Руханият • 13 Қыркүйек, 2019

Қазақтың Қанышы

8657 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан ғылымының өркен жайып өрлеуіне қажырлы қамқорлық жасаған алып тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы орайда Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығында өткен «Қ.Сәтбаев – ғылым мен мәдениетіміздің ұлы тұлғасы» атты көрмеде академиктің өмірі мен қызмет жолының бел-белестері көрініс тапты.

Қазақтың Қанышы

Жиынға қатысқан қоғам қай­рат­керлері мен ғалымдар, зия­лы қауым өкілдері Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің және қазақстандық металлогения ғылымының негізін салушы тұлға туралы тұшымды естеліктер айтты. «Бойындағы қажыр-қайратын Отан үшін жұмсап, ғылыми және мемле­кет­тік қызметінің бар же­місін халық игілігіне арнаған үлкен ғалымның өмір жолы, ең­бегі тұнған тағылым. Хал­қы­на адал перзенттің ғибраты жыл өт­­кен сайын биіктей түскен тә­різді, бұл – келешек ұрпаққа елін сүюдің, аянбай қызмет етудің үлгісі», деген Ака­демик Қ.Сәтбаевтың Баянауыл ме­мо­риалдық музейінің басшысы Бақыт Кенжеқайырқызы ға­лымның өмірі мен еңбектері жайлы сыр шертті.

Көрмеде академиктің ту­ған қыстауы, азамат болған ша­ғы­нан бастап Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық ғылым ака­­демиясының президенті болып сай­ланған уақытқа дейінгі, одан кейінгі де өмір жолдарынан мол мағлұмат берілді. Ғалымның өзі қолданған тұмар шанақты домбырасы, киген киімдері сынды жеке заттары шетелдерге бар­ғандағы сапарлары жөніндегі арнайы стендтер көпшілік назарына ұсынылды.

Баянауыл мемориалдық музей қо­рынан әкелінген құнды жәдігерлердің арасында Қаныш Имантайұлының 1935 жылы Ұлы­таудағы Алтыншоқыдан тап­­­­­қан Әмір Темірдің жорық ке­­­­­­зінде қашап қалдырған жазба тасының фотосуреті де бар. Тас бетінде «Тарихтың жеті жүз тоқ­­сан екінші қой жылы. Жаздың өлара айы. Тұранның сұлтаны Те­мір­­бек жүз мың әскерімен Тоқ­та­мыс ханға со­ғыспаққа жү­реді. Бұл жерден өтіп б­а­ра жатып, бел­гі болсын деп осы жазуды қал­­дырды. Тәңір нәсіп берсін» деп жазылған. Қазіргі күні жаз­ба тас мем­лекеттік Эрмитаж (Санкт-Петербург) му­зейінде сақ­­таулы.

Қаныштанушы зерттеуші­лер­дің айт­қанынан аңғар­ғаны­мыздай, Қаныш Иман­тайұлы – оқымысты геолог қана емес, өнерге айрықша қамқор болған жан. Тұсында Сәтбаевтың аузынан А.В. Затаевич жазып алған 25 ән 1931 жылы Мәскеуде жа­рық көрген «Қазақтың 500 ән мен күйі» атты іргелі еңбекке енген. Осы әндерге берген түсін­дірмесінде А.В.Затаевичтің «Қа­ныш Сәтбаев – Томск тех­но­логиялық институтында бі­лім алған жас қазақ инженері. Бұл жи­наққа әуен мен саз саласында бір­сыпыра өте бағалы хабар­лама жасап қана қоймай, сонымен бірге ән текстерін бе­ріп, олардың орысша аударма­сын жасаған тамаша білгір де Баянауыл әндерінің жақсы орын­даушысы!» деп баға беруі Қа­ныш Имантайұлының қа­зақ өнер­танымының бастауында тұр­­ғанын көрсетсе керек. Иә, қа­зақ хал­қының біртуар перзенті Сәтбаев есімі халық жадында мәңгі сақталмақ. Оның есімі өзі ұзақ жылдар жетекшілік еткен Ұлттық ғылым академиясының геологиялық ғылымдар институтына, Алматы, Балқаш, Семей қалаларындағы көшелерге, кіші планетаға берілген. Қ.Иман­тайұлының құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздақ пен шың, Қаратаудағы ванадий кен орны рудаларында та­былған «Сатбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолус гүлі аталған. Ғұлама ға­лым туралы Әлкей Марғұлан сөзі­мен айтсақ, «Қаныш – аяулы ғалымдығымен бірге халық­тың сүйген ұлы, бар өмірін, білі­мін ел игілігі үшін сарп еткен кісі. Сондықтан оның жарқын бей­несі біздің жас ұрпақтар үшін аса қадірлі, аса қымбат».