Сол жылдың жазында Әбекең (Әбілфайыз бен Заря), сосын біз – Сапекең екеуміз (Сапар Байжанов) тұрмыс құрғанбыз. Үлкен армандар жетегінде жастық қызығына тоймай, жақсы күндеріміз өтіп жатты.
Міне, сол сәттен басталған әдемі сыйластық, жарасты қарым-қатынас нәзік достыққа айналып, бар өмірімізді шат-шадыман күйге бөлеген еді. Біздің әрбір кездескен сәттеріміз әуелеген әнге, әдемі биге, жарасты әзіл-қалжыңға, ой-өрісті өсірер терең мазмұнды пікір алмасуларға толы, ғажайып, ұмытылмастай әсерлерге бөлейтін.
Сол қызықты дәуреннің бір күні, шамамен бұдан 30 жылдай бұрын Әбекең аяқастынан ауыр науқасқа душар болмасы бар ма?!
Көңілін сұрай барсақ, Әбекеңнің көңілі пәс. Бұрынғы ғажайып күндер келмеске кеткендей налып, өмірден түңіліп отырғаны байқалды.
Сонда Сапекең: «Шикі ет – ауырмақ үшін» деген атам қазақ. Мынау ғажайып өмірді, бұлбұлдай сайраған Заряңды, абыройыңды асырған Ерлан ұлыңды, қарақат көз Құралайыңды, әрі-беріден соң мына біздердей достарыңды қиюға қалай дәтің барды?
Ауруға берілмей, өзіңді қолға алсаң, дәрігердің көмегіне сүйенсең, Алла жазса, әлі-ақ тәуір болып, қатарға қосылып кетесің. Біле білсең өмірге құлшыныстың өзі ауруды жеңеді. Ауыр ойдан аулақ бол!», деп тоқтау айтқан еді.
Айтқандай-ақ Әбекең бірте-бірте тәуір болып, қатарымызға қосылды. Өзі «Таңшолпан» атаған Зарясымен қосылып, ән айтып, том-том кітап жазып, той-томалақтан қалмай, бала-шағасының қызығымен өмір кешіп келген. Осыдан бес-алты жыл бұрын өмірінің мәні мен сәніне айналған Заряның қазасы Әбекеңе оңай болмады. Жиі-жиі ауыра берді, бертін келе жатып қалып еді. Енді міне, өмірмен біржолата қоштасты.
Мәңгілік ештеңе жоқ дегенді айтамыз ғой, ажал – басы жұмыр пенденің бәріне ортақ. Дегенмен, кім жақын досын өлімге қияды дейсің? Амал не, қолдан келер шара жоқ.
Әбекең жақсы өмір сүрді, аянбай еңбек етті. Артына мол мұра қалдырды, жақсы ізі сайрап жатыр. Енді тек иманың жолдас болсын! Алла қабіріңді нұрға бөлесін! Өзіңді соншама жыл күтіп-баққан, жас өмірін ағасының амандығына арнаған Райхан қарындасыңа Алланың сауабы жазылсын! Өміріңді сән-салтанатқа бөлеген абыройыңды асқақтатқан қоғам қайраткері Ерлан балаңа, Құралай қызыңа, немере-шөберелеріңе Алла ұзақ та баянды ғұмыр берсін. Бақұл бол, қайран дос!
Күләш БЕЙСЕНБИЕВА