Қазақстан • 02 Қазан, 2019

Интеллектуалды миграция елдің дамуына кері әсер етеді

30004 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бүгінде әлемнің барлық елдері үшін интеллектуалды миграция мәселесі өте өзекті. Жаһандық процестің субъектісі ретінде Қазақстан да аталған түйткілден тыс қала алмайды. Елімізде қазіргі таңда білімді жастардың шетелге бет бұру үдерісі күн санап артуда.

Интеллектуалды миграция  елдің дамуына кері әсер етеді

Осы орайда тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары мен қазіргі ке­зең­дегі елімізден кеткен бі­лім­­ді мамандардың мамандық ерекшеліктеріне сапалық және сандық тұрғыда салыстырмалы талдау жасау, сонымен бірге мек­теп бітірген түлектердің, яғни жас ақыл-ойдың шетелге кету себеп­терін анықтау, отандық ақыл-ой орталықтарын құру мен жетіл­діру ісін жолға қою аса ма­ңыз­ды.

Қазіргі жаһандану кезеңі жо­ға­­­ры көші-қон белсенділігімен си­пат­талады. Бұл процеске зерт­теу­шілер баса назар аударуда. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында көптеген ғылыми жұ­мыс­ халықаралық көші-қонға арналса, қазіргі заманда интеллектуалды көші-қон факторлары мен тетіктерін зерттеу қажет­тілігі туындап отыр.

«Интеллектуалды миграция» (ағылш. brain drain) – маман­дар­дың, ғалымдар мен білікті жұмысшылардың өз елінен сая­си, экономикалық, діни немесе басқа да себептер бойын­ша жаппай шығу үдерісін, яғни эмиг­ра­циялық процесті сипаттайды. Әрине, бұл ретте мамандарының бір бөлігі сыртқа кеткен елдерге айтарлықтай экономикалық, мәдени, ал кейде саяси залал кел­тірілсе, керісінше, иммигрант­тар­ды қабылдайтын мемле­кет­тер үлкен және арзан зият­кер­лік капиталға ие болады. Ал ақыл­­ды жастарын, мамандарын жо­ғалт­қан ел зиян шекпей қой­май­ды.

Еліміз үшін білімді маман­дарымыздың, ақылды жас­та­ры­мыздың шетелге білім алуға кетіп, оралмай қалу қаупі үлкен алаң­датушылық тудыруда. Сон­дықтан бірінші кезекте интел­лектуалды көші-қонның үлкен ағыны – жоғары білімді дайын мамандардың сыртқа кетуі мәсе­лесін және жоғары білім алу мақса­тында шетелге арман қуып кеткен жастардың елге қайта оралмау жағдайын талдау қажет.

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары, яғни 90-жылдардың басынан 2000 жылдар аралығында ақыл-ой ағынының сыртқа бағыт алуы жағдайына түсіністікпен қарауға болады. Өйткені Қазақ­стан­да тұратын көптеген этнос өкілі өздерінің тарихи отан­дарына оралды. Мемлекеттік статис­тиканың мәліметтері бо­­йынша, 1994-2004 жылдар ара­лы­ғында Қазақстаннан жоға­ры білімі бар 245 390 адам, аяқталмаған жоғары білімі бар 82 974 адам және арнаулы орта білімі бар 463 323 адам кеткен. Кеткендер мен келгендер арасындағы айырмашылық: 152 949 адам – жоғары білімді, 36 947 – аяқталмаған жоғары білімді және 383 705 – арнаулы орта білімі барлар. Бұл шығындар 2004 жылға дейін жоғары, ал 2004 жылдан салыс­­­­тырмалы төмен эмиграциялық белсенділікті көрсетеді, өйткені басқа этнос өкілдерінің өз отандарына көшу қарқыны бәсеңдеді. Ал елімізден біржола кеткен жоға­ры білімі бар мамандардың құрамына талдау жасасақ, 1996-2004-жылдар аралығында республикадан кеткен 184 632 адамның 47 563-і – техникалық, 37 990-ы – педагогикалық, 19 266-сы – медициналық, 18 380-і – экономикалық, 12 061-і – сәулет-құрылыс, 9 595-і – ауыл шаруашылығы, 4 500-і – заңгерлік, 35 277-сі басқа да мамандық иелері болғанын көреміз.

