Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2019

Іс тетігін кадр шешеді

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Мемлекет басшысының алғашқы Жолдауы елге не береді?» деген сауалға әрбір қазақстандықтың жауап іздейтіні заңды құбылыс. Елбасымен сабақтастық, партия туралы кіріссөзді былай қойғанда, жалпы Жолдау қоғамның өн бойына қан жүгіртеді.

Іс тетігін кадр шешеді

Президенттің айтқан ұсыныстары көптің көңілінен шықты. Себебі бизнестің үлкен қалаларда шоғырлануы, ауылдағы шағын және орта бизнестің мықты менеджментке мұқтаж болып келгені рас. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы дер кезінде қабылданған құжат болса да, ауылдың мүмкіндігі екі-үш мамандықпен шектеліп келді. Ауылға мықты менедж­мент керек екені мемлекеттік деңгейде алғаш рет айтылып отыр.

 Егер осы ұсынысты жүзеге асыра алсақ банктердің де бетін ауылдағы бизнеске бұра алған болар едік.

Мемлекет басшысының баспаналы болу тетіктеріне зейнетақы жинағын қарастыруы расында да ұтымды. Зейнетке шықпаған қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беру туралы бастама көтеріп, Үкіметке жыл соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін, мысалы үй сатып алу немесе білім алу мақсатына пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды.

Меніңше, зейнетақы қорындағы қаржыны жеке мақсаттарға жұмсау мәселесіне аса сақтықпен қарау қажет. Себебі ақша жүрген жерде заңды айналып кетудің мың түрлі мүмкіндіктері табылады. Қазір дәл осы мәселе қырғыз елінде де талқыланып жатыр. Ресейде жыл басында айтылды. Бірақ екі елде де талқылану деңгейінен әрі көтерілген жоқ.

Бұл жерде маған түсініксіз жайт – зейнетақы салымдарын қандай жастағы азаматтардың қолдана алатындығы. Ол еңбек жолын енді бастаған жас маман болса, оның жиналған қаржысы үйге немесе білімге салатындай қомақты емес. Сол себепті зейнетақы қорындағы қаржысы 5 млн теңгеден асқан салымшылар оның белгілі бір пайызын қолдана алады деп нақты көрсеткені дұрыс шығар. Себебі үкімет тарапынан нақтылық болмаса, оны қырық құбылтатындар барлық жерден табылады. Сол себепті бұл мәселені жан-жағымызға қарап, жеті рет ойланып, бір-ақ рет кесіп шешім қабылдағанымыз абзал. Шалт шешім қабылдасақ, қордағы барлық қаржының ертең-ақ түбі көрініп қалуы әбден мүмкін.

Қорыта келгенде Президент сайлауалды бағдарламасынан ауытқыған жоқ. Уәдеде тұра алатын тұлға екенін көрсетті. Аз қамтылған, асыраушысынан айырылған отбасылар үшін мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыны заңдастырып берді. Енді Президент пәрменін экономикалық тұрғыда негіздеп, іс жүзіне асыра алатын технократ менеджерлерді көргім келеді.

Себебі «Іс тетігін кадр шешеді» деген Сталин заманынан қалған ұстаным әлі өзектілігін жойған жоқ. Енді Қасым-Жомарт Кемелұлының Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнаған алғашқы Жолдауының орындалуы – оның айналасында жүрген азаматтарға сын болмақ. Себебі Президент шенеуніктерді қосымша қаржыландырып келген тетіктердің жабылатындығына уәде берді.

 Розақұл ХАЛМҰРАДОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері