Спорт • 09 Қыркүйек, 2019

Әлем чемпионатында Әнұранымыз неше рет шырқалады?

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Ресейдің Ека­теринбург қаласында бокстан ерлер арасында әлем чемпио­на­тының жалауы кө­терілді. Жиыр­масын­шы рет өтіп жатқан жаһандық додада 91 мемлекеттен 488 саңлақ бақ сынайды.

Әлем чемпионатында Әнұранымыз неше рет шырқалады?

Жаһандық жарыс 52 кило салмақта бақ сынайтын Сәкен Бибосыновқа зор мүмкіндік. Себебі ол ірі турнирге алғаш рет қатысқалы тұр. 22 жастағы боксшы әлем біріншілігінде жүлде алып жатса, Токио Олимпиадасының лицензиялық жарысына қатысуы әбден мүмкін. Ал егер де сенімді ақтамаса, кезегін күтіп тұрған бірнеше әріптесі бар. Солардың бірі – кадеттер, жастар арасындағы екі дүркін Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Махмұт Сабырхан. Президент кубогының финалында екеуі қолғап түйістіріп, Сәкен 19 жастағы Махмұттан 3:2 есебімен басым түскен еді. Сондай-ақ тізімге соңғы сары құрлық додасында ел намысын қорғаған Әнуар Мұзаппарды қосыңыз. Сәкен туралы бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев былай дейді: «Сәкен талантты боксшылардың бірі. Ол Қызылордада өткен спартакиадада топ жарды. Президент кубогында қарсылас шақ келтірмеді. Өз салмағында нөмірі бірінші боксшысының әлем чемпионатына қатысуы заңды».

56 кило. Құрама сапындағы жалғыз әлем чемпионы – Қайрат Ералиев. Соңғы кезде сақа боксшы жөнінде көптеген сын айтылса да, бап­­кер­лер ірі турнирге Қайратты алып барудан шаршаған жоқ. Себебі әлемнің алтын медалін екінің бірі ала бермейді. Жақында жаттығуын барып көргенімізде, оның дайындығы ойдағыдай өтіп жатқанын байқадық. Егер де жеребе жолдас болып, төрешілер әділ төрелік жасаса, Қайрат Серік Сәпиев ағасы сияқты екі дүркін әлем чемпионы болары сөзсіз.

63 кило. 2015 жылы Дохада өткен әлем бірін­шілігінде сайысқа түскен Зәкір Сафиуллин­ді көпшілік жақсы таниды. Бапкерлер бұл жолы Азияның екі дүркін күміс жүлдегеріне сенім артып отыр. Биылғы Президент кубогында күміспен күптелген 33 жастағы боксшы енді әлемдік сында олжа салады деп сенейік.

«Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килода әлем чемионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов айқасады. Біз оның жекпе-жегін 2017 жылы Ташкентте өткен сары құрлық жарысында тамашалаған едік. Финалда жергілікті бокс­шы Шахрам Гиясовтан жеңілді. Жекпе-жектен кейін жерлесімізді әңгімеге тартқанымызда, қабағы қатулы Абылайхан: «Аға, Токио – менің Олимпиадам болады» дегені есімізде. Биыл Атыраудағы халықаралық турнирде, елордада өткен Президент кубогында топ жарған 22 жастағы өрен әлем біріншілігі алдында: «Құдайға шүкір, дайындығымыз ойдағыдай. Жарақаттан аманбыз. Бір ғана арман бар. Ол – әлем чемпионы болу. Сәтін салса, үздіктер қатарынан көрінемін», – деді.

Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы аясында шағын футболдан БАҚ лига турнирінде Әбілхан Аманқұлмен кездесіп қалдық. 75 килода көшбасшы Әбілхан бүгінде жарақатынан толық айықпапты. Енді қатарға қосылғанның өзінде мықты екенін тағы бір дәлелдеу керек. Себебі бұл салмақта таяуда ғана Азия чемпионы атанған Тұрсынбай Құлахмет бар. Қызылордалық боксшы шеберлігін тек Азияда емес, Президент кубогында да дәлелдеді. Оған Ислам ойындарының жеңімпазы атағын қосыңыз. Тұрсынбай Ресейге жай бара жатқан жоқ, жеңімпаз болсам дейді: «Бүгінде бокс барлық елде дамып келеді және оңай шағылар қарсылас жоқ. Бұрын Азия немесе әлем чемпионатына қатыссам деп армандайтынмын. Азияда үздік атандым, енді әлемде дара шықсам деймін».

81 килода талантты боксшылар жетерлік. Олардың ішінде көшбасшы – түркістандық Бек Нұрмағамбет. Бірақ, жарақатына байланысты ол Екатеринбургте ел намысын қорғай алмайды. Бектің орнына Бекзат Нұрдәулетов барады. Маңғыстаулық боксшы да қара жаяу емес. Бұған дейін 91 кило салмақта бақ сынаған Марат Жәкиевтің шәкірті жастар арасында әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Қазақстан чемпионатының финалисі, спартакиаданың қола жүлдегері. Шілде айында Президент кубогында 81 килода бақ сынап, күміс медаль еншіледі.

«81 килода бәсеке өте күшті. Азия чемпио­ны Бек Нұрмағамбет, Президент кубогының финалисі Бекзат Нұрдәулетов және жастар арасында әлем чемпионы Нұрбек Оралбай құрама сапында жаттығып жүр. Бұл жолғы таңдау Бекзатқа түсіп отыр», деді құраманың бас бапкері Ғалым Кенжебаев.

91 килода айқасып жүрген Василий Левит­тің қоржынында барлық ірі халықаралық тур­нирдің медалі бар. Ол Азияның үш дүркін же­ңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері және Рио Олимпиадасының финалисі. Васяның басты арманы – Токиода топ жару. Марат Манашевтің шәкірті әлем біріншілігінде үздік шықса, Олимпиада жолдамасы үшін таласа алатынын біледі. Себебі оның өкшесін басқан әріптес інісі, жастар арасында Олимпиада чемпионы және әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Айбек Оралбай бар. Жақында Президент кубогынының финалында екеуінің жолы түйісті. Тартысты өткен жекпе-жекте Левит сәл ғана басымдықпен жеңіске жетті.

«Мақсат біреу, ол – әр жекпе-жекте жеңіске жету. Сондықтан әрбір жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып, жақсы нәтиже көрсеткім келеді», деді В.Левит.

Аса ауыр салмақта (+91 кило) айқасатын Қамшыбек Қоңқабаевқа бүгінде елімізде тең келер ешкім жоқ шығар. Өйткені Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері Иван Дычко кәсіпқой боксқа ауысқалы, құраманың №1 боксшы болу Қамшыбектен өзгеге бұйырмай келеді. Егер де бапкерлер Қамшыбекті жақсылап қамшылайтын болса, екі жыл бұрынғы күміс медалін алтынға айырбастауы бек мүмкін.

Сонымен Екатеринбургте ел намысын қор­ғайтын боксшылардың шама-шарқын саралап көрдік. 2017 жылғы әлем біріншілігінің нәтижесіне көз жүгіртсек, онда жігіттер 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Ал сол жүлдегерлердің арасынан бүгінде төрт боксшы – Қайрат Ералиев (алтын), Қамшыбек Қоңқабаев (күміс), Абылайхан Жүсіпов (қола) және Василий Левит (қола) Ресейге аттанды. Олардың қатарына өз салмақтарында үздік шыққан төрт оғланымызды қосар болсақ, онда жігіттердің кем дегенде 5 медаль жеңіп алуға мүмкіндіктері бар. Сонда ғана Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштіктен көріне алады. Ал оның ішінде қанша медаль алтын болары тек бір жаратқанға аян. Боксшылардың жолы болып, Ресей төрінде Алаштың Әнұраны бір емес, бірнеше мәрте орындалсын деп тілейік.

 

Алмас МАНАП