Руханият • 30 Қыркүйек, 2019

Ақ Еділ қожа мазары

777 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күміс көлдері мөлт-мөлт етіп жатқан Қорғал­жын тарихи ескерткіштерге аса бай өлке. Осындай қымбат жәдігерлердің бірі – Ақ Еділ қожа мазары.

Ақ Еділ қожа мазары

Бұл күнде дерек-дәйек атаулы сұйылып, жұ­қанасы қалған. Әйтеуір, осы жер жәннатында Еділ қожаның күн кешкені анық. Имандылық иірім­дерін жамағаттың бойына сіңірген. Діншіл ғана емес, көпшіл, ел қамын ойлаған жан болса керек-ті. Ел ішіндегі ауық-ауық туындап тұратын дау-шар­лар­ды басуға, ағайын арасын жарастыруға, туысқанды та­тулыққа шақыруға ерен еңбегі сіңген де­седі. Сол ауыз­бір­лік­­ті ны­ғайтып, кең көсіл­ген Қор­­­ғалжынның даласын жай­­ла­ған жалпақ жұрт­тың ұйыт­қысы болған. Адалдықтың шы­рақшысы – Еділ қожаға жа­за бас­пай-ақ сөйлеп, адалын айтып, Алашты адам­гер­ші­лікке баураған пейі­ліне орай есіміне «ақ» анық­тауышын қосып, Ақ Еділ қожа атаған. Ісінің де, ниетінің де ақтығына орай. За­мандастарының, шарапатын көп көрген адамдардың кіршіксіз таза көңілінен шыққан қо­ше­меті, құрметі.

Тәмам жұрт кісілігіне тәнті болған соң жамбасы тиген жерге мазар салған. ХІХ ғасырдың ерекше діни ескерткіші. Сырттай қарағанда пішіні алып жұмыртқа іспеттес домалақ мазар боз далада бозарып көрінетін киіз үйді еске салады. Қа­бырғасы кө­теріліп ке­ліп, әнтек жиырылып, тұйықталады. Шикі кір­піш­тен тұрғызылған. Бі­рақ берік, мықты. Сайын далада сан жылдар бойы сыры кетсе де, сынын жо­­ғалтпай тұрғанына қа­рағанда, бұрынғылар құ­рылысты берік етіп сала білген ғой.

Жұмай ауылына жа­қын маң­да орналасқан Ақ Еділ мазары бүгінгі күні өткеннің өнегесін өмір­­шең ұрпағына ұқтырып, адал­дық пен арлылыққа, жан таза­лығына шақырып тұрғандай.

Қорғалжын ауданы,

Ақмола облысы