Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Әлеуметтік мәселелерге назар аударылды

192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сапар барысында ол шаһардағы бірқатар әлеуметтік мәселелерге назар аударып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ партияның қалалық активімен кездесіп, партиялық жаңғыру аясында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев анықтап берген жаңа міндеттер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталды.

Әлеуметтік мәселелерге  назар аударылды

Елбасы биылғы 21 тамызда өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Сол құжатта азаматтардың сұраныстарына уақтылы жауап беру, әсіресе өңірлердегі жұртшылықпен етене жұмыс істеу мәселесіне ерекше мән берілді. Сондықтан партия бұл бағытта белсенділікті одан әрі күшейтіп, қарқынды жұмысты қолға алды.

Осыған орай партия Төрағасының бірінші орынбасары Шымкент қала­сындағы сапарын Водопьянов көшесінен бас­тады. Маусым айында бұл көшедегі №1 көп пәтерлі үйден өрт шығып, сал­дарынан 45 отбасы баспанасыз қал­ған. Сол кезде қала басшылығы отқа оранған үйдің толығымен сүріліп, орнына көп қабатты үй салынатынын және одан зардап шеккен отбасыларға пә­терлер берілетінін айтқан еді. Алайда тұрғындар тамыз айында құрылыс жұ­мыстарының кешеуілдеуіне және құ­жаттардың рәсімделу мәселесіне алаң­дап, наразылықтарын білдірді.

Бұл мәселемен әлеуметтік желі ар­қылы танысқан Бауыржан Байбек Шым­кент қаласының әкімі Ерлан Айта­ха­нов­пен бірге баспанасыз қалған тұрғын­дармен кездесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды Nur Otan партиясының тікелей бақылауға алғанын айтты. Сон­дай-ақ ол қазіргі таңда құжаттарды рә­сім­деу жұмыстарының жүйелі түрде жүргі­зіліп жатқанына, зардап шеккен әр отбасына жаңа үйден тегін пәтер берілетініне тоқталды. Мәселен, алдағы қараша айында құрылысы басталатын 9 қабатты тұрғын үй 2020 жылдың қыр­күйегінде пайдалануға берілмек.

Баспанасыз қалған тұрғындардың бірі Сафура Батырбек бастарына қиын-қыстау күн туғанда мемлекет тара­пынан үлкен қолдау көрсетіліп, барлық жағдайдың жасалғанын айтып, риза­шылығын білдірді. Сондай-ақ дүние-мүлкі мен киім-кешектерінің өртеніп кеткенін айтып, қолдау сұраған тұрғын­дарға партияның мұрындық болуымен материалдық көмек көрсетілгенін де айта кеткен жөн.

Бүгінде елімізде қарқын алған игі істің бірі аймақтарда инфрақұрылымды дамыту. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында осы мәселеге үлкен көңіл бөлді. Мемлекет басшысы әр аймақ тұрғындарын таза ауыз сумен, табиғи газбен, жолмен бір­келкі қамтамасыз ету және осы саладағы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру керектігін баса айтты.

Соған байланысты Nur Otan партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Шымкент қаласының «Азат» шағын ауданына арнайы барды. Бүгінде бұл аудан тұрғындары үшін ауыз су мен жылу мәселесі өзекті. Тіпті тұтас бір ауданға ауыз су жеткізетін жалғыз колонка ғана жұмыс істейді. Оның өзі жекенің меншігінде. Газбен қамту мәселесінде де аудан халқын әуреге салған түйткілдер аз емес. Ауданды газбен қамтып отырған жеке кәсіпкерлердің бағаны қымбаттатуы азаматтардың жанына батып отыр. Бұл мәселе де әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында аз көтерілген жоқ.

Желі арқылы аталған мәселелердің мән-жайына қанық болған Бауыржан Байбек азаттықтармен кездесіп, мемлекет тарапынан ауданның инфрақұрылымын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғанын айтты. Алдағы уақытта осы мәселеге қатысты барлық бастама партияның жіті назарында болмақ.

Сондай-ақ ол мемлекет тарапынан жер мен үйді заңдастыру жұмыстары қолға алынғанын айтып, тұрғындардың өздерін барлық істе заңға сүйеніп әрекет етуге шақырды. Бауыржан Байбек «Азат» шағын ауданы қарайтын қаланың Қаратау ауданының әкіміне бұл мәселені басты назарға алу керектігін айтты.

Айта кетейік, аталған шағын аудан 2014-2015 жылдары Түркістан облы­сының Сайрам ауданынан қала аумағына қосылған. Ал 2017-2018 жылдары қала әкімдігі тарапынан тұрғын алабының жерлерін рәсімдеуге рұқсат берілді. Сондай-ақ биыл, яғни 2019 жылы қала әкімдігі тарапынан 370 жер учаскесіне ауыз су, электр, табиғи газ желілерінің құрылысын жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 12 млн теңге қаражат бөлінді.

Жалпы жобалардың болжамдық құнына келер болсақ, ауыз су желілері – 260 млн теңгені, электр желілері – 220 млн теңгені, ал табиғи газ желілері 250 млн теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстарды жүргізуге 2020 жылғы бюджеттен 480 млн теңге бөлу жоспарланған. Келесі 2020 жылдың наурыз айында бюджетті қайта қарау барысында қалған 250 млн теңгеге түзету енгізу қарастырылуда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары да келер жылы жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың барлығын партия өз бақылауына алады.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының кезектен тыс XXXVIII конференциясына қатысып, қаланың партиялық активімен кездесті.

Конференцияда ол Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасымен Шым­кент қаласының әкімі Ерлан Айтаха­нов­тың кандидатурасын партия қала­лық филиалының төрағалығына ұсын­ды. Нәтижесінде конференцияның бірау­ыз­дан қолдауымен шаһар басшысы Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиа­лы­ның төрағасы болып сайланды. Өз сөзінде партия Төрағасының бірін­ші орын­басары қалалық филиалдың бұ­рынғы төрағасына партиялық бағыт­та атқар­ған жұмыстары үшін барша нұр­отан­дық­тардың атынан алғыс білдірді.

Сонымен бірге ол партияның Шым­кент қалалық филиалында жоспар­лан­баған қабылдау өткізіп, тұрғын­дардың өтініштеріне құлақ түрді. Қа­был­дау барысында негізінен жер учас­­келерін заңдастыру, бөлу және рәсім­деуге қатысты мәселелер көтерілді.