Шара барысында тұжырымдама жобасы талқыланып, оған енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымованың айтуынша, тұжырымдама азаматтық қоғамды қолдау және нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу, көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және елдегі пікір алуандығын дамыту шараларын көздейді.
«Тұжырымдама жобасын төрт басымдық бойынша іске асыру жоспарланған. Бірінші басымдық бойынша азаматтық қоғам саласындағы заңнаманы жетілдіру, үкіметтік емес ұйымдардағы құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған 3 міндет пен 9 бастаманы іске асыру жоспарланған. Осы ретте үкіметтік емес ұйымдарға қатысты мемлекеттік қолдау тетіктерін дамыту, волонтерлік және қайырымдылық, қоғамдық кеңестер қызметін жетілдіру, саяси партияларға қатысты заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, БАҚ және медиация институтын жетілдіру мәселелері назарға алынған. Екінші басымдық аясында үкіметтік емес ұйымдарды кәсібилендіруге, олардың бәсекеге қабілеттігін арттыруға баса назар аударылады. Ал үшінші басымдық халықтың өзекті проблемаларын шешуде мемлекеттің азаматтық қоғам институттарымен байланысын, әріптестігін жетілдіру, азаматтардың мемлекеттік құжаттарды әзірлеуге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Төртінші басымдық негізінде қоғамдық-саяси жаңғыртуда заңнаманы либерализациялау, көппартиялықты, саяси плюрализмді дамыту жолға қойылған», деді Әлия Ғалымова.
Аталған шараларды іске асыру үшін 11 заңға өзгеріс енгізу жоспарланған. «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Кимнің айтуынша, Еріктілер жылы қарсаңында «Еріктілер туралы» заңға өзгеріс енгізіледі. Сонымен бірге жастардан бөлек ересектерді де еріктілікпен айналысуға шақыру жұмыстары жүргізілмек. «Бұл елімізде еріктілік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді», дейді Вера Ким.
Еуразиялық интеграция институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров саяси жүйе өзгеріске, революцияға дайын болу керегін айта отырып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысында ұсынылған өзгерістерді атап өтті. Оның айтуынша, митинг өткізу, БАҚ, сайлау, Парламент, партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізілуі қажет. «Қоғамдық сенім кеңесі хатшылығы дайындаған 77 бөлімнен тұратын іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоғарыда аталған мәселелер де соның негізгі шараларының қатарында. Саяси жүйені либерализациялауда азаматтық қоғамның рөлі ерекше. Заңнамаға өзгерістер енгізілсе, біздің де жүйенің жаңғыруға дайын екенін көрсетпек», деді ол.
Ал «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ вице-президенті Мұсағали Дуамбеков аталған құжаттың маңызы зор екенін айтты. «Азаматтық альянс та өз кезегінде тұжырымдамасын ұсынған еді. Дегенмен алғашқы жобаға көп өзгерістер енгізілген. Алайда қай жағдайда да азаматтық қоғамның дамуы үшін концепция қажет. Бұл азаматтық қоғам құруда бағыт-бағдар көрсететін нұсқаушы болмақ», деді ол. Оған қоса мемлекеттік ұйымдарға жүктелген міндеттер үкіметтік емес ұйымдарға тапсырылуы керектігін айтты.
Сонымен бірге «Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Жәмила Асанова, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Айгүл Соловьева, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Рахым Ошақбаев, Ішкі істер органдарының қызметі жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Қоғамов пен «Қазақстанда парламентшілікті дамыту қоры» қоғамдық қорының төрағасы Зәуреш Батталова тұжырымдама жобасын талқылауға қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.