Руханият • 18 Қыркүйек, 2019

Алпыс жеті жылдан бергі досым

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

– Мен «Егемен Қазақстанның» 67 жылдан бергі тұрақты оқырманымын, – деп бастады өзінің сөзін жуырда ғана 95 жасқа толып, облыс ардақтап, Солтүстік Қазақ­станның Құрметті азаматы ата­ғын берген Сапар Дүйсенов ақсақал.

Алпыс жеті жылдан бергі досым

– 1943 жылы Курск иініндегі кес­кілескен шайқастарға қатысып жүрген мен жақын жарылған бомбадан сау-тамтығым қалмай жараланыппын. Жаралыларды таситын салдырлақ арбамен далалық госпитальға жеткіз­генде есім кіресілі-шығасылы болды. Қан да көп аққан, тек әйтеуір көміп тастаған то­пырақтың жабуымен ұйып, тоқтаған тәрізді. Әйтпесе қансырап өліп қалады екенмін.

Ауыр жараланған мені алдымен Алланың берген мықты денсаулығы, содан соң дәрігерлердің көмегі ғана құт­қарды. Екі айдай далалық госпи­тальде емделіп, дәрігерлердің көме­гімен ғана қозғалатын басым ептеп, жан-жағыма көз салып, тәлтіректеп аяғымды басуға жарадым. Осы кезден мені Кисловодскінің әскери гос­питаліне жеткізді. Курортты қаланың саф ауасы, жанға жайлы күтімі мен емі жарты жылдай жатқан соң емін-еркін қозғалуға мүмкіндік берді.

1944 жылдың наурыз айында денсаулықты анықтау жөніндегі меди­циналық комиссия саптан босатты. Елге келген соң ауыр жұмысқа жарамай, аудан орталығы Преснов селосынан өзіме лайық жұмыс іздедім. Сөйтіп аудандық соттың хатшысы болып орналастым. Бұл менің сот-құқық саласында қызмет еткен 43 жыл өмірімнің басы еді. Алдымен он жылдық мектепті бітіру үшін экстерн­мен емтихан тапсыруға рұқсат алып, аттестат алдым. Ол кезде осындай жеңілдіктер болатын. 1952 жылы Ал­матыдағы 2 жылдық заңгерлер мек­тебін, одан Қазақ университетінің заң фа­культетін сырттай оқып, бітірдім.

1952 жылдан менің сот-құқықтық саладағы кәсіби еңбегім жалғасты. Алдымен Ақмола облысындағы адвокаттар алқасына жұмысқа тұрып, бір жыл қорғаушы болдым. Міне, осы кезден бастап менің қолымнан «Социалистік Қазақстан» түскен емес. Өйткені, онда арнайы құқық қорғау айдары болып, біздің салаға қатысты көптеген мақалалар жария­ланып тұратын. Ол кездегі ең не­гізгі ақ­парат құралы да «СҚ». Оған жаңа қабылданған заңдар да жарияланып тұрды. Егер «СҚ»-ның бір нөмірін оқи алмай, өткізіп алсаң, көп нәрседен құр қаласың. Сондықтан оны міндетті түрде үйге жаздырып алып, оқитын едік. Сөйтіп «СҚ» менің кәсіби қызметімнің ұштала түсуіне, біліктілігімнің артуына үлкен еңбек сіңірді деп айта аламын. Әрине кейін ведомстволық газет, журналдар да шыға бастады. Бірақ олардың материалды беруі «СҚ» сияқты жатық емес, тілі де қасаң, ойы да жұтаң болды. Ал «СҚ»-ның шеберлері еркін көсіліп, заңдылықтар мен заң бұзушылықтар туралы оқымасыңа қоймайтындай етіп, шебер жазатын еді.

Сол кездерден бері жаназық болған «Егеменді» мен әлі күнге қолымнан түсірмей оқып келемін. Өйткені қа­зір онда халық мүддесін көздеген, ел тағдырына араша сұраған өткір мақалалар жиі жарияланады. Кейбіріне риза болатыным сондай, тіпті екі-үш рет оқып шығамын. Құдайға шүкір, әзірге көзім де біршама жақсы көреді, көзілдіріксіз оқи беремін.
Жүз жылдық мерейтой қарсаңында сүйікті газетімнің бүгінгі ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін. Халықтың мұң-мұқтажын өткір жазып, ел мүддесін алдағы уақытта да ту етіп жүре беріңдер, шырақтарым, – деп ақсақал әңгімесін аяқтады.

Петропавл