Жобалық құны 55 млн еуро болатын күн электр стансасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров Елбасының Қазақстандағы балама энергия көздерінің үлесін 30%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау ісінде ауыз толтырып айтар нәтижелердің барлығын атап өтті.
– Біз облыста үшінші ірі күн электр стансасын іске қосқалы тұрмыз. Бұл жоба өңіріміздің өнеркәсібін дамыту үшін өте маңызды. Күн энергиясын дамыта отырып, біз қуат тапшылығын еңсеріп қана қоймай, экологиялық мәселелерді де шешуге мүмкіндік аламыз, – деді ол.
Жаңадан іске асырылған жобаның бас инвесторы Йохим Голдбек «Ақадыр» КЭС-тің өнімділігі сағатына 25 МВт энергияны құрайтынын, алдағы уақытта оның қуаттылығын 76 МВт-қа дейін арттыру жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлім етті.
– Бұл біздің Қарағанды облысында іске қосып отырған екінші күн электр стансасы. Аталған жобалар неміс инвесторлары мен облыс әкімдігінің және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның бірлескен жұмысы арқылы мүмкін болды, – деді бас инвестор.
Биылғы жылдың басында Қарағанды облысының әкімдігі еуропалық инвесторлармен баламалы энергетиканы дамыту жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда, бұл келісімдер сөзден іске айналып, белгілі бір дәрежеде жемісті нәтиже бере бастады. Мұның өзі алдағы уақытта күннен алынатын энергияның қуатын 500 МВт-қа жеткізуге және шетелден 500 млн еуро көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Негізі, Қарағанды облысын жаңартылған энергия көздерін енгізу бойынша елімізде көшбасшы өңірге айналды деп сеніммен айтуға болады. Бұған дейін облыстың Саран қаласы мен Гүлшат кентінде екі күн электр стансасы салынып, қазіргі уақытта олар қалыпты жұмыс істеп тұр. Енді бұл екеуіне «Ақадыр» КЭС-ті қосқанда, өңір бойынша өндірілетін «жасыл» энергияның жалпы қуаты 200 МВт шамасында болады деген болжам бар.
Қарағанды облысы