Қоғам • 06 Қыркүйек, 2019

«Бақытты отбасы» және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының айырмашылығы неде

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген «Бақытты отбасы» бағдарламасы мен «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арасындағы айырмашылықтар бойынша азаматтар тарапынан келген сауалдарға қатысты «Баспана» ипотекалық ұйымы түсінік берді. 

«Бақытты отбасы» және «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының айырмашылығы неде

«7-20-25» және «Бақытты отбасы» - бір-біріне ұқсамайтын, шарттары бір-бірін қайталамайтын бөлек ипотекалық бағдарламалар болып табылады. Олардың тұтынушы санаттары бөлек. «7-20-25» бағдарламасы атында үйі жоқ, ресми табысы бар, халықтың экономикалық белсенді санатына жататын азаматтарға арналған. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы құрамына көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар кіретін халықтың әлеуметтік қорғалатын санатына арналған. «7-20-25» бағдарламасы нарықтан өздігінше қаржы тартып, банктердің ипотекалық кредиттерін сатып алады, ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы тікелей мемлекеттік бюджет тарапынан қаржыландырылады», делінген хабарламада. 

Халықтың экономикалық белсенді бөлігіне арналған «7-20-25» бағдарламасы 7% жылдық үстемемен, 20%-дан басталатын алғашқы жарна, 25 жылға дейінгі мерзім шарттарымен ипотекалық несие алуға мүмкіндік береді.

«7-20-25» бағдарламасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі аясында «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру мақсатында әзірленді.

Бағдарлама бұған дейін нарықта болған жылдық үстемелерді екі есеге азайтты, ипотекалық несие мерзімін 25 жылға дейін создырды. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін ипотеканың ай сайынғы төлемдерін арзандатып, бір жыл ішінде 10 мыңнан астам отбасының баспаналы болуына мүмкіндік берді.

«Алайда аталмыш бағдарлама көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар кіретін халықтың әлеуметтік қорғалатын санатына арналмаған. Олар үшін үкімет тарапынан «Бақытты отбасы» бағдарламасы әзірленіп, жұмыс істеуде», делінген ұйым хабарламасында.