Руханият • 01 Қазан, 2019

Хәкім әлемін корей елі терең тануда

845 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігіне қарасты мем­лекеттік және халықаралық «Корей мәдениет алмасу ұйы­мының» ресми порталына «Қазақ ұлтының кемеңгер ақы­ны Абай Құнанбайұлының туған жеріне барған сапар» деген корей тілінде жазған мақаламыз шықты. Мақала өзіміз түсірген Абай кесенесі басындағы жиырмаға жуық суретпен толық басылды.

Хәкім әлемін корей елі  терең тануда

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын мем­лекеттік деңгейде атап өту туралы Жарлыққа қол қойды. Үкіметтік деңгейде комиссия құрылып, қазіргі таңда Абай тойын атап өту үшін үлкен жұмыстар жасалынуда. Осы тойға мен де өзімнің үлесімді қосу мақ­сатымен Абай туралы корей тілін­де мақала жазуды ұйғардым. Сол мақсатпен Абай еліне, Қарауыл ауылы, Жидебайға арнайы барып келдім. 1995 жылы ақынның мерейтойында болғаным бар еді. Бұл жолы ғылыми мақсатпен ат басын бұрдым. Сеул қаласынан. Елордамызға келген соң Аягөзге кіріп, аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлына жолығып, сапардың мән-жайын түсіндіріп, көлік алып, Қарауылға жеттім. Сапардан кейін Сеулге ұшып,  мақаланы шығар­дым. Корей еліне Абай туралы кеңірек мағлұмат беріп, насихаттауға тырыс­тым.

Ең бірінші Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстан өңіріне барып, киелі мекен Жидебай топырағын басып, Абай үйінде болғанын жаздым. Сапар кезінде Президенттің хәкім мұрасын кеңінен дәріптеуді, ол «Рухани жаңғырудың» негізгі бағдарына айналуы қажеттігін, айтулы мерейтойды ел болып атап өту керектігін айтқанын жеткіздім. Мақала мазмұнында бірінші кезекте Абайдың туған жері мен өскен ортасы, тұрған мекені таныстырылды. Оның «Еуразия кіндігінде» туғаны – корей елі үшін тың дүние. Бұл еуразиялық «Жер кіндігі» Абайдың туған жерінде тұрғанын Корей жұрты алғаш рет естіп, білді. Аталған ақпарат олар үшін үлкен қызығушылық тудырары сөзсіз. Қарауыл ауылы, Жидебайдағы Абай үйінің тарихы, тоналу мен талан-таражға түскен мұра, жәдігерлердің жинақталуы жөнінде кеңінен тоқталдым. Абай үйіндегі құнды әрбір жәдігердің Абай мен оның отбасы мүшелері өмі­рінде қандай орын алатыны туралы сөз қозғадым. Мақала ақынның шежіресімен басталды. Шығыстықтар шежіреге қатты мән береді. Сондықтан ақынның шежіресі шығыс елінің қызығушылығын оятады деп сенемін. Ақынның әрбір тұтынған заттары бір бөлек әлем. Құнанбайдың тақиясы, Абайдың үш ішекті домбырасы, алғашқы өлеңдер жинағы, қымыз тостаған, текемет пен сырмақтар, ағылшын пеші. Әр бөлмедегі зат Абайдың кезеңімен тығыз байланысты. Оқырман сол заттар арқылы өткен ғасырдан хабар алады. Мақаланы оқыған шетелдік оқырманға көшпенді ел көш кезінде сол жинаулы тұрған жасауды түйеге қалай артатыны ерекше әсер етеді. Ділданың жасауы, ұзатылғанда мініп келген Әйгерімнің күміс ертоқымы технологиясы дамыған елге қандай ой тастайды деп ойлайсыз? Корей жұрты кешегі қазақ қызының қандай текті болғанын байқар деп ойлаймын. Бұл да патшалар сарайында тууды және тұруды армандаған шығыс қоғамына таңсық  емес пе?! Әсіресе ақынның «Қансонарда» деген аңшылық өлеңін айта кетіп, ақынның орыс Сібір генерал губернаторы, барон Таубеден алған сыйы – ақынның мылтығын тілге тиек еттім. Аңшылықты жақсы көретін шығыс елі Абайды орыс елінің мық­тылары қалай сыйлап, оған сый-сияпат жасағандығын білсін дедім.  Одан басқа ақынның жеке отбасылық суретіне назар салдым. Ақынның еуропалық сурет мәдениетімен таныс екендігін білдірдім. Ақын Абай­дың тоғызқұмалақ пен шахматты меңгергендігін корейлер оқыса, әрине таңғаларлығы анық. Бұл да бір оларды бейжай қалдырмайтын керемет құнды дерек деп есептеймін. Ақынның жазу үстеліндегі, қауыр­сын қаламы мен орыс, араб, парсы тілдерінде жазылған кітаптар корей оқырмандарын тағы да қызықты­ра түседі. Абай қолданған протез тіс медециналық туризмі дамып, әлемде бірінші орынға шыққан корей жұртына тың жаңалық. Мұндай жаңалықты корей жұрты ең бірінші рет оқып отыр десек артық айтып, мақтанғандығымыз емес. Міне, осылай дала данышпанының еуропалық медицинадан хабары болғандығын корейлер оқып танысып отыр.

