Спорт • 12 Қыркүйек, 2019

Футболдағы соңғы өзгерістер қандай

1253 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футбол – миллиондар ойыны. Бұл – бұрынғы тәмсіл. Қазір әлемдегі нөмірі бірінші спорт саналатын футбол – миллиардтар ойынына айналғалы қашан. Ала доптың арбауына еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін түскені де мәлім. Бүгінде бәріміз футболды жақсы көріп, сүйіп тамашалағанымызбен футболдағы өзгерістерге назар аудара бермейміз.

Футболдағы соңғы өзгерістер қандай

Соңғы жылдары футбол ере­желері жиі өзгеріске ұшы­рап, қо­сымша толықтырулар ен­гі­зілді. Мысалы, былтырдан бас­тап видео қайталау яғни, VAR жүйесі қолданыла бастады. Ал биылғы жылдың шілдесінен бас­тап футбол ережесіне бірқатар өзгеріс енгізіліп, ресми ойындарда кеңінен қолданылып жатыр. Сонымен биыл футболға қандай өзгерістер енгізілді?

Ойыншы алмастыру. Енді ойыншы алмастыру сәтінде футболшы бүкіл алаңды кезіп шық­пай, өзіне жақын тұрған алаң жиегінен шығуға міндетті. Соң­ғы жылдары «аса дарынды» бапкерлер ойынның соңғы уа­қытында (тіпті соңғы секундта­рын­да) команданың ойынын кү­шейту үшін емес, қарсыластың ойын қарқынын бәсеңдету немесе уақыт ұту үшін алаңға футболшы шығаратын болды. Ал жаңа ереже бойынша бапкерлер енді ойыншы алмастырудан уақыт ұта алмайды.

Пенальти. Енді қақпашы доп тебілмей тұрып қақпадағы сызық үстіне бір аяғын қойса жеткілікті. Бұл – даулы мәселелерді азайтуға арналған өзгеріс. Пенальти тебетін сәтті қақпашылар әдетте «екі аяқпен сызықты басып тұру» ережесін бұзатын еді. Яғни, доп тебілмей тұрып алға секіріп немесе алға қадам тастайтын. Төрешілер болса, мұндай жағдайға әрдайым назар аудара бермейтін. Осылайша, бұл өзгеріс қақпашының аяғындағы «кісенді» босатты десек те болатын шығар.

Гол соғылуы мүмкін жағ­­­­дай­­да доп қолға тисе – ере­­же­ бұзылады. Қақпа маңа­йын­да­ғы қауіпті шабуыл кезінде доп қорғанушы команда ойын­шысының қолына тисе, төреші көп жағдайда көз жұма қарайтын. Яғни, төреші ойын уақытында футболшы допқа қолын әдейі тигізсе ғана ойынды тоқтататын. Қысқасы, енді допқа «әдейі» немесе «байқаусызда» қолын тигізіп алса да ойын ере­жесі бұзылады.

«Тірі қабырға» (стенка): қор­ғанушы команданың қа­тарында орын жоқ. Жаңа ереже бойынша, шабуылдаушы команда айып добын орындау кезінде қарсылас тарапынан кұрылатын «тірі қабырғаға» қосыла алмайды және қорғаушыларға кедергі келтіре алмайды. Екі команданың футболшылары арасындағы қа­шықтық – бір метр болуы тиіс. Бұл ереженің маңыздылығы – екі тарап футболшыларының босқа тартыспау және ойын уақытын созбау.

Жазалау қағазы. Енді бас бап­­керлерге де сары және қы­­­­зыл қағаз көрсетіледі. Көп­ жағ­дайда төрешілер шектен­ шыққан бас бапкерлерге иша­­ра арқылы алаңнан шығып кетуін талап ететін. Ал енді олар қызбалыққа салынған бапкерлерге сары және қызыл қағаз көрсете алады. Қызыл қағаз баршаға тү­сінікті болса керек, ал сары қа­ғаз маңызды ойында бапкерді ты­ныштандыру үшін ойлап та­былған «қарапайым» жаңалық.

Доп төрешіге тисе, ойын тоқтатылады. Бұрынғы ереже бойынша, доп төрешіге тиетін болса, ойын тоқтатылмайды. Бі­рақ кей жағдайда мұндай оқи­­ға күтпеген жерден қауіпті шабуыл­ ұйымдастыруға мүм­кіндік береді. Яғни, төрешінің «жәр­демі» арқылы бір коман­даның жәбір шегуі, бір коман­даның басымдыққа ие болуы ережеде қарастырылмаған. Сон­дықтан жаңа ереже бойынша, доп төрешіге тисе дереу ойын тоқ­татылып, екі команданың ойын­шылары арасында доп қайта матчқа қосылады.

Қақпадан берілген допты айып алаңы ішінен қабылдауға болады. Бұрынғы ереже бойынша, доп қақпа маңайынан ойынға қосылса, футболшылар өз айып алаңында допқа аяқ тигізуге болмайтын. Жаңа өзгеріске сай, енді футболшы өз айып алаңы ішінен допты ойынға қосып, шабуыл ұйымдастыра алады.

Қысқасы, биыл қолданысқа ен­ші­зілген өзгерістердің қыс­қаша ережелері осындай. Фут­болды теледидар немесе алаңнан тамашалап қана қоймай, осындай өзгерістерден үнемі хабардар болып жүріңіз.