Руханият • 16 Қыркүйек, 2019

Әділдіктің Әділі еді...

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мен үшін бұл қайғы басқа қайғыға ұқсамайды. Барлық өлім қайғылы ғой, бірақ ең жақын досыңның, сырласыңның, талай-талай оқиғаларды бас­тан кешіріп, бір-біріміздің балаларымыздың атына дейін кезек-кезек қойысып отбасымызбен араласып кеткен жолдасыңның бақилық болғаны қабырғаңды қақыратып кетеді екен.

Әділдіктің Әділі еді...

Әділ екеуміз шығар­ма­шы­лықты да бірге бастап, жатақ­ха­на­да қара нанды қатар бөліп жеп, өмірдің қызығын да, шыжығын да тең көрдік.

Айырылмас досыма ажал табан астында келген жоқ. Әсіресе жалғыз ұлы Айдардың қазасы оның ішін жегідей жеп тастады. Қайран Әділ, сол қайғыдан оңала алмады. Талай дәрігердің ем-домынан үміттеніп едік, бірақ сұм ажал аңди-аңди алып тынды...

Әділ кім еді, Әділ әділдіктің символындай тұлға еді. Ол ешқашан жазушымын деп кеуде соқпады. Басқа қаламгерлер сияқты бір шығарманы бітіріп алып, мен осындай еңбек еттім деп сұғынып, айқайламайтын еді. Ешкімге еңбегін бұлдамады, қарапайым ғана тіршілік кешті.

Әсіресе «Менің Шерағам» деген кітабы біздің қазақ әдебие­тін­дегі эссе жанры үшін үлкен оқиға болды. Оны шыққан бетте түгел оқып шықтым. Ол еңбекті орыс тіліне аударту деген ұсынысты да алғаш айтқан мен едім. Шерхан Мұртазаның өзі кітапты оқып шығып, үлкен баға берді. Әділдің жақсылығы ғой, Шерхан оны Архари деп еркелете сөйлейтін.

Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» дегеніндей, Әділ кеше арыстай болып табыт­та жатқанында көзіме жас кел­ді. Әділ­діктің ұзын қайы­ңы, шығармашылықтың ұзын қайыңы, адамдықтың, туыс­қан­дықтың, достықтың ұзын қайыңы сұлап жатқандай көрінді. Көңілімізді ерекше күйретіп кетті сол көрініс.

Не айтамыз, айналайын, Әділ саған қайғырсақ, біз қайғы­ра­мыз, сен жер бетіндегі өзіңнің адам­дық адал парызыңды өтеп кеттің, ол – сенің артыңда қалған өлмес шығармаларың, сол өлмес мұраларың ұрпағыңа шырақ, ұлтыңа өнеге.

Жатқан жерің жайлы болсын, Әділ досым!

 

Дулат ИСАБЕКОВ