Анар РЗАЕВ,
жазушы (Әзербайжан):
– Әзербайжан мен Қазақстанды тереңге кетіп жатқан тарихи тамырластық пен ортақ дін байланыстырады. Ал қазіргі дәуірде экономика мен саясат біріктіріп тұр. Екі елдің тәуелсіздік дәуірінде осы бірліктің негізін Гейдар Әлиев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалап кетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Бакуде басылған кітабына алғысөз жазғаныма қуаныштымын. Біздің Қазақстанмен рухани байланысымыз соңғы екі ғасырда тіптен астасып жатыр.
ХІХ ғасырда Низами Гәнжауи қыпшақ аруы Аппақпен отау құрып, ерте айрылады. Соның күйігінен «Сенсіз» атты әйгілі өлеңін жазды. Бұл өлең кейін романсқа айналды. Ал Қорқыт екі халықтың ортақ бабасы саналады. Әзербайжан ЮНЕСКО-ның қолдауымен Қорқыттың 1300 жылдығын тойлады. Күй атасы туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар шықты. Мен қырғыз, өзбек, қазақ, түрікмен сияқты бауырлас мемлекеттердің бірлесіп, Қорқыт туралы телехикая түсіргенін армандаймын.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
ақын, Қазақстанның халық жазушысы:
– Біз жиі кездесе бермейміз. Осыған дейін 1973 жылы, осыдан 46 жыл бұрын Алматыда жүздескен едік. Ол кезде Азия мен Африка елдерінің конференциясы өтті. Күрделі кезең еді. Азия мен Африка елдерінде басқыншылыққа қарсы процесс жүріп жатқан. Қазір біз баяғыдан бері тәуелсіздіктерін алып, оны нығайту жолына түскен Азия елдерінен келген әріптестерімізбен кездесіп отырмыз. Бұл кездесу Қазақстан үшін айрықша уақытта өтіп жатыр. Сапалы жаңа дәуір туып келеді. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Жолдауында жан-жақты айтып кетті. Жолдауда сөз болған реформалардың барлығы жүзеге асқанын күтеміз. Сонымен бірге Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмір де жаңаруы керек. Бұл жайында, жаңа уақыт жайында таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамаша ой айтты. Ол «әлемде күштілердің емес, ақылды адамдардың дәуірі туып келе жатыр» деді. Мұндай жан-жақты әрі нақты пайымды көптен бері естімеген едім.
Мұхаммад Хаджи САЛЛЕХ,
жазушы, «ASEAN» әдеби сыйлығының лауреаты (Малайзия):
– Біз өмір сүріп жатқан әлемде қазір қақтығыстар мен соғыстар жиіледі. Дәл осындай жағдайда жазушылардың негізгі рөлі – халықты тыныштандыру, жұбату. Бұл шығармашылық тұрғыда өте күрделі процесс. Біз, жазушылар, әдебиеттің маңызды екенін әлемге түсіндіруіміз керек. Бірақ, өкінішке қарай қазір әдеби тілді ғылым тілі ығыстырып барады.
Біз азиялық авторлардың қауымдастығын құруымыз керек. Біріккен азиялық әдебиетті зерттей алатын орын болуы тиіс. Өйткені егер мен қазақ әдебиетін, жапон немесе қытай тілін оқығым келсе, маған ондай мүмкіндік беретін институтқа келу керек. Қазіргі таңда мұндай ұйым жоқ. Сіз америкалық университеттің біріне баруыңызға болады. Бірақ іздегеніңізді ол жерден таба алмайсыз. Яғни, азиялық әдебиеттің институты болуы керек. Сонымен қатар бізге қазақстандық және малайзиялық жазушылар, жапон және үнді жазушылары тәжірибе алмаса алатындай бағдарлама қажет.
Мэнд ООЁО,
бірнеше халықаралық сыйлықтың лауреаты (Моңғолия)
Айдың жыры
Күміс Айдың сәулесін сиясауытқа тамыздым,
Өшпес мәңгі жырыма қасиетін қондырдым.
Ертегі Айдың сәулесін қаламыма сабақтап,
Текті жырымды ақыл жібегімен жөрмедім.
Гауһар Айдың мөлдір меруертін
жүрегіме түсірдім,
Қараңғыда жазған жырымнан
ақық сәуле шашылды.
Сәуегей Айдың жүзіне сәлемімді жөнелттім,
Сәулесі – кие жырым
қасиетті Шамбалына* жеткендей!