Бұл мақалада Абайдың шығарма­шы­лығы, өлеңдері, әндері, аудармасы, ел ісіне араласқандығы туралы жан-жақты айта кеттім. Ол корей ғалымдарына қазақ мұрасына жаңаша көзқараспен қарауға септігін тигізеді. Мақалада Зере әжеміз бен Ұлжан анамыз туралы мәлімет бар. Олардың бала Абайдың тәрбиесінде үлкен рөл атқарғандықтары тілге тиек болды. Фотосуреттерде Абайдың кесенесі, оның іші-сырты көрсетілді. Абайдың тура қасында жатқан Шәке­рім қажы да корей жұртына алғаш рет жетті. Шәкерімнің мол мұрасы, өмірі, еңбегі «Үш анық», қажылық қана емес, Еуропаға сапары, оның НКВД сарбаздарының қолынан қаза тапқандығы, баласы Ақаттың қан­шама жылдан кейін әкесінің мүрдесін тауып, жерлегендігі, ақынның треге­диялық тағдыры туралы баяндадым. Траге­диялық шығармаларды іздеп оқитын корей оқырманы Шәкерімнің тағдырына күрсініп, мұңаяры анық. Шәкерімнің тұрған үйі де назардан тыс қалмады. Одан басқа Абай жазған жарғы-заңдар жинағының Қазан қаласында табылғандығы корей ғалымдарына үлкен ой тастайды. 

Сонымен қатар бүгінгімен байланыстырып, қазіргі таңда елімізде Абай өлеңдерін оқу эстафетасы өтіп жатқандығы айтылды. Оған белгілі тұлғалардың қатысып жатқанын атадым. Елордалық оқушыдан басталған эстафета Президентпен жалғасын тапқаны егжей-тегжейлі баяндалды. Осы ретте айта кету керек, корей жұртына қызықты болу үшін Абай өлеңдерін оқу эстафетасында атақты боксшы Генадий Головкиннің атының аталғандығы маңызды жаңалық. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен қытай елінің әлемдік кәсіпкері Джек Маның Генадий Головкинге Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдағаны ел есінде. Сондай-ақ елордамызда жаңа мектепке Абай есімі берілгендігін, Семейдегі әуежай Абай атында аталатындығы жазылды. Және Абай ақынның аз тиражды таңдамалы өлеңдерін 2010 жылы корей елінің бір азаматы аударып, кітап қылып шығарғандығы айтылды. Сөз соңында ұлы ақынның ол аудармасы болашақта жаңа зерттеуді қажет ететіндігі көтерілді.

Абай әлемдік тұлға екендігі бә­рі­мізге аян. Корей тілінде жарық көр­ген мақаланың беделді ұйым­ның ресми порталында басылуы мем­лекеттік деңгейде өтетін мерейтойдың маңыздылығын аша түседі. Ұйым туралы айтар болсақ, әлемнің 40-тан аса мемлекетінде тілшілері жұмыс істеп, оған шыққан мақалалар көп елге тарайды. Ұйым корей, ағылшын, қытай, жапон сияқты төрт тілде ақпарат таратады. Оның жеке журналы да бар. Осындай ұйымға шыққан мақала әлемдегі корей елшіліктері, мәдени орталық, медиа кеңістікке тарап, ғалымдар, жазушы, ақын, тілші, мемлекеттік қызметкер, дипломат, студент және қарапайым оқырман танысады. Сондықтан мақала корей еліне Абайды сан қырынан танытып, болашақта Сеулден түрлі туристің ағылып келуі мен ғылыми, мәдени байланыстың дамуына өз үлесін қосады деп санаймын. Сонымен қатар Қазақстан туралы білгісі келетін әрбір корей Абайды бірінші оқып, Абай арқылы елімізді танып, сан салада ынтымақтастығын дамыта түседі.

 

Дастан АҚАШ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 

Оңтүстік Корея (Сеул)