Саясат • 09 Қыркүйек, 2019

Аида Балаева: «Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог – қоғамдық сенімнің негізі»

410 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың билікке деген сенімі оның нақты іс-әрекетіне қарай артады. Ел ішін жиі аралап, жағдайларын көзбен көру керек», деген болатын. Билік мен қоғам арасындағы өзара байланыстың өрістеуі – мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі. Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның аймақтарды аралап, азаматтарды жеке қабылдауы жалғасуда. Өткен аптада Президент көмекшісі Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, сондай-ақ өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен, жастармен кездесті.

Аида Балаева: «Билік пен бұқара арасындағы ашық диалог – қоғамдық сенімнің негізі»

 

– Шеберхана ашқым келеді, – деді Президент көмекшісі – Президент Әкім­ші­лігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлі­мінің меңгерушісі Аида Балаеваның қабыл­дауына алғашқы болып тіркелген Жайлау Таласов. Қызыл­қоға ауданы Сағыз ауылында тұратын қолөнер шебе­рі ұзақ жылдардан бері сазсырнай жасаумен айналысады. Ұлттық аспапты кәсіби деңгейде дайындайтын шебер шә­кірт тәрбиелеуге ынталы, бірақ жеке шеберхана ашуды жағдайы көтермейді. Облыстық музейде қазба орындарынан шыққан жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстарына да белсенді қатысып жүр. «Құм астынан аршылып алынған құнды дүние­лерді қалпына келтіру – Атырау облы­сында ғана емес, жалпы республикамызда өзекті, – деді Аида Ғалымқызы. – Осы салада арнайы маман дайындау ісі кенже қалып қойды. Мәдениет және спорт министрлігі, мәдениет басқар­ма­ла­ры осы тақырып төңірегінде әрекет етуі тиіс».

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сын­да көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында елімізде бірқатар жо­ба­­лық кеңселер ашылды. Ұлттық құн­ды­лықтарды насихаттауды мақсат қыл­­ған қолөнер шеберіне Президенттің кө­мек­шісі қоғамдық ұйым құрып, өңір­де­гі жобалық кеңсе арқылы шеберхана ашуға ұсыныс берді. Қазір Атырау қала­сында өнер адамдарына арналған шығар­машылық үйінің құрылысы жүріп жатыр. «Мүмкін облыс орталығына келіп, үйірме ашарсыз. Сіздің мәселеңіз шешіл­генше қадағалауымда болады», деген Президент көмекшісінің сөзінен қол­өнер шебері қанаттанып шықты.

 

Әлеуметтік көмек туралы әңгіме көп

Мұнайлы аймақта 6,5 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,2 мың ғана бол­ған. Бір жыл ішінде мұқтаждар саны неге көбейді? Мемлекеттен жәрдемақы алу үшін табысын жасырып, тіпті қағаз жү­зін­де ажырасып жатқан отбасылардың бары белгілі болды. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жол­дау­ында да ашып айтты. «Жұмыс істегісі кел­мейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді. Атаулы әлеуметтік көмек жүйесі ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, ең­бек етуге ынталандыруы тиіс», – деген Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіруді тап­сырды. Президент көмекшісі Аида Балаеваның жастармен және қоғам­дық ұйым белсенділерімен өткізген кез­десуінде де осы тақырып талқыға түсті. «Нейродетки, чудо есть!» қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі Меңсұлу Мақ­со­това «Жаңа әлеуметтік саясаттың нә­ти­жесінде қолға алынған атаулы әлеу­мет­­тік көмек масылдыққа жол ашты десе, «Жасұлан» қоғамдық бірлестігінің жетек­шісі Марта Қанатова бұл пікірмен келіс­пейтінін, ауылда көмекке мұқтаж қан­шама аналардың бар екенін айтты. Президент көмекшісінің жеке қабыл­да­уы­на келген тұрғындардың басым бөлігі де АӘК алуға көмек сұрады. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімі биыл біраз жеңілдетілгенмен, мемлекет қамқорлығына түрлі себептермен қол жеткізе алмай жүргендер әлі бар. Себептің бірі – басыбайлы баспанасы жоқ, пәтер жалдап күн көріп жүрген отбасылар уақытша тіркеуге отыратын жер таппайды. Осы проблемасын айтып Президент көмекшісінің қабылдауына Атырау қаласының тұрғындары Эльмира Әжғалиева, Гүлжанат Отаралиева, Наталья Лебедева, Әмина Джамитова, Айзада Ерғалиева, Жанна Амантайқызы, Амангүл Қайыржанова, Базаргүл Ибра­ги­­мова, т.б. келді.

