Руханият • 12 Қыркүйек, 2019

Ханбок: дәстүрдің рухани емі

779 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Корей халқының дәстүрлі ұлттық киім пішіні, үлгісі, түсі жағынан адамның белгілі бір текке жататынын аңғартып қана қоймайды, сонымен қатар ел тарихы мен мәдениетінен зор хабар береді. Елбасы кітапханасының музейінде өткен «Ханбок: дәстүрдің рухани емі» атты корей ұлттық киімдер көрмесінде көне мұраның жаңғырған, жаңарған сипатына куә болдық.

Ханбок: дәстүрдің рухани емі

Корей Республикасы елші­лі­гінің мәдени орталығы мен Елбасы кітапханасы бірлесе ұйымдастырған бұл жолғы сал­танатты жиын қос мемлекет арасындағы стратегиялық серік­тес­тіктің мерейлі 10 жылды­ғына арналып отыр. Көрменің ашы­луында сөз алған Елбасы кі­тапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық байланыстарды нығайту бойынша өтіп жатқан кезекті жиынның маңызына тоқталды. Сондай-ақ ұлттық киім үлгілерінің конструкциясында, ұлттық нақышында, ою-өрнегінде кез келген ұлттың дү­ниетанымы жататынын, ұлт­тық құндылықты қастерлеу тұр­ғысынан қазақ пен корей ұл­тының өзіндік ұқсас тұстары бар екендігін жеткізді. Ал Корей Рес­публикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик мырза аталған жиынның елдер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда орны айрықша екенін айтты.

Көрмеде  дизайнер Квак Гончжу мен сәнгер Ро Чжухённің 10-нан астам ханбок костюмі және «Ханджи» корей қағазына түсірілген 45-ке жуық зама­науи графикалық шығармасы ұсы­­нылды. Туындылар болмыс пен адамға тән өмір құбылыстарын суреттеу арқылы көрерменге ой салуды көздейді.

Қарапайым әрі ұқыпты тігілген ханбок костюмінің шалғайы мол пішіліп, қолтығы мен жеңі кең әрі ұзын келеді. Еденге дейін төгіл­ген көйлек етегі кестелі ою-өрнекпен әдіптелсе, кеуде тұ­сындағы бант бешпетке айрықша нәзіктік дарытқан. Жібек пен шіл­тердің үйлесімінен туған «Чогори» бешпеті мен «Чима» белдемшесінде кестеленген гүл мен көбелектер киімнің арнаулы мерекелік кешке тие­сілі екенін аңғартады. Одан бөлек кос­тюмдегі түс алуандығы символдық мән­ге ие көрінеді. Мәселен, ерлердің бас киіміндегі қара түс шексіздік пен шығармашылық бастау ұғымын білдірсе, қызыл түс табыстың түсін аңғартқан.

«Корей ұлттық киіміндегі сызықтар іс-әрекетті ғана емес, қор­шаған ортаға деген қарым-қатынасты көрсетеді. Бүгінгі көр­медегі шығармалар біздің өт­кенімізге, бүгініміз бен бола­шағымызға байланысты өмірдің маңызды кезеңдерін бейнелейді. Осы көрме арқылы сіздер де са­уығудың өзіндік жолын, өз жол­дарыңызды табасыздар деп сенемін», деді дизайнер Квак Гончжу. Оның айтуынша, жарты ғасыр бұрын күнделікті киім есебінде болған бұл костюмдер қазіргі күні үлкен мерекелер мен түрлі той күндері ғана киіледі. Әйтсе де заманауи дизайнерлер тобы ата-бабасынан мұраға қалған ұлттық киімдеріне эстетикалық тартымдылық сыйлап, жаңа үлгідегі мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде айқындауды жөн көріп отыр.