатор шығару жоспарланған, бұл өндіріс өсімінің 35%-ын құрайды. Келесі жылы жобалық қуаттылығына шығып, өндіріс көлемін жылына 12 мың трансформаторға дейін арттыру көзделген.

«Экспорт көлемі 95%-ды құрайды. ТМД елдеріне: Ресей Федерациясына, Грузияға, Әзербайжанға және Арменияға экспорттаймыз», деді А. Сауранбаев.

Келесі жылы панельді радиаторлардың жаңа өндірісін іске қосу жоспарланған. Жоспарланып отырған өндірістік қуаттылығы – жылына 3000 тонна радиатор. Өнімдердің 30%-ы ішкі нарыққа жіберіледі, ал 70%-ы – экспортталады. Кәсіпорында қосымша 100-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады.

«Алдағы 2 жылда жаңа өнім түрлерін шығару арқылы өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл – трансформатор құрауға қажетті бөлшектер мен материалдар, панельді радиаторлар, изоляциялық қағаздар және т.б.», деді кәсіпорын директоры. 

Оның айтуынша, жобаның ерекшелігі мынада — бұл өнім түрлері 70% экспортқа бағдарланған және ЕАЭО елдерінің аумағында шығарылмайды. Шығарылатын өнімнің негізгі тұтынушылары Ресей мен Беларусьтің трансформатор зауыттары болмақ. 

Сонымен қатар кәсіпорында қосарлы оқыту жүйесі бойынша кадрларды оқыту және даярлау қарастырылған. Бұған қоса, зауытта әлеуметтік қолдау бағдарламалары бар. Мәселен, зауыттың жас мамандарына 500 мың теңгеден бөлінеді, баласы туған жағдайда әр бала үшін 250 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы беріледі. 40-қа жуық көп балалы отбасыға, сондай-ақ, жас мамандарға зауыт тарапынан тегін тұрғын-жай беру мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіпорындағы орташа жалақы мөлшері 165 мың теңгені құрайды.