Мұнайлы аймақта «Іскер ана» жобасы жүзеге асуда. Көп балалы, жалғызбасты, мүге­дек бала тәрбиелеп отырған және әлеу­меттік жағынан аз қамтылған, жұ­мыс­сыз аналарды қолдауды мақсат еткен жоба аясында жүзден астам адам жаңа мамандық игеріп, сертификат алды, кәсіптерін бастады. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған мұн­дай жобалардың маңызы зор екенін айтқан Аида Ғалымқызы жергілікті би­лік өкілдеріне көмек сұрай келген ана­лардың мәселелеріне немқұрайлы қарамай, қолдау көрсетуді тапсырды.

Аймақтағы азаматтық қоғам мен үкі­меттік емес ұйымдарға қолдау көр­се­ту мақсатында ашылған азаматтық орта­лық­тың белсенді жұмыс істеп жатқанын айта кету керек. Орталық жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызы өткен жылы әлеу­мет­тік байқаулар бойынша өңірге 16 млн теңге тартылса, биыл бұл көрсеткіш 102 млн теңгеден асқанын айтты. Бұл – қоғамдық ұйымдар жұмысының қанат жая бастағанының анық айғағы.

 

Тұрғын үй – тек қана кезекпен

Атырау қаласының тұрғыны Сан­ду­ғаш Малимова көп балалы ана ре­тінде 2004 жылы тұрғын үй кезегіне өтініш берген. Қазір кезекте 436 болып тұр. Облыс орталығында құрылыс қарқынды жүріп жатқанын ескерсек, Сандуғаштың баспанаға қол жеткізер күні де алыс емес. Осы секілді Қадірбек Садықов, Сәуле Жақанова, Гүлжазира Ахметқалиева, Шынар Масалимова, Гүлнар Көшелекова, Бағыт Даужанова, т.б. баспана сұрай келді. Бірақ қол­да­ныс­та­ғы заңның аясынан шығуға тағы болмайды. «Бәрі заң шеңберінде болуы тиіс. Тұрғын үй тек қана кезекпен беріледі», деген Аида Балаева «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламаларына қатысуға шақырды. Прези­дент Жолдауында әлеуметтік тұрғы­дан әлсіз топтар үшін баспананың қол­же­тімділігін арттыруға бағытталған «Бірыңғай тұрғын үй саясатын» әзірлеу қажеттігін айтты. Жыл соңына дейін «Бақыт­ты отбасы» бағдарламасы бойын­ша елімізде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Атырауда бүгінге дейін 153 отбасы осы бағдарламаға қатысуға өтініш берген. Тұрғын үй саясатын жетілдіру жұмысы қолға алынып жатқан тұста бұл көрсеткіштің әлі де көбе­йері анық.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биыл халыққа есеп беру жиынында 1000 адамға тұрғын үй сертификаты бері­ле­тінін айтқан болатын. Президент көмек­ші­сінен осы сертификатты сұрай келгендер де болды. Елбасы тапсыр­масымен қолға алынған «7-20-25» бағ­дарламасы аясында алғашқы жарнаны азайту мақ­са­тында берілетін сертификатқа бюджет қызметкерлері, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған санат­тағы азаматтар ие бола алады. Қабыл­дау­ға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов тұрғын үй сертификатына қатысты мәселені шешу­ді өз міндетіне алды.

Салыстырмалы түрде айтсақ, азамат­тар­ды қабылдауда ең көп қойылған сауал­дар қатарында жер мәселесі де бар. Жер кезегіне тіркелгендер жұмыстың баяулығына шағымданады. Қазір қала елді мекендері бойынша кезекке 1999-2004 жылдары тұрған азаматтардың өтініштері қаралып, заңға сәйкес жер телімдерімен қамтылуда.

 

Жайық, жұмыс, «мектепке жол» жайы

Атырау қаласының тұрғыны Айнаш Түнғатарованың үш баласы мектеп­ке барады. Өзі де, жолдасы да жұмыссыз болғандықтан, балаларды сабаққа дайындауға мүмкіндігі жоқ екенін айтып, көмек сұрады. Аида Балаева қабылдауға қатысқан облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен білім беру басқармасының басшыларына отбасына қолдау көрсету туралы тапсырма берді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйым­дас­ты­рылатын «Мектепке жол» акциясы аясында былтыр 14 868 балаға көмек көрсетілген. Биыл да осы жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Қабылдауға мектеп құралдарымен, киіммен көмектесуді сұрап келген ата-аналарға жәрдем бері­ле­тін болды.