Тәржімалаған
Жүкел ХАМАЙ
* Шамбал – Жұмақ мекені деген мағына беретін діни атау
Анатолий КИМ,
жазушы, драматург (Ресей):
– Жалпы, бұл форум әлдеқайда ертерек болы керек еді. Себебі азиялық жазушылар да еуропалық қаламгерлер сияқты ортақ құндылықтар негізінде жаңа сатыларға көтеріледі, көтерілуі керек. Әйтпесе, еуропалық әдебиетке Азия қаламгерлері қатты кірігіп бара жатыр. Біріншіден, Азия елдері Еуропа сияқты территориялық жағынан бір-біріне жақын жатқан жоқ, оның да кері әсер көп. Бұл жалпы бөлек тақырып...
Мені білетін, менің шығармашылығыммен таныс жандар мені өте ұяң, бейбітшіл қаламгер ретінде таниды. Сол себептен бе екен, маған бүгін «Қару мен қалам» деген тақырыпта баяндама жасауға тілек білдірді. Мен әлбетте қуана келістім. Қалам мен қару жайлы айтқан тұста Қазақстанды айналып өту мүмкін емес. Бұл форумды ең бірінші Қазақстан өткізгені де заңдылық шығар. Осыдан біршама жыл бұрын жаппай қырып-жоятын қарудан бірінші болып бас тартқан да осы мемлекет. Сондықтан қарудан бас тартып, қалам мәселесін алға шығарып отырған мемлекеттің болашағынан күтер үмітіміз көп.
Мені Қазақстанмен байланыстыратын жайттар жетіп-артылады. Бұл жердің ауасы да, ақын-жазушылары да маған қатты жақын. Әуезовтен бастап, Әбіш Кекілбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов бар, көп қазақ авторларын тәржімаладым.
Юсеф ӘЛ-МОХАЙМИД,
жазушы, «Pushcart» әдеби сыйлығының лауреаты ( Сауд-Арабиясы):
– Дін мен әдебиетті бір-біріне қарсы қою – көнеден келе жатқан қасірет. Өткен ғасырда да әдебиетті тұншықтыруға талпыныстар көп болды. Тіпті тарихта Нобель сыйлығының иегерін өлтіру әрекеттері де тіркелген. Араб әлемінде болған террористік оқиғалар әдебиеттен де көрініс тауып жатыр. «Түнгі күтпеген оқиға» сияқты сүбелі туындылар осы терроризмге қарсы жазылды. Ауған жазушысы Халед Хоссейни де әдебиет әлеміне осы сарындас шығармаларымен танылды. Әдебиет – діннен азат, толерантты құндылық. Сауд Арабиясында жазушылар әдебиет пен журналистиканың дамуына көп үлес қосты. Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистикалық бірлестіктердің көбі әдебиет өкілдерінің күш салуымен қалыптасты. Бүгін араб әлемінде әдебиет терроризмге қарсы тұруға тырысып жатыр.
Соңғы бес жылда біздің әдебиетте алға жылжу бар. Тіпті 2030 жылға арналған Стратегиямызда әдебиет жетекші орын алып тұр. Қазір романдар мен повестер маңызды үнге айналды. Осылайша әдебиет негативті, хайуандық жүйеге ымырасыз күрес жариялап отыр. Деспотизм басқаратын әлемде интернет пен әлеуметтік желі арқылы жазушылардың екінші тынысы ашылды. Бейбітшіліктің жалғыз кілті әдебиетте. Әдебиет – терроризммен күрес жолындағы ең тиімді құрал екенін көрсетіп отыр.
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Осыдан тура 46 жыл бұрын, яғни 1973 жылы Алматыда Азия-Африка елдері ақын-жазушыларының конференциясы өтті. Онда жастау кезіміз, әрқайсымызды бір-бір елдің делегациясын күтіп алуға міндеттеп қойды. Мен Кэндзабуро бастаған жапон жазушыларын күтіп алдым. Конференция аяқталғанша алты күн бойы сол жазушылардың басы-қасында болдық. Негізі мұндай басқосулар аса қажет. Жазушылар одағының жаңа басшылығы бастама көтеріп, Үкімет қолдап, Азия жазушыларын елордаға бүгін жинап отыр. Жазушыларға жиі бас қосқан дұрыс. Тәжірибе алмасу үшін керек. Әйтпесе, жазушы онсыз да жалғыз. Сонымен қатар бұл форум барысында Азия елдерінің ақын-жазушыларының бір-бірінің төл әдебиеттерін насихаттауға жол ашылады. Мысалы, қазақ әдебиеті насихат жағынан кенже. Аударылу жағынан да солай. Империя тұсында бес-алты ғана номенклатуралық жазушылардан басқаларына шек қойылды. Енді қазір тәуелсіздіктен кейін құдайға шүкір, бүкіл Азия жазушыларын жинап, бас қосып жатырмыз. Оларды біз насихаттауымыз керек. Қазақ әдебиетін олар насихаттауы керек. Бүгінгі форумның бізге берері осы ғой деймін.
Дайындаған Мирас Асан,
«Egemen Qazaqstan»