Руханият • 06 Қыркүйек, 2019

Алтай сапары: «Ким» тегін іздеу жолында

740 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз корейлер Алтайды ықы­лым замандардағы арғы ата-бабала­рымыздың отаны деп білеміз. Егер де адам баласының арғы тегіне оралу құлшынысы мен түйсігі (һоming instinct) тұрғысынан қарайтын болсақ, корейлердің түпкі тегі шыққан жер деп болжанған Алтай өлкесіне деген ықылас пен қызығушылық арта түседі. Оған қоса аталған өлкеге сансыз адамның ағылуына әкеліп соғар еді. Алайда Алтай бүгінде біз үшін аңыз-әпсаналарға ғана арқау болған, жетуі қиын шалғай өңір.

Алтай сапары:  «Ким» тегін  іздеу жолында

Осыдан бірнеше жыл бұрын алғаш рет Алтайға сапар шегуді ойладым. Бірақ өкінішке қарай, қайда баратынымды, сапарымды қайдан бас­тайтынымды білмейтін едім. Ақыры, ұзақ уақыт ойлана келе Алтай сапарын Инчхон халықаралық әуежайынан бас­тап, Владивосток арқылы Новосібірге ұшақпен жеттім. Одан әрі асқақ таулардың арасынан жүретін автокөлікке отырдым. Сөйтіп Алтай Рес­публикасының астанасы Горно Алтайск қаласына жету үшін екі күн қажет болды. Алтаистика ғылыми-зерттеу институтының директоры Николай Екеевтің айтуынша, ежелгі заманда Алтайдан Корей түбегіне дейін ешуақытта шекара болмаған, осы аралықты еңсеруге ат үс­тінде төрт күн жетеді екен. Арада бірнеше мың жыл өткен соң шекара мен идеологиялар пайда болған кезде елдер тек жағрапиялық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да мүлдем алыстай түскен.

Фин елінің тілші-ғалымы Густав Рамстедт корей тілін алтай тілдері тобына кіргізгеннің өзінде корей тілінің шығу тегі соңғы 100 жылға дейін белгісіз болып келді. Алтай тілі мамандары алтай тілі мен корей тілінің бөліну кезеңін 8000 жыл әріге апарады. Сол 8000 жылдық көмескі естеліктермен бірге корей және алтай тілдері арасында болған байланыстардың ізі де жоғалды. Бұл жерде қытай жазуының (ханча) да зор ықпалы болды. Қытай жазуы қа­былданған соң, ежелгі корей жазуы қытай иероглифтерімен ауыстырылды. Қытай тілінің тек иероглифтерін ғана пай­даланған жапон тіліне қа­рағанда, корей тілінде көне қы­тай жазуының дыбысталуы да қолданылды. Осының кесі­рінен жергілікті тіл өзіне тән ерекшеліктерінен айырылды.

Осылайша соңғы жүз жыл­дықтарда екі елдің (Алтай мен Корея) тілінде ортақ белгі табу сәтсіздікке ұшырады. Алайда Алтай еліне жасаған саяхат кезінде жергілікті тілді зерделеп, алтай тілі іздерінің әлі де біздің тілде сақталып қалғанын байқадым. Мысалы, «ырымчангыл нотха» тіркесіндегі «ырым» сөзі алтай тілінде «шындыққа жақын» дегенді білдірсе, Корей түбегі мен Жапонияда «құдай» дегенді білдіретін «ком (аю)» сөзі «шаман» дегенді білдіретін алтайдың «кам» сөзінен шық­қан. Бұлардан тыс «мулъ», «квэ», «чурым», «кубулкубул» еліктеуіш сөзі, «чарыда» етіс­тігі, «бусуда», «чангса-чхи» суффиксі, көптік жалғаулары және т.б. сөздер корей және алтай тілдерінің төл сөздері.

«Алтай» сөзі «алтын» де­генді білдіреді. Ал корей­лер арасында ең жиі қолданыс­тағы Ким тегінің түп-төркіні «темір» емес, «алтын» сөзінің мағынасынан шығуы ық­тимал. Осыған байланысты Ким фамилиясының шығу тегін Алтай – «алтын елімен» байланыстыруға болады. Ал­тай өлкесіне қатысы бар түр­кілер ежелден бері темір өң­деп, темірді қамырша илеген. Сол кездері темірді метал­дар арасындағы ең бағалы және тазасы саналатын алтынға те­ңеген. Еуразия құрлығын жаулап алған көне түркілер алтынмен жұмыс істеген теміршілерді құрмет тұтқан, оларды қасиеті бар ақылгөй санап, ру- тайпалық ортада көсемдермен бірге құр­мет көрсеткен. «Алтын» мә­ніндегі «Ким» тегінің осындай терең тарихи себептерге сүйенуі әбден мүмкін.

Қытайдың ықпалына кіре қоймаған ежелгі Силла елінде «хан» дегенді білдіру үшін марипкан немесе косокан деген сөздер қолданылған. Кан сөзінің мағынасы алтай тілімен төркіндес келеді. «Марип» аты көп тараған. Ал «хан», «кхан» деп айтылатын «кан» сөзі алтай тілімен бірге барлық түркі тілдерінде «хан, патша» дегенді білдіреді. Сол себепті Силла патшаларының VI ға­сырға дейін қолданған алтын тәждер мен мазарлары Еуразия түркілерінің ескерткіштері мен жәдігерлерімен үндес келеді.

Өкінішке қарай, корей хал­қы қытай мәдениетінің ық­палынан теріскей жақпен байланысы үзіліп қалса, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған Кеңес Одағының «темір пердесі» мен Корей түбегінің солтүстік және оң­түстікке бөлінуінен сағы сынды. Осының нәтижесінде Алтайды есінде сақтаған жады жасушалары да көптен бері ұмыт қалды. Аңыз-әпсаналық кезеңнен қалған естеліктерді ендігі жерде қайта қалпына келтіру уақыты келген болар. Сол үшін ең әуелі бір-біріміздің жүректерімізге жол табуымыз керек.

Ынгенг О,
Донгдук қыздар университеті Еуразия түркологиялық зерттеулер институтының
директоры, профессор

Сеул