Қазақстан • 03 Қазан, 2019

Жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру қажет

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтанда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияға қатысушы тараптар ассамблеясының сегізінші отырысы өтті. Халықаралық жиынға әлемнің 40 мемлекетінен 70-тен астам делегат қатысты.

Жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру қажет

Сессияда ең алдымен Грузияның өкілі Зураб Абашидзе Ассамблея төрағасы әрі Грузия Әділет министрінің орынбасары Гоча Лордкипанидзе атынан сөз сөйледі. Зураб Абашидзе Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академияға қызмет ету және сыбайлас жемқорлықпен күреске үлесін қосуды үлкен мәртебе санайтынын жеткізді.

Ассамблея қатысушыларын Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ел Президенті атынан құттықтады. Құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Теория мен тәжірибенің симбиозы, үздік әлемдік тәжірибені талдау академияға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында жоғары білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді» деп, академияның жоғары рөлі мен бірегейлігін атап өткен.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өз кезегінде еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қол жеткізген жетістіктері туралы айтып өтті. «Қазіргі уақытта Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі азайтуға бағытталған реформалардың жаңа пакетін дайындау бойынша жүйелі және дәйекті жұмыс жүргізілуде», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан үшін ең негізгі басым­дықтардың бірі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою екенін атап өтті. «Бірінші кезекте мемлекеттік қызметтерді барынша цифрландыру арқылы жоятын боламыз. Бүгін Қазақстан БҰҰ-ның тиісті рейтингісінде электронды үкіметті дамыту деңгейі өте жоғары елдер қатарына кіреді. Барлық жүзеге асырылып жатқан жұмыстың нәтижесі ретінде Қазақстан «Doing Business-2019» рейтингінде 190 мемлекеттің арасында 28-орында», деді А.Шпекбаев.

Ал ХСЖҚА басшысының міндетін атқарушы Крис­тиана Пон-Хуфнагл делегацияны академияны қолдауды күшейтуге шақырды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беруді дамытуда жаңа және инновациялық бағыттарды іздестіруде ХСЖҚА-мен бірлесіп әрекет ету мәселесін қозғады.

«2011 жылы құрылғаннан бастап ХСЖҚА сыбай­лас жемқорлыққа қарсы зерттеулер саласында жоғары білім берудің үздік үлгісімен қамтамасыз ету үшін тиімді тәжірибе орталығы ретінде тұрақты қатысушыларымыздың, бағдарламаларымыздың беделі айтарлықтай өсті. Мұның бәріне шектеулі ресурстар арқылы қол жеткізілді», деді өз сөзінде Кристиана Пон-Хуфнагл.

Сонымен бірге жиын барысында 2019 жылдың 15 қазанында Францияның Страсбург қаласында Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде еліміздің Еуропа Кеңесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына (ГРЕКО) қосылуы туралы Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасында келісімге қол қою жоспарланғаны мәлім болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіру бойынша еуропалық мамандардан ұсыныстар алу мүмкіндігін бермек. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов отырыс соңында қатысушы мемлекеттер өз ұсыныстары мен кеңестерін енгізе алатын «Нұр-Сұлтан декларациясы» қабылданатынын мәлімдеді.

Қазақстан Халықаралық академия жұмысына 2013 жылдан бастап белсенді араласып келеді. Ал академия Аустрия үкіметінің, Еуропаның алаяқтықпен күрес бюросының, БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының бастамасымен халықаралық ұйым ретінде құрылды. Үкімет өкілдерін қоса алғанда 46-дан астам ұлттық және институционалдық ұйымдардың делегаттары үш күн бойы елордада ХСЖҚА стратегиясын талқыламақ. Күн тәртібінде академия жұмысы үшін қаражат жинау, оның жұмыс бағдарламасын іске асыру және жаңа стратегияны әзірлеу мәселелері бар. Бұдан бөлек, ХСЖҚА-ның бірқатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалары талқыланатын панельдік пікірталас өтеді.