Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2019

Жансейіт Түймебаев: Ассамблея Жолдау негізінде нақты міндеттерді жүзеге асырады

434 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қаласының республикалық Достық үйінде Президент Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге және Жолдауды іске асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен міндеттерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметі хабарлады.

Жансейіт Түймебаев: Ассамблея Жолдау негізінде нақты міндеттерді жүзеге асырады

Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚХА Төрағасының орынбасары Ю.Келигов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты А.Мурадов, Алматы қаласының мәслихат депутаттары, республикалық этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері; зиялы қауым өкілдері; Алматы қаласы ЖОО-ның профессорлық-оқытушы құрамы мен студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев өз сөзінде «Мемлекет басшысы Жолдауда бірқатар маңызды бағытқа баса мән беруіміз керек екендігін атап өтті. Осы тапсырмалардың негізінде нақты міндеттер айқындалды. Жақында ғана Жолдауды орындауға бағытталған Жалпыұлттық іс-шара жоспары қабылданды. Біздің жиынымыз осы Жолдауды талқылауға және онда алға қойылған міндеттерді іске асыруға Ассамблеяның этномәдени ұйымдарының қатысуы мәселелеріне арналған» деп атап өтті.

Алдағы уақытта Жолдауды қолдауды Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылатынын, ҚХА-ның барлық құрылымдары Президенттің бастамаларын ілгерілету мен түсіндіруге, сондай-ақ жаңа міндеттерді іске асыруға белсенді түрде қосылатынын жеткізді.  
Сонымен қатар, Достық үйінде «Қазақстан вайнахтары: Бірлік пен жасампаздық» атты Қазақстанның шешен және ингуш этностарының мәдениет және салт-дәстүр күніне арналған мерекелік іс-шара жүзеге асты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев шешен мен ингуш этностарының мәдениеті мен салт-дәстүрлері күнімен құттықтай отырып:

«Шешендер мен ингуштар – Ұлы Даланы мекен еткен басқа этностардың барлығымен терезесі тең  халық. Сіздердің салт-дәстүрге адал, намысты, қайсар, ұл-қыздарыңызды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, Қазақстан намысын қорғап жүрген спортшылар мен өнерпаздарды барша қазақстандықтар мақтан етеді.  Вайнах пен қазақ халқының арасындағы достық бауырластыққа ұласып кеткен. Біздің достығымыз талай сыннан өтіп, шыңдалғанына саяси қуғынға ұшыраған шешен-ингуштардың күштеп жер аударылғанына 75 жыл толуын атап өту барысында тағы да көз жеткіздік», - деді.

Бағдарлама ары қарай «Қазақстанның шешен және ингуштардың тарихи-мәдени өмірі» атты кітап көрмесі және фотокөрмесімен жалғасты.  Сондай-ақ қолданбалы өнер көрмесінде көне тұрмыстық заттар мен музыка аспаптары көрсетілді. Сонымен қатар, шешен және ингуштардың «Достық дастарханы» атты тағамдар көрмесінің ұлттық асханасының дегустациясы мен оларды дайындаудың шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

Мерекелік шара Қазақстанның шешен және ингуштардың «Вайнах» қауымдастығының шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.