Дүбірлі додада жер жаһанның 71 мемлекетінен келген 483 балғын балуан бақ сынауда. Жарыс қожайындары ретінде Қазақстан құрамасы әр салмақ дәрежесі бойынша қос спортшыдан қосуға мүмкіндік алды. Бұл – бұл бұрын-соңды болмаған үрдіс. Халықаралық дзюдо федерациясы биылғы жылдан бастап, осындай қадамға баруды құп көрген екен. Осылайша, Алматыдағы жарыста республикамыздың 31 дзюдошысы татамиде бақ сынауда.
Жарыстың алғашқы күні отандастарымыз үшін табысты болды. Ұлдар арасында 50 кило салмақта өнер көрсеткен Нұрқанат Серікбаев беларуссиялық Виктор Зелянко, моңғолиялық Мендсайхан Нимсуренге сан соқтырып, жартылай финалда украиналық Микита Голобородконы жолынан ығыстырды. Қандасымыз финалда италиялық Ромэн Валадиер Пикардпен кездесті. Екеуі біразға дейін бір-бірін ала алмады. Десек те бәсеке бел ортадан асқан тұста қазақ дзюдошысы қарсыласын татамиде тырп еткізбей ұстап, айқын жеңіске қол жеткізді. Нұрқанат Серікбаев – әлем чемпионы!
Қыздардың ең жеңіл салмағында Әлима Жұмағалиева Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналған жакүйерлерді қуантты. Бастапқы қос бәсекеде үндістандық Прия Прия мен армениялық Сусанна Степанянға сан соқтырған ол жартылай финалда италиялық Антонина Деспензаға есе жіберді. Ал үшінші орын үшін тартыста Әлима мен бразилиялық Ребекка Венсеслау ұзақ тіресті. Алайда кездесудің аяқталуына небары сегіз секунд қалғанда қаршығадай қазақ қызы қарсыласын иппонға түсірді. Әлима Жұмағалиева – әлем біріншілігінің қола жүлдегері!
Жарыстың алғашқы күні боз кілемге шыққан Ермахан Амандық (50 кило) жұбаныш бәсекесінде ұтылса, Қайыржан Жүнісбек (55 кило), Аслан Лес (55 кило), Құндыз Жылқыбай (44 кило) және Диана Бұркеева (44 кило) алғашқы айналымдардан аса алған жоқ.
Бүгін тағы төрт салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынып, Аружан Ережепова мен Балнұр Әбдешова (48 кило), Айым Жұмағалиева мен Аяна Сатқынәлиева, Әділ Мәрлен (60 кило) және Тілеген Тынарбай мен Тайман Нұрғалиев (66 кило) сынды қандастарымыз өз өнерлерін ортаға салуда.
Алдағы күндері мына дзюдошыларымыз жарыс көрігін қыздырады: Қыздар – Аяулым Қуанышева (57 кило), Шапағат Дәулет (57 кило), Шынар Өзбекова (63 кило), Диана Телбаева (63 кило), Даяна Талғат (70 кг), Сымбат Дүйсенбай (70 кило) және Мадина Парағұлғова (+70 кило).
Ұлдар – Атабек Тұрлыбаев (73 кило), Серікбол Естай (73 кило), Мұхамедәли Мавлидов (81 кило), Айдар Арапов (81 кило), Нұрасыл Болат (90 кило), Қайратбек Сәбит (90 кило), Жұрқамырза Шүкірбеков (+90 кило) және Бақтияр Сүртебаев (+90 кило).
Одан кейін аралас командалық сайыстар өтеді. Ал Қазақ елінде жалауы желбірген айтулы әлем біріншілігі 29 қыркүйекте өз мәресіне жетеді.
АЛМАТЫ