Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2019

Ауылдың құтты келіні

1609 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гүлдана қалада жоғары оқу орнын бітіріп, заңгер болып қызметін бас­таған еді. Өзіндей жас жігіт Нұрлан Кузайбинге ұнап қалған жас қызд­ы махаббат жан-жағына қаратпай, өткен жылы ауылға келін етіп түсірді.

Ауылдың құтты келіні

Жас отаудың тойы өткен соң, тіршілік басталды. Гүлданаға ауыл­­да заңгерлік жұмыс жоқ. Не істейді? Ауылға келін болып түсіп, қалаға қай­та кетемін дегенді қалай айтады? Намысы бар жігіт Нұрлан да келіншегінің соңынан қалаға кете­мін деп айтпайтынын біледі. Екі жас­қа тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар еді. Бұл – ауылда өзінің ісін ашу болатын. Ауылда қалған жастардың көбі малды кәсіп етеді. Бірақ Нұрланның негізгі қызметі болған соң, мал өсіруге мүмкіндік жоқ еді. Гүлдана үйде отырып, көп ойланды. Ол кәсіпкерліктің қызмет көрсету түріне тоқтады. Ауылда қоғамдық монша жоқ. Ал саламатты өмір салтының өзі тазалықтан басталмай ма? Гүлдана жолдасына монша салуға бекінетінін айтты. Ал оның жөн-жобасын білу қазір аса қиындық тудырмайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау» оқу курсына барып оқыды да, кәсіпкерлік негізінің барлығын біліп алды.

– Менің бастамам «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалындағы мамандарға ұнады. Ол үшін кәдімгідей құрылыс жүр­мейді, қай жерге қаласаң, сол жерге қоя саласың. Ол үшін бумаланған құжат жинаудың керегі жоқ. Монша қашанда, қайда да болса керек. Келін болып түскен ауылым маған рахметін айтып жатыр, – дейді Гүлдана.

Гүлдана Кузайбинаға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы кредит алуға көмектесті. Ол жеңілдетілген мемлекеттік бағ­дар­лама аясында 1 млн 600 мың тең­ге алып, оған модульдік монша құрды. 2000 тұрғыны бар Москва ауылдық округі үшін моншаның жетілдірілген бұл түрі жақсы жаңа­­­лық болды. Моншаның рахатын ауылдастары көріп отыр.

«Келіннің – аяғынан, қойшының – таяғынан» деген осы. Ауылға саламатты өмір салтының көрінісін әкел­ген жас келін жақында ғана ше­кесі торсықтай ұл тауып, аяқ-қолын бауырына алып жатыр. Ауыл­ға аяғы құтты келіндер түсіп тұр­са, ауылдастардың қуанышы да, сүйін­­і­ші де мұнымен тоқтамас.

Қостанай облысы,
Қостанай ауданы