Енді шетелге елімізден ақыл­дың ағынына негіз болып отырған себептер қандай деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Қазіргі таң­да ең негізгі себептердің бірі, білім­ді мамандардың, әсіресе жас ақылдың өз деңгейінде баға­лан­бауы, қоғамды жайлаған коррупция көп жағдайда жастар­дың жұмысқа орналасуларына кедергі болып отыр. Олар интел­лек­туалдық еңбекке жоғары ақы төленетін жерлерден жақсы та­быс табу мүмкіндігін іздеуге мәж­бүр болады.

ХХ ғасырдың 90-жыл­да­рын­дағы ақыл-ой миг­рациясы Кеңес өкіметінің құлауымен Қазақ­стан­да өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің тарихи отандарына оралуымен сипатталады десек, бүгінгі еліміздің ең білімді, ақылды жастарының шетелге кетуінің мазмұны біршама өзгеше. 2000 жылдардан кейін ақыл-ой ағыны ұлттық сипатқа емес, әлеуметтік, экономикалық, ғылыми ізденушілік мәселелерге байланысты өзгере бастады.

Еліміздің жоғары білімді аза­мат­тарының басқа елдерге қоныс аударулары ақыл-ойдың ағы­нын күшейтіп, қоғамымызға кері ықпалын тигізеді. Атап айтсақ, 2000 жылы техникалық мамандар – 13998, педагогтар – 5460, экономистер – 3906, медицина – 2868, сәулет саласы мамандары 2195 цифрлық көрсеткішті көрсетті. Бұдан біз осы кезеңде елімізден кеткен интеллектуалды мамандар ағынының ішінде техникалық мамандардың көрсеткіші жоғары екені аңғарамыз. Ал 2006 жылы біршама статистика көрсеткіші төмендеп, кеткендер саны кеміді. (техникалық мамандар – 290, педагогтар – 623, экономистер – 74, медицина – 499, сәулет саласы мамандары – 252). Демек, елдегі экономикалық тұрақтылық ма­ман­дардың жаппай көшуін тоқ­татты.

2009 және 2010 жылдардағы әлемдік дағдарыс еліміздегі ақыл-ойдың ағынына да әсер етпей қоймады. Яғни көшу процесі біршама тұрақтанды. 2017 жылы, яғни соңғы жылдары экономистердің шетелге ағыны басқа мамандарға қарағанда кү­шей­ді. Олар – 2 805-ті құраса, педа­гогтар – 1633, техникалық мамандар – 5293, медицина – 578, сәулет саласы мамандары – 453. Байқап отырғанымыздай, экономика саласының мамандарына ыңғайлы жұмыс саласы кеңірек: сауда, қызмет көрсету, бизнес, т.б салалар.

Қазақстандағы интеллектуалды көші-қон процестері қазіргі кез­де әртүрлі факторлардың: әлеу­меттік-экономикалық, саяси, этностық, экологиялық және бас­­қа да әсерлерге қатысты орын алатыны белгілі болды. Тә­уе­л­сіздіктің алғашқы жылы­нан бас­тап көші-қон процес­те­рін реттеу қазіргі күнге дейін мемлекеттік саясаттың ең өзекті бағыттарының біріне жат­қы­зыл­ға­нымен, әлі шешімін таба алмай келеді.

Техникалық сала мамандары арасынан 2000 жылы 13 998 адам кетсе, қазіргі таңда бұл саладан сыртқа кеткендер 5 293 адамды құрап отыр. Демек, әлі де интеллектуалды миграция процесінде техника саласы мамандарының ағыны күшті.

Еліміздің болашағы ғылым мен білімнің дамуына тікелей ықпал ететін бүгінгі жастардың ақыл-ойы. Жалпы, интеллектуалды мамандарды жоғалту еліміз үшін үлкен шығын десек, елімізді нық ұстап тұратын жастарымыздың шетелге оқуға кетіп, қайта оралмау қауіпі де алаңдатпай қоймайды.

Ақыл-ойды тартуда шетел оқу орындары көптеген тиім­ді қадамдар жасауда. Олар қазақстандық мектеп бітіру­ші­лер­ді әртүрлі тегін гранттармен қы­зықтыруда. 1996 жылдан бастап Германия неміс тілінде оқитын мектеп оқушыларын, тіл білімі деңгейіне қарап, кез келген ЖОО-сында тегін оқуға үміткерлікке қабылдайды. Сол сияқты Балтық жағалауы елдері де шәкіртақы мен тегін баспана ұсыну арқылы білім алушыларды тарта бастады.

