Әдебиет • 21 Қыркүйек, 2019

Орал қаласында Абай оқулары өтті

565 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жоғары оқу орындары студенттері арасында облыстық «Абай оқулары» байқауы өтті.

Орал қаласында Абай оқулары өтті

Байқауға Орал қаласындағы түрлі жоғары оқу орындарынан 14 үміткер қатысты. Байқаудың алғашқы бөлімінде Абай Құнанбайұлының қара сөздері мәнерлеп жатқа оқылса, екінші бөлімінде Абай Құнанбайұлының поэзиялық шығармалары ортаға салынды.

- Студенттер Абай оқуларына жақсы дайындықпен келген екен. Әсіресе өлең мен қара сөзді нақышына келтіріпжатқа айтқан, мазмұнын терең түсініп, мәнін ашып, шығармада айтылар ойды әдемі жеткізген МахамбетӨтемісұлы атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің 1-курс студенті Зафура Мамут байқаудың бас жүлдесін иеленді, - дейді университет оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рита Сұлтанғалиева.

Университеттің жаратылыстану-география факультетінің 1-курс студенті, Абайдың 100-ге жуық өлеңін, «Ескендір» поэмасын жатқа білетін Айтоты Қадерова жүлделі бірінші орынмен марапатталды. Екінші орынды тарих, құқық, экономика факультетінің 1-курс студенті Аслан Исмағұлов иеленсе, байқаудың үшінші дәрежелі марапаты Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 1-курс студенті Айдана Сағызбаеваға бұйырды. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлықтапсырылды.

Осы күні Махамбет университетінің жанынан Абай клубы ашылып, салтанатты тұсаукесері өтті. Клуб жыл бойы ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырып, Абай шығармашылығын насихаттаумен айналысатын болады.