Президент көмекшісіне аты­рау­­­лықтар жеке мәселелерімен ғана келіп қойған жоқ. Қала тұрғыны, 83 жас­­тағы зейнеткер Қали Әубәкіров эко­ло­гиялық проблемаларды қозғады. Қа­рия­ны әсіресе Каспий теңізі мен Жа­йық өзенінің қазіргі ахуалы алаң­да­тады. «Медицина» АҚ басшысы Забира Дәулетжанова «Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP» фармацевтика зауытына мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілетін несие алуға көмектесуді сұра­ды. Мақат ауданының тұрғыны Ғазиз Ғабдуллин шаруа қожалықтарының судан тапшылық көріп отырғанын, ауданда қоқыс полигонына байланысты проблема барын айтса, Серік Тәжіғалиев Ескене кентінің қашан көшірілетінін білгісі келеді.

Денсаулығына байланысты студент балаларының оқу ақыларын төлеуге қаржылай көмек көрсетуді, жұмысқа орналастыруды, кәсібіне қолдау көрсетуді сұрап келгендер де нақты жауаптар алды. «Құрғақ уәде бере алмаймын, біздің арнайы бекітілген заңымыз бар. Оның шеңберінен шықсақ, ешқандай тәртіп болмайды. Ал тәртіп болмаған жерде елдігімізден айырыламыз», деді Аида Балаева.

 

Мемлекеттік бағдарламалар жарты жолда қалмаса...

2020 жылы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтеді. Президент көмекшісінің аймақтағы зиялы қауым өкілдерімен кез­десуінде қоғам қайраткерлері, ең­бек ардагерлері Есен Тасқынбайұлы, Қатимолла Ризуанов, Мәдина Ғабдуса­ли­мовалар осы мерекеге орай өтетін шаралар, тыл еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру жайына тоқталды. Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев атыраулық тарихшы-журналист Жұмабай Дос­па­нов­тың екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар, қазақ офи­цер­лері, қазақ әйелдері туралы 20 том­дық кітап шығарғанын атап өтіп, Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында осы үлкен еңбекті баспалардан шығарып, республика көлемінде насихаттау жөнінде ұсыныс білдірді.

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов кейбір мемлекеттік бағдарламалардың науқаншылдыққа айналып кететінін айтты. «Мысалы, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары бойынша бас­тап­қыда ауқымды жұмыстар жүреді де, кейін ұмытылып, талап алаңынан шығып қалады», деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен таби­ға­тымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн» дей келіп, этнотуризмді экономиканың маңызды саласы ретінде дамытуға баса мән берді. Алтын Орданың ірі сауда және экономикалық орталығы болған Сарайшық қаласының орнына қазіргі заманғы сапар орталығын салу жоспарда бар. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры Әбілсейіт Мұқтар: «Алтын Орда тарихын жетік білетін мамандар өте аз. Ресей тіліндегі деректерді емес, парсы, араб тілдеріндегі деректерді зерделей алатын мамандарды дайындау ісіне көңіл бөлінсе», деген тілегін жеткізді.

«Мемлекеттік бағдарламалардың белсенділігі ешуақытта төмендемейді, – деді кездесуді қорытындылаған Аида Балаева. – Жеке қабылдауым кезінде кейбір тұрғындардың мемлекеттік бағдарламалардың игіліктерінен бейхабар екенін аңғардым. Сондықтан қоғамдық кеңес тарапынан болсын, барлық басқармалар тарапынан болсын мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығын сезіндіретін жаңалықтарды ауыл-елде насихаттау бағытында жұмыстар жүруі керек».

Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның қабылдауына жазылған 100-ге жуық тұрғын түйінін таппай жүрген түйткілін айтып, тұйықтан шығар жол іздеп келді. Олардың бәрінің де жағдайлары хаттамаға жазылып, шешілуі бақылауға алынады. Жеке сауалдардан бөлек, мемлекеттік деңгейдегі мәселелер де Президент көмекшісінің назарында. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», деп атап көрсеткен болатын. Билік пен қоғам арасындағы өзара диалогты қамтамасыз ету осындай шаралардан басталса керек.

 

АТЫРАУ