Әдебиет пен өнер жолы – қиын жол. Әркім танымал болғысы және оған біреудің таңданғанын қалайды. Тіпті ғасырлар бойы шығармасы қолдан түспесе де, әр жазушының бұл арманы орындала ма жоқ па, ешкім кепілдік бермес еді. Дегенмен, әр қаламгер өзі өмір сүрген дәуір келбетін жазуы керек. Келесі ғасырға кім жетуі мүмкін? Ең дұрыс шешімді үнемі болашақ қабылдайды. Бүгін көп оқылған шығарма ертеңгі күні де өлмес мұра болады деген сөз емес.
Түркияның ең танымал ақыны Яхья Кемал айтады: «Адам ойлағанша өмір сүреді...».
Ойлау, талдау және жұмыс... Бұлар жазушы зертханасына міндетті талаптар. Жалпы әдебиет, жазу немесе жаратылыс нені білдіреді? Біз неге жазамыз? Мұның мәні неде?
Осы сұрақтарға қысқаша сипаттамалармен жауап берейін: ең әуелі сұлулыққа жету үшін жазамыз. Бұл әдемі анықтаманың метафоралық мағынасы бар. Жазу белгілі бір мағынада, өлмес құндылықтарға апаратын басқа жол... Жазу – бұл өмір тынысы.
Адамда екі аспект бар: дене және жан... Жазу – осы екеуінің ортақ жемісі. Дене өледі, ал жан өлмейді. Автор үшін мәңгілік өмір: таланттың, жұмыстың, ізденістің және шығарманың берік үйлесімі.
Өнер мен әдебиет – бұл салыстырмалы ұғым. Бірақ көпшілік оны шығармаға айналғаннан кейін ғана бағалайды. Қаламгер бақилық болса да, шығармалары өмір сүруін жалғастыра береді.
Поэзия дегеніміз не? Нақты анықтама жоқ, бірақ миллиондаған анықтамалардың ішіндегі менің сүйікті сөзім: Поэзия – сөзбен әдемі пішіндер құрастыру өнері.
Әлі күнге дейін мен жазып жүрген, бірақ жарияламаған өлеңдерім көп. Жоғарыда айтқандарымның бәріне сүйене отырып, менің түйіп айтарым, ақын өмір сүргенін білу үшін жазуы керек... Жазу – тыныс алуға тең келетін құндылық. Жазу – махаббаттың ең үлкені. Бұл баланы дүниеге әкелу сияқты болар еді, бірақ жазбай және шығармай шығармашылық күй кешу дегеніңіз ол – жанымыз да денемізбен бірге өлу. Ал біз үшін абсолютті өмір жолы ол – өлең.
Мехмед Нури ПАРМАҚСЫЗ,
ақын (Түркия)