Қазақстаннан Иранға экспортталатын тауардың басым бөлігін арпа өнімдері құрайды екен. Осы уақыт аралығында оның көлемі 741,1 мың тоннаға, ақшалай есептегенде 143,4 млн долларға жеткен. Сондай-ақ 1,1 мың тонна (5,6 млн АҚШ долларына) салқындатылған ірі қара малдың еті экспортталған. 13,8 мың тонна тұтас немесе ұсақталған рапс тұқымдары шығарылып, бұдан 5,5 млн доллар кіріс түскен. Мұның сыртында 3 млн доллардың басқа да ауылшаруашылық өнімдері экспортталған.
Биылғы ақпан айында Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы уақытша келісім аясында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы министрлігі және Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы бидай саудасы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл құжат Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты өрістете түсуге мүмкіндік береді.
Жуықта елордада Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысы өтті. Үкіметаралық комиссия Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров және Иранның Ауыл шаруашылығы министрі Махмуд Ходжати басшылығымен жұмыс істеді. Отырысқа дейін министрлер екіжақты келіссөздер өткізді.
Сапархан Омаров Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың, әсіресе ауылшаруашылығы саласындағы маңыздылығын атап өтті.
Осы басқосу барысында Қазақстан жағы мал шаруашылығында ынтымақтастық орнатуды ұсынды. Қазақстан Иранға болашақта қой етінің экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Иран жағы да Қазақстанда ет өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделілік танытуда. Жақында Алматы облысында Иран бизнесінің қатысуымен «EmpireFoods» ет өңдеу кешені пайдалануға берілді.
Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – Қазақстанда балық және өсімдік майы өндірісі бойынша бірлескен жобаларды құру болып отыр.
Дегенмен атап көрсетер бір мәселе, жоғарыда келтірілген уақыт аралығында Иранның Қазақстанға жөнелтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі едәуір төмендегені байқалады. Бұл жөніндегі нақты деректерді келтіретін болсақ, Ираннан Қазақстанға келетін ауылшаруашылық өнімдерінің импорты 2019 жылғы қаңтар-маусымда 30,6%-ға немесе 23,8-ден 16,5 млн-ға дейін төмендеген екен. Міне, осының салдарынан Қазақстан мен Иран арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы тауар айналымы 2019 жылдың қаңтар-маусым аралығында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,6%-ға немесе ақшалай есептегенде 184 млн доллардан 182,9 млн долларға төмендеген.
Көріп отырғанымыздай, екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша сауда айналымының бәсеңдеуі соншама үлкен емес. Өйткені бұл жерде Қазақстан экспортының көлемі импортқа қарағанда бірнеше есе басым болып отыр. Мәселен, жоғарыдағы 182,9 млн доллардың 160 млн доллардан астамын Қазақстанның Иранға жөнелтетін экспорттық өнімдері құрайды.
Ал енді Ираннан Қазақстанға әкелінетін негізгі өнімдер түріне зер салсақ, бұл ел бізге кептірілген жүзім, пісте, пияз, қызылша секілді өнімдерді жөнелтеді екен. Әрине мұндай жеміс, көкөніс түрлерін елімізде де өндіреді. Ел ішінде жылыжайлардың көбеюіне байланысты бұл өнімдердің үлесі жылдан-жылға арта түсуде. Сондықтан Иран импортының қысқаруына біршама түсіністікпен қарауға болады және бұл уақытша құбылыс болуы да мүмкін. Өйткені Иран елі аталған өнімдерді ежелден молынан өндіреді. Егер импорттық өнімдер бағасы арзан болса, ол өнімдерді молынан тұтынуға да болады. Бұл жердегі маңызды мәселе екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсу болып отыр.
Үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысына Иран жағынан 40-қа тарта адам қатысты. Олардың арасында үкімет адамдарымен қатар бизнесмендер де болды. Бұл жағдай Иран тарапының Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайта түсуге мүдделілік танытып отырғанын білдірсе керек. Мұны өз сөзінде Иранның Ауыл шаруашылығы министрі Махмуд Ходжати мырза да атап өтті.
Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мәселесі Қазақстан үшін де маңызды екенін айта кетсек, артық болмас. Еліміз соңғы уақытта ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше мән беруде. Бұл үшін, әрине, бірінші кезекте сала өнімдерінің экспортын ұлғайтуымыз керек. Ел басшылығы осы мәселені алға жылжытудың сан түрлі жолдарын қарастыруда. Мәселен, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Ислам ынтымақтастығы ұйымының аясында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы (АҚИҰ) құрылған болатын. АҚИҰ штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Қазіргі таңда ұйымның құрамына Ислам әлемінің 33 мемлекеті кіреді және оның қызметі ауыл шаруашылығы мен азық-түлік әлеуеті салаларында мұсылман әлемінің күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған. Осы ұйым хатшылығының келтірген мәліметтері бойынша жоғарыдағы 33 мемлекет жылма-жыл 101 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттайды екен. Импорттың басым бөлігін, яғни халал өнімдерді бұл мемлекеттерге Бразилия, Үндістан, Аустралия және Жаңа Зеландия секілді елдер жеткізіп беруде. Жыл сайын әлемнің көптеген елдеріне 2 млрд долларға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері мен тағам түрлерін шығаратын Қазақстан, мамандардың алдын ала есептеулері бойынша, егер мұсылман әлемімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дұрыс жолға қоя алса, ауыл шаруашылығы саласындағы экспортының көлемін үш еседей арттыра түскен болар еді.
Міне, осы елдер арасында Иранмен ынтымақтастықты дамытудың біршама тиімді тұстары бар. Өйткені Қазақстан мен Иран Каспий жағалауында орналасқан. Осыдан бірнеше жыл бұрын екі елді тікелей байланыстыратын Қазақстан– Түрікменстан – Иран темір жолы іске қосылып, еліміз Парсы түбегіне шығудың мүмкіндігіне ие болды. Басқа мұсылман елдері де одан әрі қол созым жерде тұр деуге болады.
Демек, мұндай мүмкіндікті пайдаланған абзал.