Қазақстан • 09 Қыркүйек, 2019

Бауыржан Байбек: Нағыз патриот болсаң, теріңді төгіп еңбек ет

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Жастар Отанға!» саяси лагеріне барды.

Бауыржан Байбек: Нағыз патриот болсаң, теріңді төгіп еңбек ет

Жастармен өткен бейресми кездесу барысында Бауыржан Байбек оларды толғандырып жүрген түрлі сұрақтарға жауап беріп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол өз сөзінде Партия Лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар» деп жас буынға үлкен сенім артып отырғанын жеткізді.

– Елбасы партияға ел болашағына шын жаны ашитын, белсенді жастарды топтастыруды, оларға арнап әлеуметтік лифт құрып, жас буынды толғандыратын ең өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Сонымен қатар, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында жастарға берілетін білім сапасына айрықша назар аударылып отыр. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін Президент Үкіметке осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды, - деді Бауыржан Байбек. 

Қазіргі таңда «Jas Otan» 2020 жылға дейінгі «Жастар Отанға!» жастардың табысқа жету жолы» бағдарламасының жүзеге асырылуын егжей-тегжейлі талдау жұмыстары жүргізілуде. Алғашқысы толықтай қорытындыланғаннан кейін 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарлама жасалады. Жастар қанатының қолданыстағы Жарғысына сәйкес жаңа бағдарлама келесі жылдың көктемінде «Jas Otan» Жастар қанатының V съезінде қабылданады.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жастар қанатының негізгі міндеті – еліміздің барлық аймақтарындағы құрдастарына партияның жастар саясатын, «Jas Otan»-ның жобаларын іске асырудағы жаңа тәсілдерді жеткізу, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарлама үшін ұсыныстар жинау және оларды талқылауды ұйымдастыру екенін атап өтті.

Өз кезегінде лагерьге келген жастар қоғамдық құндылықтар, жатақхана, жұмысқа орналасу, әлеуметтік желілердің ықпалы және бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтарға қатысты ойларымен бөлісіп, сауалдарын қойды.

–– Мемлекет жастарға қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Ол үшін әртүрлі механизмдер жасалып та жатыр. Дегенмен, жастар кез келген жетістікке ең алдымен өзі табандылық танытып, талмай еңбек еткенде ғана жетуге болатынын түсінуі тиіс. Кедергілер адамның өз басында. Нақты мақсат қойып, алға ұмтылу керек және жаңа нәрселерді жасаудан, көпшіліктің сынына ұшыраудан қорықпау қажет. Еңбек етемін деген адамға елде жұмыс жеткілікті. Біліксіз заңгер болғанша, мықты дәнекерлеуші болған дұрысырақ емес пе? Егер адам шын мәнінде табысты болуды қалап, сол жолда табандылық танытса, нәтижеге қол жеткізетіні анық. Өзіндік ойы бар, тың бастамалардан қорықпайтын, еңбекқор адамға өз елімізде де мүмкіндік көп. «Nur Otan»-ның қатарында елге шын жаны ашитын, елдің ертеңін жақсы жаққа өзгертуге құлшынған азаматтар болуы керек, - деді партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Айта кетейік, «Jas Otan» жастар қанатының мұрындық болуымен 2009 жылдан бастау алған «Жастар Отанға!» республикалық жастар саяси лагері осымен қатарынан он бірінші рет ұйымдастырылды. Биыл бұл шара Ақмола облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында 4-9 қыркүйек аралығында өтті. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170-ке жуық белсенді жас өзара тәжірибелерімен алмасып, түрлі семинар, тренингтер мен тренд-сессияларға және спорттық, ойын-сауық шараларына қатысты.