Учаскелік комиссияның анықтауынша, 929 азаматтың жағдайы жақсы болып шыққан. Ал 54 отбасы табысын жасырыпты, олардың арасынан бүгінде 3-уі 2 ай алып қойған қаржысын қайтарса, 2 отбасына қатысты мәселе сотта қаралуда екен. Ал қалғандары қайтару үстінде. Министрлік тарапынан жүргізілген анықтау жұмыстарының нәтижесінде 316 отбасына қаржы тоқтатылған. Бұл отбасыларға қатысты жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде 312 азаматтың 2019 жылдың наурыз айында төленген еңбекақысының 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс беруші уақытында аудармағаны, 2 азамат алып жатқан алиментін, тағы 2 азамат зейнетақы алатын ата-енесін жасырғаны анықталған. Бұл – бір аудандағы мысал. Жалпы еліміздегі мұндай келеңсіздіктерден Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев хабардар екенін күні кеше халыққа жолдаған Жолдауы арқылы білдірді. «Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Алайда, бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан. Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті. Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді», деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы арада айта кетелік, ауданда көп балалы аналар саны – 13628 болса, оның 9857-інің 18 жасқа толмаған балалары бар. Көп балалы аналардың 85 пайызы, яғни 8268 отбасындағы жиынтық табысы кедейшілік шегіне жетпейтін аз қамтамасыз етілгендер санатына жатқызылып отыр. Оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар саны – 5726.
Ал енді атаулы әлеуметтік көмек алу үшін сәуір-тамыз айында 21541 отбасы өтініш тапсырыпты. Ауылдық әкімшіліктер жанынан құрылған учаскелік комиссиялар сәуір-тамыз айында өтініш тапсырғандардың материалдық жағдайын тексеріп, 14865 отбасына мұқтаж отбасы деп қорытынды шығарған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданның халықты жұмыспен қамту орталығы мұқтаж 14865 отбасының 13226-ына сәуір-шілде айында қаржы тағайындаған. Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш тапсырған отбасылардың 60 пайызы көп балалы мұғалім, дәрігер, әскери қызметшілер, бала бақшадағы тәрбиешілер, медбикелер екен. Еңбекақылары отбасындағы жан басына шаққанда кедейшілік шегінен асқандықтан, жұмыстан босау, ерімен ажырасу, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыстарын жасыру, ірі ұсақ малдарын сату фактілері орын алып, халықтың наразылығы туындағаны жасырын емес. Сондай-ақ ауданның демографиялық өсімі жоғары. Мысалы, жылдан-жылға туу көрсеткіші жоғарылап, 8500-9 мың бала дүниеге келуде.
Аудандағы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Д.Динашованың хабарлауынша, атаулы әлеуметтік көмекті тиімді пайдаланып жатқан отбасылар да аз емес. Мысалы, Қабланбек елді мекенінің тұрғыны Зухра Гусейноваға АӘК-тің шартты түріне 12 айға 1 139 760 теңге қаржы тағайындалып, оның 338 114 теңгесі берілген. Алты баланы тәрбиелеп отырған жалғызілікті ана осы қаржының белгілі бір бөлігіне күрке тауық және қаз сатып алып, құс шаруашылығымен айналысуда. Ал 3 баласы бар, күйеуі жалдамалы жұмыс істейтін Сарыағаш қаласының тұрғыны Айткүл Искакова атаулы әлеуметтік көмек бойынша алған қаржыға «Дәулет» сауда орталығынан орын алып, тамаққа қосатын 46 түрлі қоспаларды сатумен айналысуда екен. Оған АӘК-тің шартты түріне 12 айға 768 372 теңге қаржы тағайындалған. Айына 64031 теңгеден төлеу жоспарланып, 3 айға 173 757 қаржы беріліпті. «Көп балалы аналарды жұмыспен қамту мәселесі де басты назарымызда. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3604 ананың отбасындағы еңбекке жарамды, бірақ жұмыссыз жүрген 5408-ін жұмыспен қамту шарасына қатыстыру жоспарланған. Биылдың 8 айында 594 көп балалы ана бағдарлама аясында жұмыспен қамтылды», дейді халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.
Айта кетелік, ауданда жүргізілген әлеуметтік картаға сәйкес, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке қатысатын көп балалы және аз қамтамасыз етілген 6162 анаға қажетті 3,5 млрд теңге республикалық бюджеттен қарастырылған. Қосымша 8, 246 млн теңге қаржының қажеттілігі туралы хат тиісті орындарға ұсынылыпты. Биылға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 4,9 млрд теңге қаралып, қазіргі таңда оның 4,1 млрд теңгесі игерілген.
Түркістан облысы