Руханият • 19 Қыркүйек, 2019

Maqpalsher - Лондонда

537 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәдениеттер тоғысына айналған Лондонда заманауи қазақ өнерінің жарқын өкілі Мақпал Жұмабайдың шығармашылық кеші табысты өтті. Ағылшын тарихында Черчильден кейінгі орында тұратын атақты тұлға, Темза өзенін қазып туннель салған инженер – Брунельдің музейі (The Brunel Museum) сахнасында ән салған Мақпалды өнерсүйер қауым ыстық ықыласпен, құрмет-қошеметпен қарсы алды.

Maqpalsher - Лондонда

Көп назарына ұсынылған «AUA» концептуалды концерті – адамның ішкі жан-дүниесі мен өмір сырына үңілуі, бостандық пен ерік жолындағы соны ізденістері. Осыған дейін қазақ тыңдармандарының жүрегіне терең бойлаған оның мақамды жырлары талғампаз батыс оқырмандары тарапынан да зор қызығушылыққа ие болды. Жоба авторы, продюсері – ақын Мақпал Жұмабайдан бөлек шығармашылық ұжым қатарында музыкалық жетекші Бейбіт Ақош, музыканттар Оралхан Сәдуақас, Руслан Журбин, Бақыт Жетенов, Әліби Әбдірахмановтар музыкалық сүйемел жасап, көркемдік тұтастықта өнер көрсетті. Автор осынау кешке арқау болған «AUA» философиясын былай түсіндіреді: «Өмірлер, адамдар, тағдырлар, сөздер, ойлар, сезімдер, оқиғалар, құбылыстар, қоғамдар, замандар, бәрі-бәрі тек ауада ғана қалады. Басқа ештеңе мәңгілік емес, тек соларды сіңірген ауа ғана мәңгілік. Енді мен ауаны ғана тыңдаймын, ауаны ғана естимін, ауаға ғана айтамын және ауаны бәрі үшін кешіремін. Бұл – өмірімдегі ең үлкен тәуекелдерімнің бірі». Ол өз шығармашылығына Maqpalsher деген атау беріп, бірнеше жылдан бері музыкалық-поэтикалық концепция бойынша жұмыс істеп келеді. Өнері философиялық, дүниетанымдық  ойға құрылып, адам жанының терең қатпарларына бойлайды.

– Лондон сахнасында алғашқы өлеңімді орындап тұрған сәтте адамдардың көзінен шын сезім мен түсіністік көрдім. Сол сәтте жан тыныштығын сездім. Сондықтан кеш бойы еш алаңсыз өнер көрсеттім. Концерт аяқталған соң қонақтар тағы да бір сағаттай қалып, кешті, кештегі ойларды, Maqpalsher-ді талқылады. Бірнеше адам үнсіз ғана келіп құшақтады. Лондонның концептуалды концерттен, Maqpalsher-ден мағына көргені – бұл үлкен сапардың тек басы екенін сездірді, – деген Мақпал тәуекелшіл шешіміне құрметпен қарап, қолдау көрсеткен шығармашылық командасы мен ата-анасына, отбасына алғысын білдірді.

Мақпал Жұмабайдың концерт барысында орындалған жырларының мәтіні алдын-ала ағылшын тіліне аударылып, кеш қонақтарына кітапша ретінде тарту етіліп, лед экран арқылы тікелей аудармасы қатар көрсетілді.

3

Мәтінді ағылшын тіліне аударған белгілі ақын, кәсіби аудармашы Дэвид  Кук (Ұлыбритания) салтанатты кешке қатысып, ақын шығармашылығына қатысты жылы пікірде екенін жеткізді.

– Менің қазақ поэзиясымен азғантай таныстығымнан білетінім, бұл – музыкалық тіл, аудару кезінде осыны қатты ескердім. Қазақ тіліне тән ырғағын сақтай отырып, ағылшын тілінде жақсы бір дүние жасағым келді. Соңғы бір жылда қазақ поэзиясының ағылшын тіліндегі нұсқаларын шығаруға қатысып келемін. Мақпалдың өлеңдерін түсінуіме келетін болсақ, маған оның қоршаған ортаға қатысты мәселелері қатты әсер етті. Мақпалмен сөйлесіп отырғанда байқағаным, оның ана туралы айтып отырғаны ол Жер-ана. Музыкалық және ішкі рифмалық реңк беруге көп уақыт жұмсадым. Мақпалдың жырлары кез-келген тілде түсінуге болатын маңызды эмоциялар мен маңызды идеялар туралы шынайы өлеңдер, – дейді ол.

Аталған концертке Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі елшілігі қолдау көрсетті. Кештің құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан елшілігінің өкілдері, көрнекті ағылшын өнертанушылары, танымал әдебиетшілер мен аудармашылар, Ұлыбританияда тұратын қазақтар, университет студенттері және жергілікті жырсүйер қауым қатысты.