10 Қыркүйек, 2019

Вирустық менингит толықтай жазылады - инфекционист

600 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық балабақшаның бірінде балалардың вирустық менингит жұқтырған екі жағдайы тіркелді. Осы себептен дәрігерлер өз бетімен ем жасамай,  алдын алу шараларын қатаң ұстануға кеңес береді. Қазақстан Республикасының штаттан тыс бас инфекционист-дәрігері,  медицина ғылымдарының докторы,  профессор,  Астана Медициналық университетінің балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі Данагүл Баешева инфекциялық аурулардың белгілері мен сірлі менингиттің қаншалықты қауіпті екенін айтып берді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.  

Вирустық менингит толықтай жазылады - инфекционист

Инфекционист-дәрігердің айтуынша, инфекциялық аурулар мерзімге қарай таралады. Мәселен,  жаз бен күздің басы энтеровирустық инфекциялардың таралуына қолайлы кезең. Олардың 85%-ы адам бойында ешбір белгі бермейді.  Вирус екі жолмен - ауа және тамақ арқылы жұғады. 

«Вирустар 50 градустан асқан температурада жойылады,  алайда бірнеше рет қатырғанның өзіне де шыдай береді,  ал +4+6 градуста және суда ұзақ сақталады. Олар ультракүлгін сәуленің әсерінен,  кептіргенде және қайнатқанда жойылады», - дейді Данагүл Баешева.

Дәрігердің айтуынша, вирустық инфекцияларды көбіне 3-10 жас аралығындағы балалар жұқтырады. Вирус ауа арқылы да, тамақ арқылы да жұққандықтан, кейде жедел респираторлық-вирустық инфекция, болмаса өткір жұқпалы ішек аурулары сияқты өтуі мүмкін,  тек ұзағырақ қалтырап,  қызу көтеріледі. Сондай-ақ, бұл кезде мидың жұмсақ қабығы да қосылып,  сірлі менингитке әкелуі мүмкін.

«Энтеровирустық менингит бактериялық түріне қарағанда қатерсіз,  одан адам толықтай жазылып кетеді»,- дейді маман.