Ресей қазақстандық мектеп тү­лек­терін өзіне тартып отыр. Олим­пиадаларды жиі өткі­зу арқылы біздің оқушы­ла­ры­мыз­дың зеректерін іріктеп, оларды тегін білім алуға шақы­ра­ды. Шәкіртақылар тағайындау, жатақ­ханада тегін тұру, әрі қа­рай жұмысқа орналасу жағдай­ла­рын ұсыну арқылы біздің болашағынан зор үміт күттіретін оқушыларымызды жинап алады. Және де Ресей ЖОО-лары Қазақстанда көшпелі емтихандар өткізеді. Бұл өз кезегінде басқа мемлекетке барып емтихан тапсырудан әлдеқайда тиімді. Қашықтықтан тест алу тағы бар. Демек, оқу орнына түсудің жолдарын жеңілдетіп қойған.

Жастарымыздың басқа елге кетуі­нің тағы бір себебі, көптеген тү­лек ҰБТ-дан қорқады, сондай-ақ шекті деңгейден өт­пе­ген оқушылар, көбіне жа­қын шетелді, әсіресе Ресейді таң­дай­ды. Ал 18 жасқа толған жастар – бұл мемлекеттің ең қымбат қазынасы. Мемлекет мектепте тегін білім беру, бакалавр мен магистрлер дайындау ісіне қыруар қаржы жұмсайды. Ал өзіміз дайындаған адам ресурсын басқа елге беріп қою өкінішті жайт.

Қазақстанның ақыл-ойы АҚШ, Канада, Ресей, Германия, Израиль, Гонконг, Сингапур, Қытай елдеріне тарауда. Ше­тел­ден мамандарды тартудан қарағанда, өз мамандарымыз­ды пайдалану әлдеқайда тиімді. Қайтарымсыз интеллектуалды эмиграция салдарымен күресу қиын болып отыр, өйткені ақыл­ға бәсекелестік бүкіл әлемде өсуде, ал Қазақстан әзірге өз бі­лім­ділеріне, таланттарына ер­ек­ше ұсыныс жасамайды. Яғни еңбек ақы төлеу деңгейі, әлеу­мет­тік пакет және дамыған елдермен салыстырғанда басқа да көп­теген параметр бойынша артық­шылықтар жоқ.

Бізге адам және интеллектуалды капиталын жоғалтудан болған залалды бағалау, талдау ісін жолға қою керек. Олай болмаса, еліміздегі салалар мен өңірлердегі жұмыс күшінің перс­пек­тивалық қажеттілігін бағалау қиын.

Білім және ғылым минис­тр­лі­гі­нің мәліметінше, Қазақстанда 20 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда. Шетелде білім алатын біздің студенттеріміз одан әлде­қайда көп, олар – 120 мыңға жуық. Ресей Білім министрлігінің сай­тында РФ-да Қазақстаннан 100 мыңға жуық студент оқиды деп айтылған. Олардың ішінде қашықтықтан білім алатындары да бар.

2020 жылға қарай шетелдік студенттер саны 50 мыңға же­те­ді деп болжануда. Қазақстан білім беру туризмін дамытуға және шетелдік студенттерді тар­ту­ға елеулі көңіл бөлуі қажет. Осы тұста қуанарлық жайт – Astana Hub IT-стартаптарының халықаралық технопаркінің құрылуы. ІТ бағдарламаларға 67 миллиард теңгеден астам ин­вес­тиция тарту жоспарланып отыр. Сонымен бірге ТМД елде­рі­нен және әлемдік деңгейде ақыл-ойды тарту мүмкіндігін қа­растырған жөн. Ақыл-ойды тарту біздің елімізге не береді деген сұраққа тоқталсақ, шетелдік таланттардың қатысуымен отан­дық білімді жастар жаңа әлем­дік деңгейдегі инновацияға бейім­деледі, тәжірибе алмасу мүм­кін­ді­гіне ие болады.

Соңғы он жылда әлемде өз елінен тыс жерде жоғары білім алатын студенттер саны 70%-ға өсті. ЮНЕСКО статистика институтының есебіне сәйкес, 1999 жылы шетелдік студенттер 1,68 млн болса, 2014 жылы осындай сту­денттердің саны 207 млн-ға жет­кен.

