Руханият • 16 Қыркүйек, 2019

Бақұл бол, бауырым!

2614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенім артар серігім болып, арқа тұтар арысыма айналған ардақты інім, Әділ сенен де айырылып қалғанымыз ба?! Мынау аяусыз тағдыр, тойымсыз ажал­ға еш шара жоқ шығар, сірә. «Мүшел – қатер» деген қазақы болжамда да бір заңдылық бар ма, қалай? 73 мүшеліңнен өзің аман өткеніңмен, отбасыңды ойсыратып кетіп еді. Жаныңнан артық көретін жалғыз ұлың Айдар ойда-жоқта кенеттен қай­тыс болып кетті. Сондағы өзе­гің қалай өртеніп, қабырғаң қа­лай сөгілгенін сеземіз. Содан ұзақ уақыт төсекке таңылып, бас көтере ал­май жаттың.

Бақұл бол, бауырым!

Әрине өкінтпейтін, опынт­пайтын өлім емес еді ол. Бәрі­міз­­дің де қабырғамыз қайы­сып, қатты қайғырдық. Айна­ла­­йын Айдардың өзі де бітімі бө­лек, тумысы ерек бала еді ғой. Ел иесінің оққағары әрі дәрігері екеніне қарамастан, алып тұлғасымен шырқ үйірі­ліп көрген жерде қаз мойнын иіп, кішкене кезіндегідей бетін тосып тұра қалатыны күні бүгінге дейін көз алдымыз­дан кетпейді. Бауыр етің – балаң­ның қайғысынан ауыр не бар бұл жалғанда? Сонда да қай­ғыдан қайрат шыңдап, қашан көзің жұмылғанша қолыңнан қалам түспеді ғой, қажырлы қалам­гер, қадірлі әріптесім! Бұр­на­ғы жылы қаламдас, қадамдас досым Бекболаттың 80-ге тол­ған мерейтойына арнаған естелік-очеркіңді етпеттеп жатып төсекте жазғаның есімізде еді. Биыл шарапаты көп тиген Ше­рағаң жайындағы роман-эс­сең жарық көргенін естіп, қуан­ған­быз да.

Бәрінен бұрын жуық арада өзің қырық жылға жуық қалт­қысыз еңбек еткен «Еге­мен Қазақстаннан» қазақ жур­налистикасының жуан­то­­бық еңбек торысы, ұзақ жыл осы қара шаңырақтың бас­шы­лығында болған Кеңес Үсебаев жөніндегі очеркің терең тебі­рент­ті. Осыны оқығанда сырқатыңнан айығып, бетің бері қараған екен деп көңіліміз бір көтеріліп қалған еді. Ал өмірден озғаның жайын­да­ғы қайғылы хабарды естіп, тағы да құлазып қалдық. Жол алыс, жер шалғай, жүріп-тұруым­ның қиындығына байланысты топырақ сала алар түрім жоқ. Кешір, абзал дос, асыл іні. Айдарыңды аңсап, ізімен кетіп барасың ғой. Бақұл бол!

 

Сарбас АҚТАЕВ