Руханият • 03 Қазан, 2019

Біржанның мың жаны

383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кез келген тіршілік иесі­нің тағдыры тақтайдай түзу жол­дан тұрмайтыны бел­гілі. Бүгін қуанып жүр­сең, ертең қуарып, бүгін көл болып жүрсең, ертең шөл болып қалуың табан астында. Адамның бір аты пенде болған соң қазір не күтіп тұрғанын бол­жай алмаса да, бір жылд­ы­ғын жоспарлап тастай­­ды. «Құ­дайдың бұйры­ғын­сыз қурай да сын­бай­тынын» біл­мегендіктен құдіреті жет­пес нәрсе­ге құлшынып, шама­­дан тыс шаруа атқарамын деп шаршайды.

Біржанның мың жаны

Жолы болмай жоспары бұ­зылса, өмірге өкпе айтатындар бар. Апатқа ұшырап аман қалса да Аллаға шүкір айтып, жүрегі соғып тұрғанға қуанатындар қаншама. Жалған өмірді жан-тәнімен сүйетін жандар үшін кез келген кедергі қарсы тұра алмас қайғымен тең. Ал тіршіліктің мәнін терең түсінгендер үшін ауа жұтып, аман-есен жер басып жүргеніне жететін нығмет жоқ.

Біздің кейіпкеріміз Бір­жан да сынаққа сынбай, қиындық­қа қиылып кетпейтін қайрат­ты жан. Оның қайраты аяғынан ай­рылса да аянбай еңбек етіп, айналасындағы мүмкіндігі шек­теулі жандарға да жұмыс та­уып беріп, оларды табандылық­қа тәрбиелеп, намысына қам­шы басуында деуге болады. Бір­жан бүгінгі таңда «Ғибадат» ЖШС директоры, «Демеу» мү­гедектерді қолдау қоғамының төрағасы.

«Бұрынғы жұмысым жол сақ­шысы еді. Сол қызметте жүр­­генде аязда аяғымды үсі­тіп алдым. Ол кезде жасым отыз­дан енді асқан болатын. Дәр­і­­гер­лер аяғымды кесіп, ауру­хана­­дан қол арбамен бір-ақ шық­тым. Алғашқы жылдары ауыр болғанын жасырмаймын. Көп­теген досым менен теріс айналып кетті. Сол кезде өзімді дәлел­дегім келді», дейді Біржан.

бесік

Иә, басыңа іс түскенде бас сауғалап қашатын жандар аз емес. Осындай пендешілік пейілдегі адамдардың қарым-қатынасы Біржанның намысына қамшы болып, қайратын оятып жеке кәсіп ашуына жетелеген екен. Ол бүгінгі таңда қазақы оюлармен безендіріл­ген сандық, бесік және түрлі жиһаздар жасаумен айналысады. Айналысып қана қоймай өзге жандарды да тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

«Қазір мен өзімді дәлелдеп қана қоймай, он екі мүшесі сау адамға да, мүмкіндігі шектеулі жан­дарға да жұмыс тауып беріп, олардың нәпақа табуына өз үлесімді қосудамын. Осы дәре­жеге жеткізген намыс пен қайрат деп ойлаймын. Жалпы менде мұндай кәсіп ашамын деген ой болған жоқ. Негізгі жоспарым сал ауруымен ауыратын балаларға қимыл-қозғалыс аппаратын жасау еді. Сол арқылы қоғамға бір пайдам тигенін және сол құрылғыны алған бала­лар да басқалар сияқты жүріп кетсе екен деген арманым болды. Шы­нымен де қарап отыр­сақ, сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы еліміздің ірі қалаларында ғана бар екен. Осындай орталықтар кішігірім қалаларда да болса деп ойлайсың. Біздің мақ­сатымыз мемлекеттің бір жағы­на шығысып, қолы­мыз­дан келгенше пайдамызды тигізу», дейді Біржан Қожақов.

Сөзімізге дәлел болсын, ол еліміз бойынша сал (ДЦП) ауруы­мен ауырып, төсек тартып жатқан сырқат балаларға арнап вертикализаторды тегін жасап берген. Сауапты іске ұмтылған азаматтың алған бағыты айрық­ша. Мақсаты – табыс тауып қана қоймай, айналасындағы жан­дар­ға жан-жылуын төгу. Сегіз жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған оның жеке кәсібін жетіл­діріп, жүйелі жүргізіп әкетуі – қажырлы қайраты мен өз-өзіне деген сенімінің нәтижесі болса керек. «Ғибадат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған бүгінгі кейіпкеріміз сау адамға да, сал адамға да үлгі.

««Ғибадат» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі кеңсеге ар­налған корпусты жиһаз түрлерін, үйге арналған жиһаздар, оқу орындары мен мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріне ар­налған жиһаздарды, соны­мен қатар бұйымдардың жүз­ден астам түрін дайындай­ды. Оның ішінде ұлттық на­қыш­­тағы жер үстелі, сандық, бесік секілді жиһаздар да кіреді. Шы­ға­рылатын өнімнің түрлері әр­дайым нарықтың жаңа беталысына сәйкес жаңа бұйымдармен толықтырылып отырады. Жиһаз­дардың көп­түрлілігі мен алуан түстілігі талғампаз тапсырыс беру­шілердің көңілінен шығуда. Әрбір тапсырыс берушінің бабын табудың нәтижесінде ерекше әрленген бағасы мен сапасы қолайлы жиһаздар дайын­дап отырады. Барша өнім шетел­дік жабдықтардың көмегі­мен жасалады. Жиһаздың сапа­лы болуы білікті мамандар және қызметкерлер еңбегі­мен өн­дірісті басқару жүйесі­нің жо­ғары дәрежедегі ұйымдас­ты­рылуына байланысты. Жиһаз­дар Қазақстанның кез келген бөлігіне EMS kazpost пошта қыз­меті арқылы жөнелтіледі. Кәсіпорын мемлекеттік сатып алу порталының тапсырыстарына белсене араласып, адал жабдықтаушы ретінде таны­лып отыр. «Ғибадат» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі­нің ұстанымы сапалы, жа­й­лы жиһазды төмен және бәсе­келі бағалармен ұсы­на отырып, қарапайым адам­дар­дың күн­делікті өмірін жақ­сарту. Сон­дықтан «Ғибадат» жауап­кер­шілігі шектеу­лі серік­тестігі өз тұтынушы­ларының сенімі мен құрметін бағалайды және өзара тиімді ынтымақтастықта жұмыс істеуге әрқашан дайын», дейді кейіпкеріміз.

Еске сала кетсек, 2017 жылы Біржан Қожақов «Мүгедек  жан­дарға көрсеткен  қамқор­лығы  үшін» аталымы бойын­ша «Алтын  жүрек» ұлттық қоғам­дық сыйлығының иегері атанып, биыл Елбасының Алғыс хатымен марапатталды. Әрине машақаттың марапатын көр­ген­ге ештеңе жетпейді. Қолынан келетін көмекті аямайтын абзал азаматтың ізгілікке толы ісі кімді болсын сүйсіндірмей қоймасы анық.