Қазақстанда 18 млн халық үшін 140-тан астам жоғары оқу орны бар. Жоғары білім беру­дің тағы бір проблемасы білім беру мазмұны мен оны ұйым­дас­тыру процесін мемлекет тара­пы­нан орталықтандырылған ба­қылау болып табылады. Бұл университеттердің еркіндігін және олардың экономиканың, сту­денттер мен жұмыс беру­ші­лердің қажеттіліктеріне ден қою қабілетін шектейді. Білім беру сапасын бағалаудың өте күрделі жүйесі қалыптасқан. Онда университеттердің өзін өзі баға­лауы мен жетілдіруіне емес, тек­серулерге басымдық беріледі. Со­нымен қатар ғылыми-зерттеу, ин­новациялық қызмет пен жұмыс бе­рушілердің ЖОО-мен қарым-қа­тынас жасауға тартылуы да тө­менгі деңгейде жүзеге асыры­луда.

Ғылыми-зерттеу және білім беру қызметі білім алушыларды толғандыратын басты мәселе. Сондықтан талантты, білімді, арнайы мектептерден білім алған, олимпиада жетістіктері жоғары оқушылар әлемдік деңгейдегі рейтингі жоғары оқу орындарын таңдайды. Демек, біз үшін білімге ұмтылатын жастарды қанағаттандыратын, бәсекеге қабі­летті білім ордаларын ла­йық­ты деңгейге көтергеніміз дұ­рыс. Осы жағдайда әрине мек­теп бітірушілер әлемдік рей­т­ингте орны жоғары, грант, шә­кірт­ақы, тегін жатақхана бе­ре­тін оқу орындарын таң­дай­ды. Мысал үшін, М.В. Ло­мо­носов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінде сту­денттер мен оқытушылар ара­сын­дағы ғылыми жұмыстың жоғары деңгейі қалыптасқан.

Қазақстан қазіргі уақытта әлем­ге студенттердің «доноры» болып отыр. Бұл жағдайды өзгерту үшін Үкімет, университет­тер тиісті жұмыстарды кү­шей­ту керек. Яғни Қазақстан білім беру қызметтері нарығында өзі­нің бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­ру­ға барынша ден қойғаны абзал.

Қазақстанның интеллектуалды эммиграциядан, яғни көшіп кетуден келген экономикалық шығыны жоғары. Адам капи­та­лының азаюы ел дамуына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Мем­ле­кеттің индустриялық дамуына және жалпы экономикалық ахуалына да кері ықпал етеді. Атап айтсақ, еңбек нарығында сұранысқа ие емес гуманитарлық білімі бар мамандарға жұмыс орындары жетіспесе, керісінше елі­мізде тапшы техникалық са­ла­­ның мамандары шетелге кетуде. Дегенмен, кейбір пікірлер керісінше интеллектуалды миг­ра­цияның тиімді жақтарын да көрсетуде. Мәселен, шетке кеткен мамандар тек жоғары жалақы үшін ғана емес, тәжірибе жинау мүмкіндігіне де ие болады, олар шетел компанияларында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап, жаңа білім алып, кейіннен елімізге келіп қызмет етеді деген пікір де айтылуда. Дегенмен, білімді жастарымыздың шетелде қалып қоймай, отанына қызмет істеу мәселелерін жолға қойған орынды.

Сондықтан, біріншіден, ин­тел­­­лектуалды миграциялық ағым­­­­дардағы білімділік дең­ге­йі елі­міздегі орташа білім дең­гейіне қара­ғанда әлдеқайда жоғары және жоғары білімі бар адамдардың көшіп кету процесін азайту үшін, талант­ты жас мамандарды әр­түрлі марапаттар мен гранттар арқы­лы қызықтыру қажет. Екін­шіден, еліміздегі коррупция мәсе­лесімен күреспей жас мамандарды жұмыспен қамту мүм­кін емес. Үшіншіден, елге келген ақыл-ой иелері отандық білім ордаларының деңгейін көтерері сөзсіз. Таңдаулы білім алушылармен ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы ел таланттарының талаптарын қанағаттандыруға жол ашылады. Сөйтіп отандық ғылымға серпіліс беруге болады және де жас мамандардың өз отанында ғылыммен айналысып, дамуларына мүмкіндік молаяды.

Қарғаш ЖАНПЕЙІСОВА,
саяси ғылымдар кандидаты,
Гүлназ ҚАЛИАСҚАРОВА,
докторант